Алтын діңгек – өзім туған босағам!

1 229

Адам ғұмырының аяулы да ардақты, айбынды һәм асқақ алтын бесігі – туған жер. Арман мен мақсаттардың тұңғыш табалдырығы, өмір мен болашақтың алғашқы баспалдағы да кіндік кескен киелі топырақ. «Ананың жасы, бабаның қаны сіңген бұл даланың» түйір тасы мен әр уыс топырағы өскелең ұрпаққа — асыл аманат. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ерекше басымдық берілген «Туған жер» бағдарламасы Ұлы Дала елінің алдындағы ұлт ұрпағының перзенттік парызын қайта жаңғыртқандай.

Осыдан екі жарым ғасыр бұрын ғұмыр кешкен Шал ақын Құлекеұлының:
Адамға талай жерді көрген артық,
Танысып әркімдерді білген артық.
Мысырға патша болып тұрсаң дағы,
Болмайды туып-өскен жерден артық, – деген ой-толғанысы әлі де өз маңызын жойған жоқ.

Елбасы терең толғанысқа толы мақаласында: «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу — шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі» деп ашық айтты.
Расында, дана далада Мәңгілік ел болуды мақсат тұтқан мемлекетіміздің әр жеңісі мен жемісі «Туған жер» ұғымымен тығыз астасып жатыр. Осы орайда, Жамбыл жерінен қияға қанат қақса да, қанша жырақта жүрсе де, алтын бесік-ауылын ұмытпай, қолынан келгенше қолдау көрсетіп жүрген азаматтар аз емес. Үлкен жүректі жандар ел ішінде де жетерлік. Міне, туған жердің тұғырының биік болғанын қалайтын сондай азаматтың бірі «Кирпичник» ЖШС-нің директоры Сембек Сейдәзімов десек, артық айтқандық емес. «Өзгеге деген – өседі, өзіме деген – өшеді» деп Баласағұн бабамыз айтқандай, Сембек Әбетайұлы да өскен өңірінің өркен жаюы жолында аянып қалған емес. Оның Жамбыл ауданының Ақбұлым ауылындағы орта мектептің, мешіт пен балабақша құрылыстарына, Қызылқайнар, Қызылдихан ауылдарындағы мешіттер мен қызылдихандық Гүлсара Ибраимоваға баспана соғуға қол ұшын созып, қажетті кірпішпен қамтамасыз еткенін жұрт жақсы біледі. Талас ауданындағы Қызыләуіт ауылының тұрғыны Ержан Тауасаров пен Тараз қаласының тұрғыны Рузванай Сансызоваға баспана салып бергені өз алдына бір бөлек әңгіме. Гродеково ауылдық округіне қарасты Қызылдихан ауылына көпір салғаны, «Тараз-Қырғызстан» бағытындағы автожолға 120 «КамАЗ» құм төсетіп, тегістеуге ықпал еткені және бар. Атымтай жомарт әр тоқсан сайын үздік оқитын оқушыларға өз қалтасынан стипендия тағайындап, орта мектепті «Алтын белгімен» бітірген оқушыларға 40 мың теңгеден жыл сайын сыйақы беріп келеді. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында ата-анасынан ерте айырылып, тағдыр тауқыметін тартып келе жатқан жеткіншек Екатерина Шуригинаны өз қамқорлығына алғанын қалай атап өтпеске?! Әрине, жомарт жанның қамқорлығы мен қайырымдылығын тізбектеп шығу әсте мүмкін емес. Әйтпесе, оның Ұлы Отан соғысының қатысушыларына көрсеткен құрметі, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ең бастысы, «елім» деген ердің еселі еңбегі өзгелерге үлгі болса екен дейсің.

Мұндай мысалдарды аз болса да әр ауданнан кездестіруге болады. Мысалы, жуырда Меркі ауданында 100 бүлдіршінге арналған «Күншуақ» балабақшасы пайдалануға берілді. Нысанның ашылу рәсімінде аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков бастаған жергілікті халық 60 миллион теңге жеке қаржысын жұмсап, осындай заманауи тәрбие мен білім ошағын салған Мірәлиевтердің ісіне оң бағасын беріп, ағынан жарылып алғысын айтты. Айта кететін жайт, әулет басы Балтабай Мірәлиев Ұлы Отан соғысына қатысып, Отан үшін от кешкен майдангер. Міне, осы асыл азаматтың тәрбиесін көріп, тәлімін алған тұңғыш ұлы Бақыт Балтабайұлы бүгінде жеке кәсіпкерлікпен айналысып, туған өлкесінің тұғырын биіктетуге аянбай атсалысуда. Кәсіпкердің аяулы жары Раушан Махатова аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің амбулаторлық-емханалық қызметі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып, халықтың алғысына бөленуде. Жергілікті 30 адамның тұрақты жұмыспен қамтылуына ықпал еткен Бақыт Балтабайұлы бала тәрбиесі мен танымын кеңейтуге қажетті заманауи керек-жарақтармен толық жабдықталған сәулетті балабақшаны алдағы уақытта тағы да кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға қосымша тағы 20-30 миллион теңге қаражат жұмсалмақ.

Туған жерін түлетуге тамшыдай үлес қосуды перзенттік парызы санаған азаматтар легі Байзақ ауданында да баршылық. Ауданның тумасы, есімі исі қазаққа белгілі Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров өз өлкесіне спорт кешенін, фитнес клубы мен балабақша салып бергені белгілі. Сонымен қатар, 48 отбасына қолжетімді пәтер салғызып, спорт кешенінде 200-ден астам балаға тегін жаттығуға мүмкіндік сыйлаған. Алдағы уақытта Сарыкемер ауылынан тағы да құны 150 миллион теңгелік спорт кешенін салуды жоспарлап отыр.
Аудандық мәслихаттың депутаты Алтынбек Жәмішжанов «Еңлік» балабақшасына қосымша 100 миллион теңгеге 120 орындық балабақшаны салып берсе, жеке кәсіпкер Гүлмира Оразымбетованың ұйытқы болуымен Қызыл жұлдыз ауылынан 4 миллион теңгеге 75 орындық «Мединай» балабақшасы пайдалануға берілді. Ауданда «Туған жер» жобасы шеңберінде өңірден шыққан белгілі тұлғалар, ілкімді кәсіпкерлер, аудан азаматтарымен «Ауылым — алтын бесігім» атты форум ұйымдастырылып, форум нәтижесінде 541 миллион теңгенің жобаларын іске асыру жоспарлануда. Мәселен, 2018 жылы жеке кәсіпкер Ләззат Жабатаева Сарыкемер ауылынан сауықтыру орталығын ашуды, ал Бауыржан Төлепбергенов осы елді мекеннен бассейн салуды қолға алып отыр. Бағдарлама аясында биылғы жылдың соңында Сарыкемер ауылында жеке кәсіпкердің демеушілігімен жоба құны 25 миллион теңгені құрайтын 125 орынға арналған жекеменшік балабақша ашу жоспарланған. Сондай-ақ, аудан кәсіпкерлері құны 245 миллион теңге тұратын абаттандыру жобаларына қолдау танытуға келісімдерін беріп отыр. Ал, ауданға қарасты Бурыл ауылының кәсіпкерлері спортты жанына серік еткен жастарға арнап заманауи футбол алаңшасын салуда.

– Өзіміз осы ауылдың тумасы болғандықтан, ауылға не қажет екенін бала кезден білеміз. Кішкентай кезімізден ауылда бір футбол ойнайтын жер болса деп армандап өстік. Кейін шаруашылықпен айналысып, бала кездегі арманды өзіміз орындауға ниет қылдық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Туған жер» бағдарламасы осы ойымызды жүзеге асыруға түрткі болды. Ауыл әкімі футбол алаңшасына ыңғайлы жерді пайдаға жаратуға берді. Қазір алаңшаның айналасын қоршап, негізгі жұмыстарды аяқтадық. Бұл іске жалғыз мен ғана емес, ауылдас, әріптес кәсіпкер жігіттер де атсалысуда. Жобаның жалпы құны 5 миллионға жуық. Ауа райы қолайлы болса істі жыл аяғына дейін аяқтаймыз, – дейді «Айсұлу» шаруа қожалығының басшысы Таласбек Шертаев.
Туған жердің тасын өрге домалатуға үлес қосып отырған аймақтың осындай жомарт азаматтарының жүрегінде жанашырлық пен сүйіспеншілік сезімі, ел мен жерге адал қызмет жасау ұстанымы биік тұрғаны анық. Себебі, өсіп-өнген өлкеге көмек қолын созу әрбір адамның перзенттік парызы. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған Жуалы жерінде де бұл игі жұмыстар дәстүрлі түрде жалғасын табуда. Туған жер түлектері Халық қаhарманы, генерал-лейтенант, Парламент мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев №18 М.Ғабдуллин атындағы орта мектептің спорт залын қажетті дене шынықтыру құралдарымен қамтамасыз етті. Ал, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, Алматы қаласындағы №159 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясының директоры Аягүл Миразова №3 Қ.Қошманбетов атындағы орта мектептің математика кабинетін жабдықтаса, бұған дейін туған ауылына жол, мешіт салып берген Алматы қаласының прокуроры Ғабит Миразов аталған мектепке субұрқақ орнатуға, мектептің жанын қоршау жұмыстарына, ауылына заманауи футбол және волейбол алаңшаларын салуға атсалысты.
Ал Парламент Сенатының депутаты Бектас Бекназаров Абай және С. Мұқанов атындағы мектептерге интерактивті тақта алып берді. Сондай-ақ, демеушілік есебінен аудандағы Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған 9 ескерткіш жаңадан бой көтеріп, халық игілігіне беріліп отыр.
Туып-өскен елді мекендердің әлеуетінің артуына септігін тигізіп жүрген жанның бірі — Шу ауданының Құрметті азаматы Болат Сауранбаев. Қазіргі уақытта Алматы қаласында тұратын Болат Оспанұлы қай қызметтің тізгінін ұстаса да, аяулы алтын бесігі – Белбасар ауылынан қол үзген емес. Ауылдың әлеуметтік өркендеуіне де өз үлесін қосып жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылда еңселі мешіт соғып, жастарды имандылыққа шақырса, кейін жаңа спорттық алаңшаны өскелең ұрпақтың игілігіне тапсырып, саламатты өмір салтын іспен насихаттады. Енді, алдағы уақытта жалпы ауыл тұрғындарына арналған стадион салуды көздеп отыр. Бүгінгі таңда оған жер сатып алынып, құжаттары ресімделу үстінде.
– Жаңадан пайдалануға берілген ауылдағы спорттық алаңшада қазір аудандық шараларды өткіземіз. Ауыл жастары үшін мұндай алаңша ауадай қажет. Қазір 3 327 халық тұратын, 610 түтіні бар ауылдың кез-келген баласынан сұрасаң «Болат аға салып берген алаңша» деп мақтанышпен айтады. Ал, ауыл қариялары көрген жерде қол жайып, батасын беріп жүр. Бұдан бөлек, Болат Оспанұлы Белбасар ауылынан зәулім спорт кешенін салуды жоспарлауда. Жобалық құжаттары да әзірленіп қойды. Осындай туған жерге туын тіккен азаматтар көп болса, қай ауыл болса да гүлденіп, түрленіп шыға келеді ғой. Ондай азаматтардың ісі кімге де болса үлгі, өнеге, – дейді Ескі-Шу ауылдық округінің әкімі Жапарқұл Тәжиев.

Белгілі ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА құрметті мүшесі, Халықаралық инженерлік Академия және Халықаралық жоғары мектеп ғылым Академиясының академигі, Алматы технологиялық университетінің ректоры, сарысулық Құралбек Құлажанов бұрынырақта Тоғызкент ауылына Сәдібай ата атындағы мешіт салып берсе, 2014 жылы өз қаражатынан 100 орындық «Жанна» балабақшасын пайдалануға берген болатын. Қазіргі таңда ауыл бүлдіршіндері аталған тәрбие ошағында тағылымға сусындауда.
Туған жерінен жырақтамаған қалталы азаматтардың қатарына тек іскерлігімен ғана емес, адамгершілігімен, қайырымды мінезімен елге танылған, өзі туып-өскен Қордай ауданына қарасты Қаракемер ауылына 110 орындық балабақша мен үлкен мешіт, мәдениет үйі мен спорт кешенін салып, аурухананың жөндеу жұмыстарына айтарлықтай атсалысқан Қайрат Молдасейітовті де қосуға болады. Жалпы, қордайлық кәсіпкерлер мен демеушілер алдағы жылы 500 миллион теңгеге жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысын жоспарлауда.

Сонымен қатар, Т.Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшілері Сайрамбай мен Мейрамбай Дөненбаевтардың ауылға жасап жатқан жақсылықтары жетерлік. Ал Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіров өз қаражатына Тараз қаласына жаңа спорт алаңшасын салып беруді қолға алса, Тараз қалалық мәслихатының депутаттары жалпы құны 40 миллион теңгеге аула алаңшаларын соғып берейін деп отыр. Сол сияқты «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры Қуат Баққараев жағдайы төмен отбасыға екі бөлмелі пәтер сыйға тартпақ. Жалпы, бұл азаматтардың қай-қайсысы да елін, жерін жан-тәнімен құлай сүйетін шынайы патриоттар.

Жамбыл жерінде тәуелсіздік алған ширек ғасыр аралығында һәм күні бүгінге дейін туған ауылына қарайласып келе жатқан азаматтар аз емес. Біз тек солардың бірнешеуіне ғана тоқталдық. Жүрегі кең, дархан пейіл, жомарт жандарды ел-жұрты ешқашан да ұмытпайды.
Сөзімізді ақын Қасым Аманжоловтың «Туған жер» атты өлеңіндегі:
Мен де өзіңдей байтақ едім, кең едім,
Қызығыңды көріп еркін келемін.
Сен де аямай бердің маған барыңды,
Мен де аямай барым саған беремін! – деген жауһар жыр жолдарымен қорытындылағанды жөн көрдік.

Нұржан Қадірәлі

ar-ay.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.