« Адам және экология біртұтас дүние!»

1 032

«Экология» ұғымы адамзатқа бұрыннан таныс, себебі адамдар дүние есігін ашқаннан қартайып қалжырағанға дейін табиғатпен үйлесімділікте болады. Бұл табиғаттың заңдылығы. Алайда соңғы жылдары табиғат пен адамдар арасындағы  үйлесімділік бұзылуда. Оның басты себебі, адамдар табиғаттың бар байлығын өз мүдделеріне жұмсап, оның орнын толтыруға асығар емес. Қала берсе табиғатты ластап, ауадағы бар пайдалы компоненттерді жойып жатыр. Күннен күнге зауыттар мен өнеркәсіп орындары көбейген сайын экологияға айтарлықтай нұқсан келіп жатқанын адамзат баласы өзі де байқамайды. Қазіргі уақытта табиғат токсиндерден тұншығып жатыр. Көптеген жануарлардың жойылып кету қаупі бар, ал ормандар аяусыз кесілуде. Планетамызға экологиялық апат қаупі жақындап келеді. Егер табиғат құрдымға кетсе, адамдар да ары қарай өмір сүре алмайтынын дер кезінде түсінсе игі болар еді. Себебі, адам және экология біртұтас дүние. Адам табиғаттың баласы іспеттес, табиғатқа қанша залал келтірсе де табиғат адамдарға әлі күнге өз жылуын сыйлап келеді.

Адамның қоршаған ортаға кері әсері, залалы көптеген жағымсыз салдарға, атап айтқанда экологиялық апаттарға әкелді. Қазіргі қоғамның назарын экологиялық проблемаларға аудару қажет, сондықтан әлемдік экологияға байланысты ең өзекті ғылыми фактілерді айтып өтсем: неліктен бөлмені желдетіп тұру қажет? Көптеген адамдар уақытының көп бөлігін жабық жерлерде өткізеді, тіпті үй ішіндегі ауа сыртқы ауадан 25 есе лас екенін білмейді; күн сайын екі миллион тонна қалдықтар табиғи су объектілерінде кездеседі, жыл сайын 260 миллион тонна пластмасса бұйымдары мұхиттарға тасталады. Барлық осы пластикалық қоқыстар мұхиттарға өзендер, бұлақтар мен теңіз толқындары арқылы құрлықтан шығарылады.

Табиғат – біздің асыраушымыз, олсыз адамзат өмір сүре алмас еді. Табиғат пен адам арасында ажырамас байланыс бар. Ол біздің үйіміз және адамдарға қажет заттардың барлығын береді. Сондықтан, оның маңыздылығын ұмытпай, тепе-теңдікті бұзбай өмір сүруіміз керек. Адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті жоғалтып алмай, табиғатқа барынша жылуымызды беруге әлі де кеш емес. Алайда бірер жылдан соң барлығы кеш болуы мүмкін. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, кеш болмай тұрғанда табиғатты қалпына келтіруге бар күшімізді салайық. Уа, адамзат, таиғатты аялайық!

Алтын Баймаханова,

Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыру секторының жастар ісі жөніндегі инспекторы

Leave A Reply

Your email address will not be published.