⚜️Су ресурстары және ирригация министрі халықаралық және қазақстандық сарапшылармен елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін талқылады

23
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су ресурстарын басқару саласындағы халықаралық және қазақстандық сарапшылармен кездесті. Жиынға халықаралық Water Holistic бағдарламасының негізін қалаушы, «Жаңа су парадигмасы» тұжырымдамасының авторы әрі қоршаған ортаны қорғау саласындағы беделді Голдман сыйлығының лауреаты доктор Михал Кравчик, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, география ғылымдарының докторы Марат Ишанқұлов, Орталық Азияның су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі жөніндегі сараптамалық платформасының үйлестірушісі доктор Булат Есекин және EcoMind экожүйелік шешімдер орталығының директоры доктор Арман Өтепов қатысты.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Орталық Азияның су және климаттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған практикалық ұсыныстарды іске асыру мәселелерін талқылады. Бұл ұсыныстар Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымдастырған семинар қорытындысы бойынша әзірленген.
Ұсыныстардың қатарында Қазақстандағы шағын су айналымдарын жүйелі түрде қалпына келтіруге бағытталған «Жаңа су парадигмасы» тұжырымдамасын практикалық тұрғыда жүзеге асыру үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі жанынан арнайы жұмыс тобын құру көзделген. Бұдан бөлек, Каспий және Арал теңіздері бассейндерінде, сондай-ақ Балқаш-Алакөл бассейнінде топырақтағы ылғалды сақтау және жауын-шашын суларын ұстап қалу бойынша пилоттық жобаларды әзірлеу шаралары ұсынылды.

«Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында ғылыми қауымдастықпен өзара іс-қимыл жасау біз үшін өте маңызды. Біз әрдайым ынтымақтастыққа ашықпыз және Орталық Азияның су ресурстарын сақтауға, сондай-ақ климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған отандық және халықаралық сарапшылар ұсынған бастамаларды мұқият зерделейміз,

 деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.