Сенім мен серіктестік

58

Қазіргі қоғам өзгерістер кезеңін бастан кешіріп отыр. Көп жыл бойы қалыптасқан «мемлекет бәрін шешеді» деген патерналистік психологияның орнын біртіндеп жауапкершілік, серіктестік және ортақ болашақты бірге құру идеясы басып келеді. Бұл  жай ғана саяси үрдіс емес, еліміздің әлеуметтік санасындағы тектоникалық қозғалыстың көрінісі десек, қателеспейміз.

Бүгінде еліміздің әрбір азаматы тек тұтынушы емес, шешім қабылдау үдерісіне ықпал ететін, айна­ласындағы әлемді жақсартуға ұмтылатын белсенді тұлға. Осы ретте «азаматтық қоғам» деген ұғымның ас­тарында не жатыр деген заңды сұрақ туындайды. Күр­делі ғылыми терминдерсіз, қарапайым тілмен айт­сақ, ол – адамдардың ортақ мақсатқа жету, көр­шісіне көмектесу, ауласын абаттандыру, әлсіздерді қор­ғау немесе маңызды заңдардың қабылдануына ық­пал ету үшін өз еркімен бірігу қабілеті. Бұл мем­ле­кеттік аппараттан тыс, бірақ қоғамның тыныс-тір­шілігін реттейтін, оның жүйке жүйесі іспетті бей­ресми күш ретінде сипатталады.
Азаматтық қоғамның басты құндылығы оның ерік­тілігінде және жауапкершілігінде екенін тү­сінуі­міз керек. Азамат өзін тек мемлекеттік игіліктерді қа­был­дап алушы ретінде емес, өз өңірінің, өз қа­ла­сы­ның және өз ауылының тағдырын айқындайтын шы­найы қожайыны ретінде сезінген сәтте ғана елі­мізде үлкен бетбұрыс жасалады. Мұндай қоғамда мем­лекет пен азамат арасындағы қатынас әмірші мен бағынушы емес, өзара құрмет пен жауап­кер­шілікке негізделген әріптестік форматына көшеді.

Кейінгі жылдары Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеу­меттік реформалар осы күшке мүлдем жаңа дем берді. «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасы мен Азаматтық қо­ғамды дамыту тұжырымдамасы жай ғана декларативті құжат емес, билік пен бұқара арасындағы диалогтың жаңа заңдылықтарын айқындаған қозғаушы күшке айналды. Жаңа заңнамалық өзгерістер, соның ішінде қоғам­дық бақылау туралы заң биліктің ашықты­ғын қамтамасыз етуге және шешімдер қа­был­­дау үдерісіне қарапайым азаматтардың ара­ласуына құқықтық негіз қалады.
Қоғамдық бақылаудың заңды деңгейде бекітілуі – азаматтардың қолына мем­ле­кет­тік органдардың қызметін бақылауға мүм­кін­дік беретін ресми құрал ұстатты. Ендігі ке­зекте қарапайым тұрғындар өздері тұра­тын аймақтың бюджеттік шығындарын қа­дағалап, мемлекеттік жобалардың орын­далу сапасына тікелей баға бере алатын дең­гейге жетті. Осы өзгерістердің барлығы ел­дің ішкі саяси тұрақтылығы мен де­мо­кра­тиялық бағытын айқындауда маңызды рөл атқарып отыр.
Елімізде азаматтық қоғам біртекті құ­рылым емес екенін баса айтуымыз ке­рек. Ол алуан түрлі бастамалар мен инс­ти­туттардан тұрады және олардың әрқай­сысы өзіндік рөл атқарады. Үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық қорлар мемлекеттің қолы жете бермейтін немесе назарынан тыс қалған нәзік әлеуметтік мәселелерді ше­шу­мен айналысады. Ерекше қажеттіліктері бар ба­лаларды оңалту, әйелдерді тұрмыстық зор­­лық-зомбылықтан қорғау, экологиялық бас­тамалар – осының бәрі негізінен үшінші сек­тордың иығында тұр. Сонымен қатар кейін­гі бес жылда Қазақстанда нағыз сер­піліс жасаған еріктілер қозғалысын ерекше атап өту керек. Төтенше жағдайлар кезінде, су тасқыны немесе өрт сөндіру жұмыстарын­да мыңдаған жастардың бір түнде жұмылып, зардап шеккендерге көмек ұйымдастыруы ел ішіндегі ынтымақтың жоғары деңгейін көр­сетті. Бұл – ешқандай нұсқаусыз, жүрек қа­лауымен жасалатын шынайы патрио­тизм­нің үлгісі. Еріктілер қозғалысы тек төтенше жағдайларда ғана емес, күнделікті өмірде де үлкен қозғаушы күш болып отыр. Мүгедектігі бар жандарға көмектесу, қарттар үйлеріне қол­дау көрсету, экологиялық акциялар өт­кізу сияқты күнделікті маңызды іс-ша­ра­лардың басы-қасында осы еріктілер жүр.
Мемлекеттік органдардың жанынан құрыл­ған қоғамдық кеңестер де бюджеттің жұмсалуын, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылайтын маңызды мінберге айналды. Олар министрлер мен әкімдердің шешімдерін сынға алып, түзету енгізе ала­тын ықпалды күшке айналып келеді. Ал бұ­рын қоғамдық пікірді тек дәстүрлі бұ­қаралық ақпарат құралдары қалыптастырса, қазір әлеуметтік желілердегі блогерлер мен азаматтық белсенділер кез келген өзекті мәселені күн тәртібіне шығара алады.
Әлеуметтік желі – әділетсіздік пен заң­сыз­дыққа қарсы тұрудың жылдам әрі пәр­менді құралына айналды. Бұл құры­лым­дар­дың жұмысы тек қағазда емес, нақты өмірде нә­тиже беріп отыр. Мысалы, еліміздегі көп­­теген өңірде аутизммен ауыратын ба­ла­ларды қолдау орталықтары мен инклюзивті мектептер дәл осы үкіметтік емес сектордың және белсенді ата-аналар қауымдастығының табандылығы арқасында ашылды. Бұған қо­са, заңнамалық деңгейде ресми бекітілген петициялар институты да азаматтардың өз дауысын естіртудің жаңа деңгейіне айналды. Осы тетік арқылы халықты толғандырған өзекті мәселелер Үкіметтің тікелей қарауына ұсынылып, шешімін тауып жатыр.
Азаматтық сектордың тұрақты жұмыс істеуі үшін ресурстар қажет екені даусыз. Бұл ретте мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс – үкі­меттік емес ұйымдардың қызметін ын­таландыратын және олардың әлеуетін арт­тыратын маңызды қаржылық құрал. Мем­лекет әлеуметтік маңызы бар міндеттерді ше­шуді үшінші секторға сеніп тапсырады, өйткені бұл ұйымдар халықтың мұқтаж то­бы­мен тікелей жұмыс істейтіндіктен, мә­се­ленің мән-жайын жақсырақ біледі. Бір жа­ғы­нан, әлеуметтік тапсырыс аясында жүз­деген жоба жүзеге асырылып, мыңдаған адам жұмыспен қамтылып отыр. Мүгедектігі бар жандарды кәсіптік оқыту, ауылдық жерлер­дегі құқықтық кеңес беру қызметтері, жастар арасындағы салауатты өмір салтын наси­хат­тау сияқты маңызды бағыттар осы мемле­кет­тік қолдау арқылы жүзеге асады. Мем­ле­кет пен үшінші сектор арасындағы мұндай серіктестік бюджет қаражатын тиімді әрі мақ­­сатты жұмсауға мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ бұл серіктестік мемлекеттік ап­па­рат­тың жүктемесін азайтып, қоғамдағы әлеу­меттік қызметтердің сапасын баламалы дең­гейде арттыруға жол ашады.
Алайда бұл жүйенің өз артықшылық­тары­мен қатар шикі тұстары да жоқ емес. Екін­ші жағынан, бұл жүйеде «мемлекеттік тап­сырысқа тәуелділік» синдромы бай­қа­ла­ды. Көптеген ұйым мемлекеттен қаржы ал­маса, өз бетінше өмір сүре алмайтын күйге жет­ті. Бұл олардың тәуелсіздігіне, сыни көз­қарасына нұқсан келтіреді. Оның үстіне, тен­дерлік жүйенің бюрократиясы мен ең төменгі баға қағидаты жобалардың сапасына кері әсерін тигізіп жатады.
Әлеуметтік мәселені шешу – бұл құры­лыс материалдарын сатып алу емес, мұнда сапа мен ұзақмерзімді нәтиже бірінші орын­да тұруға тиіс. Сондықтан қазір мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыстың форматын транс­фор­мациялау, жобаларды қаржыландырудың мер­зімін ұзарту және нәтижені бағалаудың жаңа индикаторларын енгізу мәселесі өткір тұр. Көптеген үкіметтік емес ұйым өз уақы­ты­ның негізгі бөлігін нақты әлеуметтік мә­се­лелерді шешуге емес, әкімдіктерге өт­кі­зі­летін есептерді дайындауға және қаржылық құжаттарды рәсімдеуге жұмсауға мәжбүр болады. Бұл жүйедегі кедергілерді жой­майын­ша, мемлекеттік әлеуметтік тапсы­рыс­тың шынайы тиімділігін арттыру қиынға соғады.
Азаматтық қоғам қарқынды дамып келе­ді десек те, оның жолындағы жүйелі кедер­гі­лер мен проблемаларды ашық айтуымыз ке­рек. Қағаз жүзіндегі есептер мен мысал­дар­дың артында шешімін таппаған бірқатар түйт­кілдер жасырынып жатыр. Ең алдымен, елі­міздің белгілі бір бөлігі әлі де болса өзге­ріс­терге сенбейді, «менің дауысым ештеңе шеш­пейді» деген енжарлық үстемдік құрып тұр. Азаматтық жауапкершілік мәдениеті то­лық қалыптасып үлгерген жоқ. Көп жағ­дай­да белсенділік cілтеме жасаумен немесе әлеуметтік желідегі наразылықпен шектеледі де, нақты іске көшкенде адамдар сырт қа­лады. Әлеуметтік желілердегі сын-пікірлер мен эмоциялар нақты қоғамдық жобаларға айналмай, тек виртуалды кеңістікте қалып қояды. Бұл – қоғамның дамуын тежейтін, аза­маттық белсенділіктің ішкі әлеуетін то­лық ашуға мүмкіндік бермейтін басты фак­торлардың бірі. Осы тұста мемлекет пен үшін­­ші сектордың арасындағы байланысты одан әрі нығайту үшін азаматтық белсен­ділік­тің маңызы зор.
Оған қоса өңірлік теңсіздік мәселесі бар. Ірі қалалар мен облыс орталықтарында аза­маттық сектор белсенді, ресурстар мен бі­лім­ді мамандар көп шоғырланған. Ал аудан­дық маңызы бар қалалар мен шалғай ауыл­дарда бұл жұмыс әлсіз немесе мүлдем жоқ­тың қасы. Ауылдық жердегі халық өз мәселелерімен оңаша қалып отыр, олар­дың құқықтық сауаттылығы мен ақ­па­ратқа қолжетімділігі төмен. Осыған байла­ныс­ты шалғай аудандардағы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін көтеру үшін жүйелі мем­лекеттік қолдау мен білім беру бағдар­ла­малары жетіспейді. Көптеген өңірдегі бел­сенділер тек өз күштерімен ғана әрекет ету­ге мәжбүр, бұл олардың бастамаларының ау­қымын шектейді. Үкіметтік емес сек­тордың баламалы қаржы көздері де өте аз. Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлік пен қайы­рым­дылық мәдениеті енді ғана дамып ке­леді. Ірі бизнес өкілдері қоғамдық маңызы бар жобаларды жүйелі түрде қолдаудан гөрі, бір реттік акциялармен шектелуді жөн көре­ді. Салықтық жеңілдіктердің аздығы да биз­нестің үшінші сектормен серіктестік ор­натуына кедергі болып отыр. Бизнестің әлеуе­тін тиімді пайдалану мақсатында тиісті заң­намалық ынталандыру тетіктерін әлі де бол­са жетілдіре түсу қажеттілігі байқалады.
Шынайы қоғамдық бақы­лаудың жетіс­пеу­шілігі де өзек­ті мәселе күйінде қалып тұр. Қоғамдық кеңестер мен мо­ниторингтік топ­тар кейде жергілікті әкімдіктердің ық­палынан шыға алмай, фор­мальды құры­лым­дарға айналып кетеді. Ше­неу­нік­тер сыни пі­кір айтатын тәуел­сіз белсенділерді емес, өз­деріне ыңғайлы ұйымдарды серіктес ре­тінде таңдауға бейім. Бұл жағдай қоғамдық кеңес­тердің халық алдындағы беделін түсі­ріп, билік пен қоғам арасындағы шынайы се­німді әлсіретеді. Жастар арасында волон­тер­лік белсенділік жоғары болғанымен, олар­дың саяси және мемлекеттік басқару ше­шімдерін қабылдау үдерістеріне қатысу деңгейі әлі де төмен. Көбінесе жастар сая­саты спорттық немесе мәдени іс-шаралар ұйым­дастырумен шектеліп, жас буынның шы­найы әлеуметтік-экономикалық мәсе­лелерін шешуге бағытталмайды. Жастардың әлеуетін тек бір реттік іс-шараларға ғана емес, елдің болашағын айқындайтын маңыз­ды мемлекеттік бағдарламаларды жасау мен оларды бақылауға бағыттау қажет.
Осы орайда мемлекет пен азаматтық сектордың бірлескен әрекетінің құқықтық не­гіздерін нығайту мәселесі алдыңғы орынға шы­ғады. Мәселен, кейінгі жылдары қа­был­данған заңдар мен нормативтік құқықтық ак­тілердің орындалу барысын бақылауда үкі­меттік емес ұйымдардың рөлін арттыру керек. Қоғамдық бақылау туралы заңның қабыл­дануы маңызды қадам болғанымен, оның жергілікті жерлерде нақты қалай жү­зеге асырылып жатқанына талдау жасау маңыз­ды. Көп өңірлік мемлекеттік органдар әлі де болса ескі әдіспен жұмыс істеуге, аза­мат­тық белсенділерді шешім қабылдау үдері­сі­нен алыс ұстауға тырысады. Осы психо­ло­гиялық кедергіні жою – біздің ортақ мін­де­ті­міз. Билік өкілдері азаматтық секторды өз­деріне қарсылас немесе бақылаушы деп емес, кәсіби кеңесші, ортақ проблеманы ше­ше­тін серіктес деп қабылдауға тиіс. Сонда ға­на елімізде мемлекет пен қоғамның өзара тү­сіністігі мен сеніміне негізделген жаңа сая­си мәдениет қалыптасады.
Мұнымен қоса, азаматтық қоғамды да­мыту тұжырымдамасы аясында мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру қажеттілігі туын­дайды. Қазіргі кездегі мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыс байқаулары көбінесе қар­жылық үнемдеуге ғана бағытталған. Алайда әлеу­меттік қызмет көрсету саласы – бұл ма­териалдық тауарларды сатып алу емес, мұн­да адамдардың тағдыры, олардың ден­саулығы мен рухани дамуы бірінші орында тұрады. Сондықтан мұндай жобалардың сапасын баға­лайтын жаңа, тәуелсіз мониторинг жүйе­сін құру қажет. Бұл жүйеге тек мемле­кет­тік қызметшілер емес, кәсіби сарапшылар, қо­ғам белсенділері мен тәуелсіз журналистер кіруге тиіс. Осы арқылы бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын бақылау мүмкін болады. Сондай-ақ жобалардың мер­зімін ұзарту – үшінші сектордың тұрақты да­муына жол ашады. Мысалы, ерекше қа­жет­тіліктері бар балаларды оңалту немесе қиын жағ­дайға тап болған отбасыларға көмек көр­сету сияқты ауқымды жұмыстарды бір­не­ше айдың ішінде аяқтау мүмкін емес. Мұн­дай жобалар кем дегенде үш жылдан бес жыл­ға дейінгі мерзімге жоспарлануға және тұ­рақты қаржыландырылуға тиіс.
Өңірлердегі теңсіздікті азайту үшін шал­ғай ауылдардағы белсенділерді қол­даудың арнайы бағдарламаларын әзірлеу ке­зек күттірмейтін мәселе. Оларды тек грант­тармен қамтамасыз етіп қана қоймай, кә­сіби тұрғыдан оқытып, әлеуетін арттыру маңызды. Ауылдық жерлерде заңгерлік, пси­хологиялық және әдістемелік кеңес беретін ай­мақтық ресурстық орталықтардың желі­сін құру қажет. Осы орталықтар арқылы ауыл тұрғындары өз бастамаларын қалай жү­­­зеге асыру керек екенін, мемлекеттік бағ­дар­­ламаларға қалай қатысуға болатынын үй­­рене алады. Бұл іс-шаралар өз кезегінде ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік ал­шақ­­тықты азайтуға және жергілікті жер­лер­де жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп­тігін тигізеді.
Бизнес секторының да азаматтық қо­ғамды қолдаудағы рөлін жаңа дең­гей­ге көтеру керек. Қазір көп кәсіпкер қайы­рым­дылықты тек бір реттік акциялар ре­тін­де түсінеді. Алайда халықаралық тәжірибе көр­сеткендей, ірі бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі тұрақты қоғамдық жоба­лар­ды қаржыландырумен өлшенеді. Кәсіпкерлер аза­маттық секторды қолдау арқылы өзде­рі­нің де бизнесін дамытуға қолайлы орта қа­лыптастыратынын түсінуге тиіс. Осы ба­ғыт­та мемлекет тарапынан бизнесті ынта­лан­ды­ратын салықтық және құқықтық жеңіл­дік­тер жүйесін енгізу өте тиімді қадам бо­ла­ды. Мысалы, үкіметтік емес ұйымдардың жо­баларына демеушілік жасаған компа­ния­лар­дың салығын төмендету немесе оларға мем­лекеттік деңгейде тиісті басымдықтар беру екі жақтың да мүддесіне сай келеді. Осын­дай әріптестік моделі мемлекеттік бюд­жеттің жүктемесін азайтып, қоғамдағы әлеу­­меттік мәселелерді шешудің баламалы көз­дерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстандағы азаматтық қоғам даму­дың жаңа белесіне шықты. Бұл – тек мем­ле­кет беретін көмекке иек сүйеп отыратын не­месе тек билікпен текетіреске түсетін ке­зең емес. Бұл – сындарлы диалог, өзара жауап­кершілік пен тең құқылы әріптестік дәуірі. Алдағы уақытта азаматтық қоғамды одан ары дамыту үшін мемлекеттік әлеу­мет­тік тапсырыс жүйесін түбегейлі реформалап, оны бюрократиядан арылту және қар­жы­лан­дырудың ашықтығын қамтамасыз ету қа­жет. Бұл бағытта әлеуметтік жобалардың тиім­ді­лігін бағалайтын тәуелсіз институттар құ­рылу­ға тиіс. Өңірлік бастамаларды, әсіресе, ауыл­дық жерлердегі жобаларды қолдаудың ар­найы бағдарламаларын әзірлеу керек. Олар­ды гранттармен қамтамасыз етумен қа­тар, кәсіби тұрғыдан оқытып, әлеуетін арт­тыру маңызды. Бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігін ынталандыратын салықтық және құқықтық жеңілдіктер жүйесін енгізу уа­қыт талабы. Кәсіпкерлер азаматтық сек­тор­ды қолдау өздері үшін тиімді екенін се­зі­нгенде, бұл сала дамиды.

Жанар КАРАШЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің  Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқық кафедрасының PhD докторы:

Азаматтық қоғам – құқықтық мемлекет қалыптастырудың негізі

– Азаматтық қоғам – демократиялық, құқықтық және әді­­летті мемлекеттің негізгі тіректерінің бірі. Ол мемлекеттен тәуелсіз әрекет ететін қоғамдық ұйымдарды, үкіметтік емес ұйымдарды, кәсіподақтарды, бұқаралық ақпарат құралдарын, еріктілер қозғалысын, кәсіби қауымдастықтарды және белсенді азаматтарды біріктіреді. Азаматтық қоғамның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайту. Қазіргі Қазақстан жағдайында азаматтық қоғамның маңызы бұрын­ғы­дан да артып отыр. Елде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік реформалар аза­маттардың мемлекеттік басқару ісіне белсенді қатысуын талап етеді. Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемле­кеттік органдардың халықпен тұрақты әрі ашық байланыс орнатуды көздейді. Бұл бағытта қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру, азаматтардың өтініштерін қарау жүйесін дамыту, онлайн-петициялар институтын енгізу, қоғамдық тыңдаулар өткізу сияқты тетіктер қалыптасып келеді.
Азаматтық қоғам мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл бақылау сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуына және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді. Мемлекеттің маңызды қағидаттарының бірі болғандықтан, азаматтық қоғам осы қағидаттардың іске асуына үлкен үлес қосады.
Сонымен қатар азаматтық қоғам әлеуметтік мәселелерді шешуде маңызды рөл ат­қарады. Мемлекет барлық мәселелерді өз күшімен шешуі қиын болған жағдайда қоғамдық ұйымдар халыққа қолдау көрсетіп, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады. Еріктілер қозғалысы табиғи апаттар кезінде, қайырымдылық іс-шараларында, халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетуде ерекше маңызға ие. Қазақстанда волонтерлік қызметтің дамуы азаматтардың қоғамдық жауапкершілігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Азаматтық қоғамның тағы бір маңызды қызметі – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан, этносаралық және конфессияаралық татулықты сақтау ел тұрақтылығының басты кепілі. Осы бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы, этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары және түрлі қоғамдық қорлар өз үлесін қосып келеді. Олар қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға бағытталған көптеген жобаны жүзеге асырады.
Цифрлық технологиялардың дамуы азаматтық қоғамның жаңа мүмкіндіктерін ашты. Әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар арқылы азаматтар өз пікірін еркін білдіріп, қоғамдық мәселелерді көтеріп, түрлі бастамаларды қолдай алады. Онлайн-петициялар, қоғамдық талқылаулар және электрондық үкімет қызметтері азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын жеңілдетіп отыр. Дегенмен бұл мүмкіндіктермен қатар ақпараттық қауіпсіздік, жалған ақпаратпен күрес және азаматтардың медиасауаттылығын арттыру мәселелері де өзекті болып қала береді.
Осылайша, азаматтық қоғам қазіргі Қазақстанның саяси жаңғыруының маңызды элементіне айналып отыр. Оның тиімді дамуы демократиялық институттарды нығайтуға, мемлекеттік басқарудың сапасын жақсартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді деген пікірдемін.
Кейінгі жылдары елімізде азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу деңгейі біртіндеп өсіп келеді. Бұған жастардың қоғамдық ұйымдарға мүшелік етуі, еріктілер қозғалысының дамуы, экологиялық акцияларға қатысуы, қайырымдылық іс-шараларының көбеюі және әлеуметтік жобалардың кеңінен жүзеге асырылуы дәлел бола алады.
Әсіресе, жастардың азаматтық белсенділігі ерекше байқалады. Олар білім беру, экология, цифрландыру, мәдениет, спорт және әлеуметтік қолдау бағыттарында көптеген жобаны жүзеге асырып келеді. Волонтерлік қызмет жастардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы өзара көмек мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Кейінгі жылдары Қазақстанда мыңдаған ерікті табиғи апаттардың салдарын жоюға, әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға көмек көрсетуге және қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруға белсенді қатысуда.
Үкіметтік емес ұйымдардың саны мен олардың қызметінің ауқымы да артып келеді. Олар білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, адам құқықтарын қорғау, әйел­­дер мен балалардың құқықтарын қорғау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау сияқ­ты көптеген бағыт бойынша жұмыс істейді. Бұл ұйымдар мемлекет пен қоғам арасын­дағы байланысты нығайтып, азаматтардың мәселелерін шешуге үлес қосады деп пайым­даймыз.
Сонымен бірге қоғамдық кеңестердің жұмысына азаматтардың қатысу белсенділігі де жоғарылап келеді. Мемлекеттік органдар түрлі бағдарламалар мен заң жобаларын талқылау кезінде қоғам пікірін ескеруге ұмтылады. Азаматтар әлеуметтік желілер, электрондық үкімет порталы және онлайн-петициялар арқылы өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіруге мүмкіндік алып отыр. Бұл қоғамдық диалогтың жаңа мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеуге өз үлесін қоса алады.
Дегенмен азаматтық қоғамның дамуына кедергі келтіретін мәселелер де бар. Кейбір азаматтардың қоғамдық өмірге қызығушылығы төмен, құқықтық сауаттылығы жеткіліксіз немесе мемлекеттік институттарға деген сенімі әлсіз болуы мүмкін. Кейбір өңірлерде қо­ғам­дық ұйымдардың мүмкіндіктері шектеулі, қаржыландыру мәселелерінің де мардым­сыз­дығы кездеседі. Сондықтан азаматтық қоғамды дамыту үшін құқықтық мәдениетті кө­теру, азаматтық білім беруді күшейту, қоғамдық ұйымдарды қолдау және жастардың бас­тамаларын ынталандыру маңызды.
Азаматтардың белсенділігі ең алдымен олардың өз қоғамына деген жауапкершілігінен басталады. Әрбір адам заңды сақтау, сайлауға қатысу, қоршаған ортаны қорғау, еріктілік қызметпен айналысу, қайырымдылық жасау, қоғамдық пікірталастарға қатысу арқылы азаматтық қоғамның дамуына өз үлесін қоса алады. Белсенді әрі жауапты азаматтар көп болған сайын мемлекет те тұрақты әрі тиімді дамиды.
Қорытындылай келе, азаматтық қоғам – Қазақстанның тұрақты дамуының, демок­ратия­лық жаңғыруының және құқықтық мемлекет қалыптастырудың маңызды негізі. Деген­мен азаматтық қоғамның әлеуетін толық пайдалану үшін мемлекет, қоғамдық ұйым­дар және азаматтардың өзара серіктестігін одан әрі дамыту қажет. Сонда ғана қоғам мен мемлекет арасындағы сенім нығайып, елдің орнықты дамуына берік негіз бола алады деген пікірдемін.

P.S.

Азаматтық қоғам бір күнде немесе жоғарыдан түскен бұйрықпен ғана құрыла салатын дүние емес. Бұл – әрбір азаматтың күнделікті таңдауы, жауапкершілігі және Отанының тағдырына бейжай қарамауы. Тек мықты, еркін және белсенді азаматтық қоғам ғана әділетті, тұрақты және өркениетті Қазақстанның кепілі бола алады. Ел дамуының жаңа парағында мемлекет пен қоғам бір-біріне қарсы тұратын күштер емес, ортақ мақсат жолында иық тіресе жұмыс істейтін шынайы серіктестерге айналуға тиіс.

Тэгтер:

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/284794-senim-men-seriktestik

Leave A Reply

Your email address will not be published.