Үздік ұстаздар марапатталды

150
Сарысу ауданында ардагер ұстаздар, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтердің қатысуымен ұстаздар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты жиында аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адамгершілік рухта тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына сіңіре білген жауапты сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, білім саласындағы оң көрсеткіштерге қол жеткізген ұстаздарды Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының, аудан әкімінің Құрмет Грамотасы мен Алғыс хатын, сондай-ақ, «Үздік педагог» байқауы жеңімпаздарына арнайы дипломдарын табыстады.

Бұдан бөлек, өңіріміздегі білім саласын жетілдіруге үлес қосып жүрген бір топ педагогтер аудандық мәслихат хатшысы мен білім бөлімі тарапынан сый-құрметке ие болды.
Марапат жауған мерейлі мерекеде кәсіподақ ұйымы білім саласындағы елеулі еңбектері мен жетістіктері үшін ардагер ұстаздарға кәсіподақ ұйымының атынан ерекше құрмет көрсетіп, Әлеуметтік әріптестік жылы және 10 қазан — Қазақстан кәсіптік одақтарының күні қарсаңында білім беру мекемелеріне керекті техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында арнайы сертификат табыстады.
Ұстаздардың кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара талантты бүлдіршіндердің концерттік бағдарламасына ұласты.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.