Сарыкемерде жаңа балабақша ашылды

1 903

 

 

Астана қаласының  20 жылдығына орай Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында «Ерік ата» жекеменшік балабақшасының тұсауы кесілді.

Балабақшаның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев, ауданның Құрметті азаматтары мен Бәйдібек ауылдық округінің тұрғындары көптеп жиналды. Шарада аудан басшысы құттықтау сөз сөйлеп, мектепке дейінгі тәрбие Елбасының негізгі тапсырмаларының бірі екендігін жеткізді.

– Бала – өміріміздің жалғасы. Ал оны тәрбиелеу – басты міндетіміз. Сондықтан Елбасы әр Жолдауы мен Ұлт жоспарында мектепке дейінгі тәрбиеге байланысты нақты тапсырмалар беріп келеді. Оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік негізде балабақша ашуға баса назар аударуда. Өткен жылы осы мақсатта ауданда 500-ден аса бала балабақшамен қамтамасыз етілді. Биылғы жылы 485 орын ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшада орналасуы 97,9 пайызды құрап отырса, жыл соңына дейін 99 пайызға жеткізу жоспарда, – деген Рахматілдә Сегізбайұлы кәсіпкерлердің де еңбегіне ерекше тоқталып өтті.

75 орынға шақталған екі қабатты балабақша ғимаратын кәдеге жаратуға жеке инвестиция есебінен 11 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Бүгінде онда 1-6 жас аралығындағы балдырғандар мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілуде. 75 баланың 60-қа жуығы 3 жас пен 6 жас аралығындағы балалар. 3 жасқа дейінгі балалардың ай  сайынғы тәрбиесі үшін ата-аналары 8 мың теңге төлесе, 3 жастан жоғары балаларға 6,5 теңге төленеді екен. Оның себебі, жасы кішкентай бүлдіршіндердің күтіміне ерекше көңіл бөлінетін көрінеді. Аталған балабақшаның меңгерушісі әрі иесі Бекзада Тайшикованың сөзінше, мұндай кәсіп ашуына бұрын өзінің балабақшада жұмыс атқаруы себеп болған. Бүгінде ол осы кәсібі арқылы 15 педагог маманды жұмыспен қамтып отыр. Осы уақытқа дейін мемлекеттен ешқандай қаржы алмаған оның кәсібіне аудандық әкімдік басшылары тамыз айынан бастап Үкіметтен қаржылай көмек болатынын айтыпты. Мемлекет тарапынан қаржы қарастырылған жағдайда жеке кәсіпкер балабақшасының жанынан тағы қосымша ғимарат салып, музыкалық сыныптар ашуды жоспарлап отыр екен.

Leave A Reply

Your email address will not be published.