Жамбыл облысында өрт сөндіру бөлімдерінің бастықтары тағайындалды

248
Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы лауазымына азаматтық қорғау подполковнигі Елжан Толыбайұлы Ережепов тағайындалды. Ол бұған дейін Жамбыл ауданы, Аса ауылы №6 өрт сөндіру бөлімінің бастығы лауазымында қызмет атқарған болатын. Ал оның орнына, яғни Аса ауылы №6 өрт сөндіру бөлімінің бастығы лауазымына Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Кенжебаев Елнұр Бейбітбайұлы тағайындалды. Екеуі де бұрынғы Көкшетау техникалық институты, қазіргі М.Ғабдуллин атындағы академиясының түлектері екендігін атап өткен жөн. Аталған өрт сөндіру бөлімі бастықтарын тағайындау шарасын Қызмет бастығының уақытша міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Жақсылық Жарылқасынұлы Бекбергенов жүргізді.
Азаматтық қорғау подполковнигі Елжан Ережепов 1988 жылы 12 шілдеде Жамбыл облысы, Тараз қаласында дүниеге келген. 2010 жылы Көкшетау техникалық институтын бітірген ол, ең алғашқы еңбек жолын Сарысу ауданы №7 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы лауазымынан бастаған. Одан әрі Тараз қаласындағы өрт сөндіру бөлімдерінде қарауыл бастығы, басқарма аппаратындағы бөлімдерде бас маман, күштер мен құралдарды жедел басқару орталығы пунктінің бастығы, қалалық және аудандық өрт сөндіру бөлімдерінде бөлім бастығының орынбасары, Жамбыл ауданы №6 өрт сөндіру бөлімінің бастығы лауазымдарында қызмет атқарған.
Ал азаматтық қорғау майоры Елнұр Кенжебаев 1990 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Талас ауданында дүниеге келген. 2012 жылы Көкшетау техникалық институтын аяқтаған ол алғашқы еңбек жолын Мойынқұм ауданы ТЖ бөлімінде инженер лауазымынан бастаған. Одан әрі Мойынқұм ауданы №12 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы, Тараз қаласындағы өрт сөндіру бөлімдерінде аға инженер, сонымен қатар басқарма аппаратында аға инженер, Күштер мен құралдар орталығы бастығының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарған. Қызмет бастығының уақытша міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Ж. Бекбергенов жаңадан тағайындалған бөлім бастықтарына қызметтеріне табыс, отбасыларына амандық тілей отырып, қызмет барысында әрқашан тәртіп пен заңдылықтың сақталуына көңіл бөлуді естен шығармауды ескертті.
 Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті

Leave A Reply

Your email address will not be published.