Жамбыл облысында ауыз су тарифін көтермеу мақсатында «бірыңғай оператор» құрылмақ

651

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов мәлімдеді.

«2019-2022 жылдары 134 ауылды ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. Бұл жерде де, газ сияқты, ауыз су құбыры бола тұра, 50 мың халық сол құбырға қосылмай отыр. Себебі — тарифтің қымбат болуында. Ендігі жерде, бұл мәселені республикалық бюджет есебінен субсидиялау мүмкіншілігін ескеріп, құжаттар әзірленуде. Бұдан бөлек, тарифті көтермеу мақсатында, жалпы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін облыста «бірыңғай оператор» құрғалы отырмыз», — деді облыс әкімі.

Ал Қаратау қаласында 138 көпқабатты тұрғын үйлер және 56 әлеуметтік нысандарға  су  кестемен берілуде. Жыл аяғына дейін суды тәулігімен беру жоспарланып отыр.

 «Ауылдық елді мекендерді айтатын болсақ, 373 ауылдық елді мекеннің 189-ы орталықтандырылған, ал 184-і орталықтандырылмаған ауыз сумен қамтылған. Орталықтандырылған су құбыры жоқ 184 ауылдың 50-нде барлығы 7 мың адам тұрады. Тұрғындар аз болғандықтан жаңа су құбырын салу экономиқалық жағынан тиімсіз және бұл мәселені су тарату пункттері арқылы шешуді көздеп отырмыз», — деп атап өтті А. Мырзахметов.

Айта кетсек, биыл облыстағы 19 елді мекен ауыз сумен қамтылған болатын.

ortcom.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.