Жалақыны айдың соңына дейін жеткізудің тиімді әдісі

45

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, еліміздегі кедейлердің саны өткен жылы 4,9 болса, биыл 5,1%-ға дейін өскен. Республика бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің орташа көрсетіші 45 мың 623 теңгені құрап отыр. Осы орайда оқырманға қаржылық сауаттылық туралы айтқымыз келеді. Бұл материалда жазушы, «Қаржы қағидалары» кітабының авторы Данияр Жігітбек жалақыны айдың соңына дейін жеткізудің жолдарын түсіндіреді.

«Қаржы сауаты жайлы кітаптардың қайсысын алсаңыз да, ол жерде айтылатын бірінші кеңес – өзіңе төлеу. Яғни тапқан табысыңның 10%-ын жина, қалған 90%-ына өмір сүріп үйрен деген сөз. Паркинсон заңы бойынша шығындар табысқа қарай ұмтылады, адам қанша қаржы тапса, сонша жаратады деген ереже бар. Бірақ оны сіз осылай өз пайдаңызға жарата аласыз»,  дейді ол.

Сонымен қатар жазушы қаржылық сауаттылықты қалыптастырудың алғашқы қадамдары туралы айтты.

«Ақша – ресурс, оны басқарып білу керек. Ақшаның ерекше қасиеттерінің бірі  оны басқара алмасаңыз, ол сізді басқарады. Сонда ақша айдың соңына дейін жетпей қалатын ситуациялар кезігеді.Ал оны басқару үшін не істеу керек?

Жалпы бір нәрсені басқару үшін оны есептей, өлшей алу керек. Кіріс-шығыс есебін жүргізудің де мәні – осы. Әр шығынды жазып отыру арқылы адам өзінің сауаттылығын арттыра алады«Ақша қайдан келді, қайда кетті, қай кезде өзіңді тежеу керек, қай кезде жұмсауға болады деген сұрақтарға осы есеп арқылы анық жауап беруге болады.

Қазір кіріс-шығыс есебін жүргізуге арналған coinkeeper секілді арнайы қосымшалар бар. Одан бөлек excel кесте немесе дәптерге жазу арқылы да жүргізе беріңіз. Бұл арқылы адам автоматты түрде ақшасын үнемдей бастайды және ақшасы өзіне жетеді. Кез келген адам өзінің қайда ақша жұмсап жатқанын көзбен көріп, сезінген кезде белгілі бір қалауларын өшіре тұрады, белгілі бір қадамдарының негізсіз екенін түсініп, орынсыз ақша жұмсамайды»,  дейді ол.

Данияр Жігітбектің айтуынша, қаржылық тұрғыда сауатты болу күнделікті өмірде біршама пайдасын тигізеді.

«Қаржылай сауатты болу арқылы: ешкімге мұқтаж болмайсыз, ақшаңыз айына жететін болады, басқаларға көмектесесіз. Тіпті, ажырасу секілді отбасылық проблемалардың алдын аласыз. Ең соңында қаржылық еркіндік жолына түсесіз.

Әр адам еркін болуды қалайды әрі соған ұмтылады. Алайда біздің өмірімізде бәрі ақшаға байланған. Сол үшін ақша жетіспегендіктен, банктерге, басқа адамдарға тәуелділік болады. Еркіндік  адамның қолындағы ең үлкен құндылықтардың бірі. Ең болмағанда жеке басыңыздың еркіндігі үшін қаржылай сауатты болыңызшы дегім келеді», – дейді автор.

Leave A Reply

Your email address will not be published.