Орал қаласындағы облыстық жедел жәрдем станциясының басшысы мен бірқатар қызметкерінің ұсталғаны расталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін мессенджерлерде медициналық мекеме басшылығының ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Куәгерлердің сөзінше ғимаратқа 2 көлік келіп тоқтап, ішінен шыққан адамдар тікелей басшының және өзге де жауапты мамандардың кабинетіне кірген. Тіпті олардың бірі қашып кетпек болғанымен, жедел уәкілдер оны ұстап алып, күдіктілердің қолына кісен салып алып кеткен.
Осы оқиғаның мән-жайын білу үшін Politico.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) сауал жолдаған еді.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ведомствоның ресми жауабында.
Айта кетейік, бұған дейін ҰҚК Солтүстік Қазақстан облысы табиғи ресурстар басқармасының бұрынғы басшысы Ерболат Бекшеновке қатысты да сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлаған.
Иллюстрациялық сурет | Фото: ҰҚК
Дереккөз: https://politico.kz/kz/article/uqk-oblystyq-zhedel-zhardem-stanciyasynyn-basshylygyn-tergep-zhatyr?fbclid=IwY2xjawRubP9leHRuA2FlbQIxMQBzcnRjBmFwcF9pZBAyMjIwMzkxNzg4MjAwODkyAAEe0xUazuWpJ8nJs_zmsRRCGQw0iCYqhNr9ggz92zLLfu5jEEdqKgSWRumM8cI_aem_aewKIaBc4rk6tjvABKPYRw