Фото: Stan.kz
Төтенше жағдайлар департаменті ауа райының тұрақсыздығына байланысты 11 мамырда Алматы тұрғындары мен қонақтарына тауға шықпауды ескертті.
ТЖД мәліметінше, «Қазгидромет» болжамына сәйкес, 11 мамырда Алматыда найзағай, жаңбыр, кей жерлерде қатты жауын-шашын күтіледі. Сондай-ақ солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы кей уақытта 15–18 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Іле-Алатау таулы аймақтарында, соның ішінде Ақсай және Үлкен Алматы өзендерінің алаптарында жаңбыр, кей жерлерде қатты нөсер, найзағай, бұршақ және екпіні 18–23 м/с-қа дейін жететін қатты жел болжанған.
«Алматы ТЖД қала тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік шараларын сақтауды және дауылды ескерту кезінде тауға бармауды ұсынады», – делінген хабарламада.
ТЖД қатты жел кезінде мынадай қауіпсіздік ережелерін ұстануды ұсынды:
- көлікті ағаштың астына қоймауға тырысыңыз;
- мүмкіндігінше үйден шықпау;
- үйде болсаңыз, терезе мен есіктерді мықтап жабу;
- балкон мен аулалардағы ұшып кетуі мүмкін заттарды жинап қою;
- сыртта болсаңыз, ең жақын ғимаратқа (подъезд, дүкен) паналау;
- жарнама қалқандарының, ағаштардың, аяқталмаған құрылыстардың астына тұрмау;
- электр желілерінің маңына жақындамау және үзіліп түскен сымдарға қол тигізбеу.
-
Stan.kz ақпарат агенттігі
