ТҮГЕЛ СӨЗДІҢ ТҮБІ БІР, ТҮП АТАСЫ МАЙҚЫ БИ……..

251

Шыңғыс каһанды таққа отырғызған азулы билердің бірі. Бидің биі – Майқы би бүкіл қазақ атаулыны билеген, билеу үстінде әділдік орнатқан, қара қылды қақ жарған адам болыпты.
Жұрт оны сөйлетіп қойып, аузына қарап отырады екен. Майқыны заманында «Қарқуардай Майқы» дейді екен. Қарқуар деген құс ертеден сайрағаннан талмай түннің бір шамасына дейін сайрауын қоймайды.
Содан екі бие сауым ғана дем алып, таң құлан иектене қайта сарайды деседі. Майқы би сондай шешен болыпты.
Майқы би елді билер арқылы басқарған. Содан қалған хан, би жоралғысы күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.
Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» жинағында мынандай деректер бар. Шыңғыс ханның тұсында он екі би Шыңғыс ханды арбаға отырғызып, өздері көлік болып жегіліп, ел-жұртына апарып, ақ киізге отырғызып хан сайлаған екен дейді.
Сол он екі бидің бірі – Майқы би, аяғы ақсақ, арбаны тарта алмайды, тіпті жаяу жүрудің өзі қиын болған соң, Шыңғыс хан өзінің қасына, арбаға отырғызады. Хан көтеруден соң:
— Билердің ең үлкені кім? — деген сұрақ болғанда Майқы басқа билерге қарап:
— Сендер арбаға жегіліп келдіңдер, мен ханның қасында отырып, айдап келдім, сонда кім үлкен? – депті. Сөйтіп Шыңғыс ханның бас уәзірі болған екен. Қазақтың. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» дегені осы кісі.
Қазбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме дейін» жинағында мына бір жолдарды оқып, еріксіз ойға қалдым.
Мәселе жинақ турасында емес, кәзіргі жағдайдағы ел бірлігіне аса керек дерек осы жерде жазылған соң, бөлісіп отырмын,
Бірде Майқы би билік құрып отырып қалғып кетіпті. Жанындағы билердің бірі мұны ұят көріп, Майқы би ұйқысынан сергісін деп, тамағын кенеп, жөткірініпті. Сонда көзін ашып алған Майқы:
— Қап, шіркін-ай, аяғын біле алмай қалдым- ау –деп қатты өкініпті.
Қасындағы дүбірлері мен нөкерлері билер оның түрі кетіп, түсі қашқанынан шошып, үндей алмапты. Сонда би сөзді өзі бастап, әрі қарай жалғап кеткен деседі.
— Көзі қысық, тісі қисық түстіктегі жаудан, көзі шегір, өзі жемір жаудан үрім-бұтақ, заузатым көп қорлық көріп, көп азап шегеді екен.
Тілін де, дінін де құртады екен. Аяғын біле алмай қалғанымды көрдіңдер ме?! Ұрпағымның керегесі сөгіліп, көз жасы төгіліп, жігері құм болып, үгіліп, уығы қаламынан қарс айырылып, шаңырағы шарт кетіп шайқалатын кез болады екен.
Ұрпағым ынжықтық көрсетіп, мына маған жағын жара алмай отырған сендерше, оның айтқанына көніп, айдауына жүріп, зорлығына, қорлығына көніп, ұзақ уақыт соның табанында таусылады екен.
Әттең, шіркін, аяғын көргенімде, шаңырағымның шайқалмауының амалын осы бастан іздестіретін едім. Біреуің тамағыңды кенеп, біреуің-біреуіңді шенеп, жөтелдің бе, жөткіріндің бе, сәл сабыр сақтамадыңдар!
Алғашқы бағыну, жағынуды, шағынуды өз тұқымымыз бастайды екен. Көзі шегір, өзі жемір, жүн бас, талқаяқ, жегені жалқаяқ жұрт елдің батысынан келеді екен, әттең!.. – деп қатты өкініпті.
Майқы би айтулы шешен, ақылгөй бас би, ел-жұртына әділдігімен қадірі артып, 120 жасқа жетіп дүние салған дейді. Ол көзі тірісінде үш жүздің еншісін беріп, таңбасын таратқан.
Ұлы жүзге ту ұстатып, орта жүзге қауырсын қалам ұстатып, кіші жүзге найза беріпті. Осы бөлістен соң Майқы туралы «Хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы» деген тәмсіл қалған екен.
Алмахан Мұхаметқалиқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.