ӨМІРІ МУЗЫКАМЕН ӨРІЛГЕН БІРТУАР АЗАМАТ ЕДІ…

56
Талант – тума қасиет. Ол жүре бітпейді туа бітеді. Бірақ талантты ұштау, оны дамыту адамның өз қолында. Өйткені түз тағысы секілді асау қасиетке құрық салып бас үйрету, оны өзің қалаған бағытта жүргізіп-тұрғызу, бәйгіге қосып даңқына бөлену ерен еңбек пен терең білімді талап етеді.
Осы қағидаттың бәрін ұстанып, таланттың тұлпарын ерттеп мінген мойынқұмдық бейімдеуші-композитор, әнші Біржан Қожағұлұлы Толыбаев егер тірі болғанында, биыл 70 жасқа толар еді.
«Табиғатында текті болмаған, таққа отырса да текті бола алмайды» дейді халық. Тумасынан еліктеуді білмейтін Біржан аға, шығармаларын бауыр еті баласындай жүрегінде толғап дүниеге әкелген, тереңнен тебіреніп шыққан кәусар туындыны ел сүйсініп тыңдайды, шеберлігіне сүйінген туған халқы «Біздің Маэстро» деп мақтаныш тұтатын.
Біржан Қожағұлұлы Толыбаев 1954 жылы 26 мамырда, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында қызметкерлер отбасында дүниеге келген. Әкесі Қожағұл Ұлы Отан соғысының ардагері. Байқадам әскери комиссариатының бастығы қызметін атқарған. Күйші, арқа, жетісу ән мектептерінің дәстүрінен хабардар әнші. Анасы Күләшай аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, ауыл іші тойларында ән айтуға бейім болған. Әжесі әйгілі Кененмен сөз сайыстырған айтыскер ақын дәрежесіне дейін жеткен.
Біржан дүниеге келгенде Қазақстанның еңбек сіңірген халық әртісі Манарбек Ержанов Байқадам ауылында гастрольдік сапармен жүр екен. Ел еркесі, күміс көмей әншіні әкесі құрметтеп қонаққа шақырып, сол жерде «балама ат қойып бер» деп қолқа салыпты. Манарбек Ержанов: «Өз ныспыңыз Қожағұл екен, бұл баланың есімі «Біржан» деп өзі сұранып тұрған жоқ па?». «Сенің атың Біржан» деп құлағына азан шақырып үш рет қайталапты.
Дарынды ортада туған бала жастайынан өнерге әуес болыпты. 4 жасынан 12 тілді гармошкада ойнаған. Біржан аға естелік сөзінде: — Гармошканы күні-түні қолымнан тастамай сарнатады екенмін, ал «Ақтамақ» әнін орындағанда әкеме «тап-тап!» деп аңыраймын. Әкем түсінбей аң-таң. Бір күні үйге келген Рақманқұл көкем «Бұл бала мына аспапта 1 октаваның жоқ екенін біліп отыр, бұған енді күрделі сырнай «Баянды» әперу керек» деп ақылын айтыпты. Содан қолым баянға жетті, өнердегі өмірлік серігіме айналды.
1961 жылы бала Біржан Жамбыл облысы, Көктерек (қазіргі Мойынқұм) ауданы, Бірлік ауылындағы Киров мектебіне (қазірігі Қайрат Рысқұлбеков атындағы мектеп) қадам басты. 1965 жылы, 11 жасында арнайы комиссияның ұйғарымымен Алматы қаласындағы А.Жұбанов атындағы музыка мектебіне қабылданды. 1972 жылы бітіріп шықты.
1972 жылы әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтының «Музыка және ән» факультетіне түсіп, үздік бітіріп, «Баян» кафедрасына ұстаздыққа қалдырғанына қарамастан, туған өлкесіне оралып, Мойынқұм ауданының музыка мектебіне баян класына оқытушы болып орналасты. Оқушылар арасында тұңғыш рет «Жайдарман» вокальді-аспапты ансамблін ұйымдастырып, облыс көлемінде мәдени іс-шараларға қатысып, музыка саласында маманға сусап отырған ауданның мәртебесін көтеріп, биік межелерден көріне білді. 1976 жылы Бүкілодақтың (ВДНХ СССР) көрменің күміс медалімен марапатталды.
1978 жылы «Мойынқұм» халықтық ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі қызметінде жүріп, Мәскеуде өткен фестиваль-конкурсқа Қазақстан атынан жарысқа түсіп, 84 ансамбльдің ішінен озық өнер көрсеткен ұжым 2-орынды жеңіп алды. 1979 жылы қазан-қараша айларында Кеңес Одағы атынан Португалияда өткен «Дни Советского Союза на примере Казахстана» күндеріне қатысып, Қазақстанның ән-би, ұлттық өнерін насихаттауда жетекшілік еткен Біржан Толыбаевтың еңбегі дараланып, өлшеусіз маңдай тердің игілігі байқалып тұрды. Осы жылы І-ІІ Бүкілодақтық халықтар шығармашылығы фестивальдарының лауреаты атанды.
Қазақстан телерадиокомпаниясының 28 түсіріліміне «Мойынқұм» ансамблі шақырылып, «Сахнада өнерпаздар», «Алтыбақан», «Тамаша», «Өнерге қанат қаққандар», тағы да басқа бағдарламаларда әсем өнерлерін паш етіп, дарынды жетекшілігі және шебер музыканттығымен көрермендер алғысына бөленді.
Қазақ радиосының алтын қорына бірнеше ән-күйлерін жазғызды. Қазақтың халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 60 жылдық, қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың 90 жылдық мерейтойларында «Мойынқұм» халықтық ән-би ансамблімен аудан атынан өнер көрсетіп, ел ағаларының батасын алды. Өнер тарланы, бірегей «Маэстро» көп адамдық хор ұйымдастырудың ерені. Мойынқұм ауданының ардагер басшысы, еңбегі сіңген қайраткері Айтбай Назарбековтің мерейтойында 100 адамнан хор құрап, нақышы әртүрлі дауыстың үйлесімді шыққан сазына еліткен халық таңданғандарын жасырмады.
Біржан Толыбаев өнер, мәдениет қайраткері ғана емес, ол – тағылымды ұстаз еді. 38 жыл еңбек еткен ұстаздық жолында көптеген елге танымал әншілерді тәрбиелеп шығарған. Олар: «Тараз» триосының әншілері, Белоруссияның Витербек қаласында өткен бүкілодақтық «Поют учащиеся» конкурсында үшінші орынға ие болған апалы-сіңлілі Елена мен Маргарита Долгушевалар, республикаға танымал ақын-композитор Бақытжан Ауданбаев, облыстық драматеатр директоры Ғани Садырбаев, өңдеуші композитор Марс Сүленов. Ол Мойынқұм ауданында бірнеше өнер ұжымдарын ұйымдасуына қол ұшын беріп, аяққа нық тұруларына көмектесті. Атап айтар болсақ: «Жайдарман» вокальді-аспапты ансамблі, «Мойынқұм» халықтық ән-би ансамблі (Мойынқұм ауылы, 1976-1979), «Мерей» (Амангелді ауылы,1986), «Көкжиек» (Бірлік ауылы, 1986 жыл), «Өнерпаз» (Құмөзек ауылы, 1988), «Керегетас» (Қарабөгет ауылы), «Хан тәңірі» (Хантау ауылы, 1990).
Әнші-композитор Біржан Толыбаев 42-ден астам әндер мен музыкалық шығармалар жазды. Әндерін Нағима Есқалиева, Талғат Күзембаев сынды танымал әншілер орындады. Халықтың көкейінде сақталып қалған әндері «Элегия», «Мойынқұм вальсі», «Көктерек аруы», «Ғасырдың ғажайып сардары», «Сарбаздар», «Жауынгер жыры», «Батыр Қайрат», «Анама», «Жаңа жыл», «Қыр гүлі», «Қаздар ұшып барады» әндері, «Әке туралы толғау» күйі, «Тұлпарсаз», «Көкжиек» аспаптық пьесалары және басқа туындылары өз Отанын сүйген әр азаматтың көкейінде ой-толғау, тебіреніс тудырады. Өйткені ол қазірігі «жұлдыздардың» жалаң сөзді, даңғаза әуенінен туындаған жеңілтек дүние емес, ол жан дүниеңді баурайтын тұңғиық сезімді толғаныстан туған жүрек лүпілі. «Менде ақыл, жүрек, сезім — үшеуі бірігіп әуен жазады, не болып шыққанын халық айтады, әділ бағасын береді. Өмір бойы ізденіс пен талпыныста жүргеннің шығармасы құнсыз болмайтыны анық. Туған жерін сүйіп, өз Отанының тарихымен, даму жолымен астасып, көкірек көзімен бағамдай білгеннің туындысы өмірлік. Әуенге сөз жазу өте қиын. Мен ақын емеспін, бірақ менің жүрегімдегі тебіреністі «жазушы» жеткізе алмаған сәтте, мен ақын болып кетемін», — дейтін сазгер өз сөзінде.
Біржан ағаның жанұясы да елге үлгі – өнерлі жандар. Жан жары – Роза Бағысова, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінде ұжым құрметіне бөленіп, зейнетке шықты. Ұлдары Бауыржан мен Бақытжан баян, домбыра, синтезатор, гитара аспаптарында шебер ойнайды. 1991 жылы үлкен ұлы Бауыржан мен қызы Гүлназ республикалық «Әнші балапан» конкурсына қатысып, лауреат атанған. Ұрпақ тәрбиесін алға қойған ата-ана, балаларына жоғары білім әперіп, уақтымен түлетіп, ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырған.
Еңбек етсең — еленерсің, бейнетіне кенелерсің. Еңбек ерлікке жеткізер, құрметке бөлер дейді халық даналығы. Ардақты аға облыстық білім басқармасы, аудан әкімі, мәслихаттың Құрмет грамоталарының иегері, 2013 жылы мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Ауданның Құрметті азаматы.
Біржан Қожағұлұлы бүгінде ел есінен ұмытылмай, халық жадында қатталып сақталған ерек тұлға. Өмірі сазбен өрілген, таланттың тұлпарын ерттеп мінген мойынқұмдық дүлдүл Маэстро өз еңбек жолыңда талай белеске шығып, ұжымның, достардың және ел құрметіне бөленген. Таңдаған жолын абыроймен жалғастырып келе жатқан тамаша балаларды тәрбиелеп, өсірді. Өрелі істерін айтқанда, ол нағыз майталман маманның, ұлағатты әкенің, туған өлкесі мен Отанын сүйген абзал азаматтың тұлғасын сомдады. Мұндай көшбастаған ағалардың ел санасынан ұмытылмас үшін, көзге көрініп тұратын көрнекті орындарға атын беріп, тарихта есімі ұмытылмастай хаттап жазған дұрыс деп білемін. Мойынқұм аудандық мәдениет үйіне, не Саз мектебіне осы кісінің есімін берсе еш артықшылығы болмас еді. Өйткені бұл екі өнер ордасына Біржан ағаның сіңірген еңбегі зор. Бұл ұсынысты тек Қ.Рысқұлбеков атындағы мектеп ұжымы ғана емес аудан халқы қолдайтынына кәміл сенемін. Отанымыздың өркендеуі мен халқымыздың игілігі жолында талмай тәнті істерді атқарған біртуар тұлға Біржан Қожағұлұлы Толыбаев бұл мәртебеге лайық екені даусыз.
Аманғали МОЛДАБАЕВ,
«Мойынқұм таңы» газетінің штаттан тыс тілшісі.
Бірлік ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.