Тассай ауылына апаратын көпір күзде пайдалануға беріледі

74
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Көкпекті ауданының Тассай ауылдық округіне барып, Жүзағаш өзенінде салынып жатқан көпірдің құрылысын және Мәметек автокөлік көпірінің жағдайын көрді.
⚡️2024 жылғы су тасқыны кезінде өзен суы деңгейінің көтерілуінен Тассай ауылына апаратын аудандық маңызы бар автомобиль жолының 10-шақырымындағы көпірдің бір аралығы қираған болатын. Аталған жол Тассай және Үшкөмей ауылдарын аудан және облыс орталықтарымен байланыстырып, шамамен 900 тұрғынның қатынасын қамтамасыз етеді.
Облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасымен былтыр Жүзағаш өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту жобасы басталды. Жобаны іске асыруға республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлінді.
Қазіргі уақытта ұзындығы 73 метр болатын жаңа көпірдің құрылысы жүргізілуде. Мердігердің айтуынша, нысан биыл күзде пайдалануға берілмек. Көпір құрылысын толық аяқтау үшін қаржы бөлу қажеттігі бар.
Аймақ басшысы бұл көпірдің тұрғындар үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
«Бұл көпірдің мәселесі тұрғындар тарапынан көп көтерілгенін білесіздер. Көпірде байланыс үзілген соң халық 120 шақырым жерді айналып жүруге мәжбүр болды. Қазір көлік өткелінде көлік қатынап жатыр. Мердігер компания құрылысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауы қажет. Халықтың қауіпсіз әрі қолайлы қатынасы біздің тұрақты назарымызда болады. Көпір құрылысын толық аяқтау үшін қаржы бөлу мәселесін қарастырамыз», – деді Берік Уәли.
⏫️Облыс әкімі Мәметек автокөлік көпірінің техникалық жағдайымен де танысты. Бұл көпір де жөндеуді қажет етеді. 1970 жылы салынған көлік өткелінің әбден тозығы жеткен және көктемгі су тасқыны кезінде апатты жағдай туғызуы ықтимал. Бұл жерден тәулігіне 60-70 автокөлік қатынайды.
Аймақ басшысы тиісті басқарма басшыларына көпірдің техникалық жағдайын жан-жақты зерделеп, күрделі жөндеу жүргізу бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.