Мойынқұм ауданының даму жолы мен екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың бай мұрасын насихаттауға арналған тарихи-танымдық конференция жоғары деңгейде өтті.

Бұл тағылымды жиын ауданның өткені мен бүгініне терең үңіліп, болашақ бағытын айқындауға арналды.

Конференция барысында қатысушылар Мойынқұм өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму кезеңдері, ел еңсесін көтерген еңбек адамдарының ерен еңбегі, соның ішінде Жазылбек Қуанышбаевтың өмір жолы мен өнегелі ісі туралы кеңінен сөз қозғады. Оның мал шаруашылығын дамытудағы зор үлесі мен елге сіңірген еңбегі бүгінгі ұрпаққа үлгі екені ерекше атап өтілді.

Жиынға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, ғалым Борис Жапаров мазмұнды баяндамалар жасап, өзекті ой-пікірлерімен бөлісті. Олар Жазылбек Қуанышбаевтың еңбегі тек бір дәуірдің жетістігі емес, ұлттық рух пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі екенін атап өтті.

Сонымен қатар, конференция аясында тарихи деректерге негізделген баяндамалар тыңдалып, жастарға тағылымды тәрбие берудің маңызы сөз болды. Қатысушылар ел тарихын құрметтеу, еңбек адамының беделін арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу – бүгінгі қоғамның басты міндеттерінің бірі екенін жеткізді.

Аталған конференция Мойынқұм ауданының дамуына серпін беріп, ұлы тұлғалардың мұрасын ұлықтауға бағытталған маңызды қадам болды.