Қалада былтыр жылу құбырларын ауыстыру кезінде қазылған жолдар тұрғындардың наразылығын, автокөлік қозғалысының қолайсыздығын тудырған болатын. Бүгінде сол көшелерді асфальттау жұмыстары қолға алынды. Өткен жылдың еншісінен қалған Абай даңғылы, Қойгелді және Байзақ батыр көшелерімен алдағы аптада еркін жүйткуге жол ашылады. Күні бүгін қажет техникалар жеткізіліп, алғашқы жұмыстар басталып кетті. Облыс әкімі адам аяғы азайған карантин кезінде жол жөндеу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырған болатын.
Жалпы 2020 жылы қала бойынша қаланың 90 шақырым жолын жөндеу бойынша 100 жоба жүзеге асырылады. Бұл деген сөз — 96 көше (81 км), Б.Момышұлы, Абай даңғылы, Желтоқсан-Қазыбек би, Қойгелді-Қонаев көшелері бойында жаяу жүргіншілер жолағы салынады деген сөз. Астын сызып айта кетер жайт, айтылған көшелердің 80 пайызында бұрын-соңды асфальт болмаған.
Айта кету керек, Төле би даңғылы-Ташкент көшесі аралығындағы Байзақ батыр көшесінің бір шақырымында жылдар бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Бүгін бұл көшеге «Ая-Сервис» ЖШС-нің техникалары түсіп, жол жабындысын жөндеу ісін бастап кетті. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев жөндеу жұмыстарының барысын бақылап, мердігерге бітірер мерзімін белгілеп берді.
Алдыңғы