«Спортты бизнеске айналдыруға болмайды»

1 136

Қазақ күресіне еселі еңбек сіңірген жандардың бірі – Марат Жақыт десек, көпшілік бізбен келісер. Шәкірт тәрбиелеу де аянбай тер төгіп, бүкіл ғұмырын спортқа арнаған айтулы бапкер бүгінде киелі Әулиеата өңірінде қызмет етуде. Жақында қазақ күресі тарихында айрықша орны бар тұлғамен тілдесудің сәті түскен еді.

– Марат Нұрмұхамедұлы, бүгінде өзіңізді танымайтын адам кемде-кем. Кеңестік кезеңнің өзінде атақ-даңқыңыз бүкіл Одаққа тарап, есіміңіз ерекше құрметтелді. Десе де, қалың оқырман қазір сіздің немен айналысып жүргеніңізді білгісі келетіні жасырын емес. Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ…
– Қазір жасым жетпістің бесеуіне келді. Талай жылғы бейнетімнің зейнетін көрудемін. Десе де, жастайымнан спортқа жақын болғаннан кейін құр қарап отыра алмайды екенсің. Зейнетке шыққаннан кейін еліміздің Қазақ күресі федерациясында біраз жыл еңбек еттім. Алайда, орнымды жастарға берейін деген оймен ондағы жұмысымды тастап, былтыр Жамбыл жеріне оралдым. Мұнда келген бойда облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков шақырып, жекпе-жек спорты клубына бапкерлік етуді ұсынды. Ойлана келе, бұл ұсынысты қабыл алдым. Қазір осы клубта жас балуандарды баулудамын.
– Жалпы, өмір жолыңызға көз жүгіртсек, өзіңіз Шығыс Қазақстан облысының тумасысыз. Ал, Жамбыл өңіріне о баста қалай келдіңіз?
– Менің балалық шағым бұрынғы Семей облысының Аягөз ауданындағы Ақшатау ауылында өтті. Елді мекен таулы аймаққа жақын орналасқандықтан мектеп-интернатта шаңғы үйірмесі жұмыс жасады. Сондай-ақ, шахмат бөлімдері де қызмет көрсетті. Осылайша қолымыз қалт етсе шаңғы теуіп, шахмат ойнайтын болдық. Мектепті тәмамдағаннан кейін Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына агроном мамандығына оқуға түстім. Бірақ, оқу орнында не шаңғы, не шахмат үйірмесі болмады. Содан басқа спортқа бет бұрайын деп күреске барсам, ешкім мені қабылдамады. Салым суға кетіп жүргенде институт қабырғасынан самбо үйірмесі ашылғанын естідім. Алайда, ол кезде мен самбо күресінің әдіс-тәсілдері түгілі, атауын да естімегенмін. Десе де, «нартәуекел» деп самбо күресіне бас сұқсам, әдістері біздің қазақша күресімізге келеді. Содан бірінші жекпе-жегімде-ақ, қарсыласымды жамбас әдісіне салып, алып ұрдым. Бұны көрген бапкер Петр Терещенко «Бұрын қайда жаттыққансың?» деп сұрақтың астына ала жөнелді. Мен болсам ешқандай үйірмеге қатыспағанымды, бұл әдісті ауылда жүріп үйренгенімді айттым. Бұған таңғалған жаттықтырушы мені бірден қабылдады. Сол жылы республикалық додадан жүлдегер атанып, араға аз уақыт салып студенттер арасында топ жарып, бүкілодақтық студенттер ойынына бардым. Грузияның Гори қаласында жалауы желбіреген аламанда жүлделі екінші орынға табан тіреп, спорт шебері нормативін орындадым.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін туған топырағым Семей өңіріне оралып, біраз уақыт агроном болып жұмыс жасадым. Бірақ, іштей спортқа аңсарым ауып жүрді. Содан 1968 жылы мені Белоруссияға әскерге алып кетті. Мұнда екі жыл қатарынан самбо күресінен Белоруссия чемпионы атандым. Сондай-ақ, әскерилер арасындағы бірнеше жарыстардың бас жүлдесін жеңіп алдым. Міне, осы тұста бапкерлікке деген қызығушылығым оянып, солдаттар арасынан үш спорт шеберін тәрбиелеп шығардым. Әскерден кейін Семейге оралдым. Онда мені ешкім қызметке ала қоймады. Алматыға барып едім, тұрмыстық қиындықтар туындады. Содан бір жігіттердің қол ұшын беруімен Жамбыл жеріне келдім. Мұнда да спорт саласына жауапты басшылар қазақ күресінен облыс біріншілігі өтіп жатқанын айтып, өңірден самбо бөлімін ашу үшін сол жарыста жеңіске жетуім керектігі туралы шарт қойды. Ештеңеден тайсалмастан турнирде қарсыластарымның барлығын алып та, шалып та жығып, жеңімпаз атандым. Талантыма тәнті болған басшылық бірден самбо бөлімін құрып берді. Осылайша 1971 жылы 1 қыркүйекте Жамбыл жерінен тұңғыш самбо үйірмесі жұмысын бастады. Содан бері талай толағайларды тәрбиелеп, КСРО біріншіліктерінен бөлек, Азия мен Еуропа чемпиондарын шығардым.
– Күрес федерациясына қызметке келген жылы қазақ күресінің ережесі мен киім үлгісін жасап шыққан екенсіз. Сол жайында айтып берсеңіз?
– Иә, 2002 жылы мемлекеттік бапкер ретінде қазақ күресінің ережесі мен киім үлгісін дайындауға кірістім. Ол кезде маған Бауыржан Жаналин есімді әріптесім, досым барынша көмектесті.
Негізі бұған дейін балуандарымыз самбо күресінің ережесімен күресіп келген. Және қазақ күресінің киімі де дүбәра күйде болатын. Содан Жаналин екеуміз Қытай мемлекетіне барып, кезінде сақтар күрескен деген киім үлгісін тауып алдық. Қарасақ, сол кездегі заманауи стандартқа келеді. Жеңдері шолақ, етегі де ұзын емес. Бұл киімге енгізген өзгерісіміз – қазақы оюларды салдық. Және кеуде тұсына мемлекеттік туды таңбаладық. Одан кейін өңірлердегі барлық бапкерлерді жинап, пікірлерін таңдадық. Ешкім қарсылық білдірмегеннен кейін министрлікпен бекітіп, қазақ күресі ережелерінің кітабын жазып шығардық. Міне, содан бері 16 жыл бедерінде балуандар осы ережемен күресіп келеді. Десе де, жуырда осы ережені федерацияға жауапты басшылар өзгерткелі жатқаны туралы естіп, сұрай барсам, шынында киімнің балағын және жеңін бір сантиметрге ұзартқан екен. Бұнымен қоймай, енді олар қазақ күресі ережесін өзгертуді ойлап отыр. Қанша жерден түбегейлі өзгерістің қажет еместігін айтсам да, олар түсінбеді. Амал нешік, «бүйректен сирақ шығарып» отырған басшылардың тірлігіне көнбестен басқа шара жоқ.
– Қазақ күресі «Жабық Азия» ойындарының бағдарламасына енгенін ел жақсы біледі. Бәлкім, жаңа өзгерістер қазақ күресін Азиада ойындарының дәрежесіне дейін көтеру үшін жасалып жатқан шығар?
– Қазақ күресін «Жабық Азия» ойындарының бағдарламасына енгізген біз болатынбыз. Ал, былтыр ұлттық күресімізді Азиада ойындарына да енгізіп жіберуге мүмкіндік туған еді. Алайда, «шаш ал десе, бас алатын» кейбір басшылардың керітартпа тірлігінен бұл ойымыз жүзеге аспай қалды.
Қазір Қазақстан Сары құрлық бәсекелерін өткізетін болса, барлық шығындарды өздері көтеруге тиіс. Егер қазақ күресін Азиада ойындарының бағдарламасына енгізіп жібергенімізде, байрақты бәсекеге мемлекеттер өз қаржыларына келетін еді.
– Сіздің есіміңіз «Қазақстан Барысы», «Еуразия Барысы» және «Әлем Барысы» сынды жобалармен де қатар айтылып жатады. Осы мегажобалардың да дүниеге келуіне тікелей атсалыстыңыз ба?
– Мен бұл додаларда бас төрешілік еткенім болмаса, көп тірлігіне араласқан жоқпын. Аталған жобаны Арман Шораев есімді азамат Моңғолиядан алып келді. Рас, алғашқы жылдары «Қазақстан Барысы», «Еуразия Барысы» және «Әлем Барысы» аламандары көпшілік тарапынан ерекше қолдау тапты. Алайда, кейінгі жылдары аталмыш турнирлерге деген көрерменнің қызығушылығы жоғалып кетті. Оған себеп, жылда енгізілетін өзгерістер, төрешілердің бұрмалауы балуандардың да, бапкерлердің де, жанкүйерлердің де ызасын тудыруда. Бұл мәселені көтеріп, федерацияға барып бірнеше мәрте айтқанбыз. Бірақ, қазір онда күрес спортына «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» адамдар отыр. Нәтижесінде олар үлкендерден жөн сұраудың орнына, өзім білемге салуда. Мұндай жағдайда қазақ күресі қайдан дамысын?
Тағы бір мысал, жуырда Петропавл қаласында қазақ күресінен ел біріншілігі өтті. Онда ұйымдастырушылар төреші шешіміне қарсылық нышанын білдіретін қамшыны бапкерлердің қолынан алып қойды. Олардың ой-пікірінше, қамшы мал ұруға ғана арналған екен. Бұл сөзді естіп, ызамның келгені-ай. Содан жауаптыларды жинап алып, кезінде ханға дат айту үшін қазақ қамшыны көтеріп кіргенін мысал етіп қамшы ұлтымыз үшін қасиетті саналатынын түсіндіргеніммен сөзім зая кетті. Нәтижесінде біріншіліктің соңы дау-дамайға ұласып, жарыстың беделін түсірді.
Жалпы, «Қазақстан Барысы», «Еуразия Барысы» және «Әлем Барысы» сынды жобаларды қазақ күресін әлемге таныту үшін тиімді пайдалануға болатын еді. Бірақ, ұлтының емес, құлқынның қамын ойлаған кейбір тұлғалар бұл жобаларды ақша табатын бизнес көзіне айналдырып жіберді. Және аталған турнирлерде ұлттық болмыстан гөрі, өзгеге еліктеген шоу басым болып отыр. Ұлттық спортқа деген мұндай көзқарас, қазақ күресінің құнын төмендетіп жібере ме деп қорқамын.
– Жамбыл күрес мектебі десек, соңғы жас буындардан Елдос Сметов, Ақжүрек Таңатаров, Айбол Айтбек, Дәулетхан Жақыпов, Бегімхан Әділбеков сынды жампоздарымыз ойға оралатыны анық. Алайда, Олимпиада алауын айтпағанның өзінде, соңғы жылдары жігіттерімізге Азия чемпионатының да алтыны бұйырмайтын болды. Бір сөзбен айтқанда, жамбылдықтар жерлестерінің жарқын жеңістерін сағынып қалды. Айтыңызшы, жігіттерімізге не жетпей жүр?
– Елдос пен Ақжүрек өңір күресі үшін берерін берді. Ол жігіттерге артар өкпе жоқ. Ал, бұл балуандардан кейін жаңа толқын алмаспай қалды. Оған себеп, қазақ күресінен қазір облыста бір бапкер 50 балаға тәлім беруде. Мұндай жағдайда қайдан чемпион шығарасың. Сол себепті, мен басшылыққа кіріп, жасөспірімдерге, орта буынға және жоғары санаттағы балуандарға жеке бапкерлерден белгілеу туралы ұсыныс айттым. Егер бұл бастамам қолдау тапса, әр спортшының жас ерекшелігіне қарай жеке-жеке жұмыс жасайтын боламыз.
Жасыратыны жоқ, қазір Жамбыл күрес мектебі тоқырауға кетіп барады. Оның бір себебі жас спортшыларға қолдау аз. Кеңес үкіметі кезінде балуандар әлем чемпионы болып келсе бірден баспана беріп, керегімен қамтамасыз ететін. Сондай-ақ, бапкерлерге де жағдай жасалатын. Менің өзім Одақтың тұсында бапкер ретінде бес көлік мінгенмін. Және «Достық» мемлекеттік орденімен наградталдым. Қазір көрсеткіш көрсеткен спортшыларға ақшалай қолдау болып жатыр. Алайда, жеңімпаздардың билік тарапынан ұмыт қалып кетіп жататын кездері де аз емес. Міне, осы мәселені біржақты реттеп, жас спортшылар мен бапкерлерге барынша қолдау білдірсек, олардың жеңіске деген жігерін жани түсер едік.
– Осы орайда, атақты «жамбылдық әдістің» шығу тарихын айтып берсеңіз. Естуімізше, бұрын бұл әдістен бүкіл Одақтың балуандары қорыққан екен…
– Иә, самбо күресінде бұл әдіс бұрын-соңды болмаған болатын. Содан Жамбыл жерінде жүріп осы әдісті ойлап таптым. Аталмыш әдістің ерекшелігі – бұрын самбода балуанды арқадан ұстап шиырса, «жамбылдық әдісте» қарсыласыңды бастан асырып лақтырасың. Сосын қолын орап алып, екінші қолмен белбеуден ұстап айналдырып жібересің. Бұл әдісті бозкілемде әркім өз мүмкіндігіне қарай жасайды. Шәкірттерім Мейрамбек, Манарбек, Манас есімді ағайынды Ағайдаровтар аталмыш әдісті кезінде керемет жасап үйренді. Манарбек «жамбылдық әдіспен» КСРО ауыл спартакиадасын ұтса, Мейрамбек студенттер арасында екінші орын алды. Ал, Нұрғали Оспанов есімді балуаным бастан асырып лақтыру әдісі арқылы жастар арасында әлем чемпионы атанды. Бұл әдісті игерген балуан қарсы әдіске ешқашан түспейді. Қазіргі таңда «жамбылдық әдіс» ережеге сай қолданылуда. Тіпті, бұл тәсілді бұрынғы КСРО мемлекеттерінде әлі күнге дейін «жамбылдық әдіс» деп атап жүр.
– Білуімізше, Кеңестік кезеңде шетелде де бапкерлік жұмыс жасаған екенсіз. Осы жайында айтып берсеңіз…
– 1981 жылы Франция мемлекетінде самбодан әлем чемпионаты өтетін болып, олар Кеңес үкіметінен спортшыларын жаттықтыратын бапкер сұрады. Содан Орталық комитет Францияға мені жіберді. Онда жарты жыл жұмыс жасап, өмірінде самбо күресін көрмеген француздарды бірден қола жүлдегер атандырдым. Бұл нәтижеден кейін француздар менен айырылмай, келісімшарт ұсынды. Бірақ, Орталық комитет рұқсат бермей, дереу Мәскеуге шақыртты.
Шындығы керек, сол жарты жылымда мен өмірімде көрмеген ақшаны таптым. Оған қоса, Франция телеарнасында самбо күресі туралы дәріс оқып, сағатына 1500 АҚШ долларынан алдым. Ол кезде долларды Одақ территориясына кіргізбек түгілі, ұстаудың өзі қылмыспен пара-пар болатын. Сондықтан, Францияға келген бір чемоданыммен елге қайтып, жарты жылда тапқан барлық ақшамды сонда жұмсап кеттім.
– Бүгінде ұл мен қыз өсіріп, немере сүйіп отырған атасыз. Перзенттеріңіздің арасында әке жолын қуғандары бар ма?
– Жұбайым екеуміз екі ұл, екі қыз өсірдік. Олардан 8 немере, 3 шөбере сүйіп отырмыз. Екі ұлым да кезінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері болды. Азия чемпионы да атанды. Алайда, өмірдің ағысымен екеуі де қазір құқық саласында қызмет етуде. Мүмкін немерелерімнің, әлде шөберелерімнің бойына келешекте спортқа деген сүйіспеншілік қонып қалар. Әзірге тек солардың қызығына тоймай отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.