Нельсон Мандела күніне арналған танымдық-тәрбиелік іс-шара өтті

31

Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №67 мекемесінде Халықаралық Нельсон Мандела күніне орай сотталғандар арасында танымдық-тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – сотталғандардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, адам құқықтарын құрметтеу қағидаттарын насихаттау, сондай-ақ әділеттілік, ізгілік, жауапкершілік және төзімділік құндылықтарын дәріптеу.
Шара барысында қатысушыларға Нельсон Манделаның өмір жолы, оның адам құқықтарын қорғау жолындағы қажырлы еңбегі, бейбітшілік пен теңдік жолындағы тарихи қызметі туралы кеңінен ақпарат берілді. Қатысушылар тарихи тұлғаның өмірінен тағылым алып, оның ұстанымдарының бүгінгі қоғам үшін маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара аясында 5 сотталған алдын ала дайындаған тақырыптық қабырға газеттерін (стенд-газеттерін) көпшілік алдында қорғады. Қатысушылар өз жұмыстарында Нельсон Манделаның өмірі мен қызметін суреттер, дәйексөздер және көрнекі материалдар арқылы бейнелеп, әрбір жұмыстың мазмұны мен идеясын жан-жақты түсіндірді. Шығармашылық жұмыстар қатысушылардың ізденісі мен белсенділігін көрсетіп, тәрбиелік іс-шараның мазмұнын толықтыра түсті.
Осындай танымдық-тәрбиелік кездесулер сотталғандардың тарихи тұлғалардың өмірінен өнеге алуына, азаматтық жауапкершілігін арттыруына, құқықтық санасын қалыптастыруына және қоғамға қайта бейімделуіне оң ықпал етеді.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №67 мекемесінде сотталғандарды тәрбиелеуге, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.