«Мен үшін адам деген ат қымбат»

1 167

«Адам ұрпағымен мың жасайды». Ал, өскелең ұрпақтың саналы, еңбекқор болып өсуі алған тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты. Осы орайда ұзақ жылдар бойы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаздардың бірі, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматованың айтары аз емес. Ол жай оқытушы ғана емес, әдебиетке жақындығымен, ақынжандылығымен, әрбір шәкірті үшін шын жүрегімен беріле еңбек етуімен ардақты. Доценттің он жылдан астам уақыт бұрын университет студенттерінен құрған «Жасын» әдебиетшілер ұйымы әлі күнге жұмыс істеп келеді. Сол ұйымда тырнақалды туындыларын жазған талай жас қаламгерлер бүгінгі таңда елге танылып та үлгерді. Жүрегіндегі шексіз мейірімі жанарларынан байқалып тұратын ұстаз-анамен сұхбаттасып, қоғамның түйткілді мәселелері төңірегінде сырласқан едік.

– Сейсекүл Молдабекқызы, сізді көпшілік негізгі қызметіңізден бөлек әдебиет жанашыры ретінде де жақсы біледі. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, «жанам деген жүрекке от беріп», жас таланттардың жарқырай көрінуіне септігіңізді тигізіп жүрсіз. Ал, өзіңіз әдеби көркем туынды жазасыз ба?
–«Тағдыр» деген бір құдірет бар ғой. Кез келгенді өз билігіне иітіп әкетеді. Әсіресе, қыз балалар тағдырдың ығына жығылады. Себебі, қыз бала жат жұрттық, дүниеге сәби әкеліп, бала тәрбиесімен айналысады, күйеудің күтімін жасап, қайын жұртқа қызмет етеді. Мен де сол тағдырдың дегеніне көніп кетпесем, бәлкім үлкен көркем туындылардың иесі болар ма едім…
Мектепте оқып жүргенімде өлең жазып, сол кездегі оқушылардың баспасөзі «Қазақстан пионері» газетіне жіберетінмін. Қашан газеттен оқығанша асығып, күнде пошташының жолын күтіп жүрген кездерім әлі есімде. Газет бетінен өз өлеңдерімді оқығанда менен бақытты жан жоқтай сезінетінмін. Бізді студент кезімізде ауыл шаруашылығының жұмыстарына жіберетін еді. Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жүргенімде Қостанай өңірінің шаруашылығына көмектесуге бардық. Бір орыс апайдың пәтерінде тұрдық. Келесі шаруашылыққа көшерде өлеңдерім жинақталған 2-3 дәптерімді шағын жәшікке салып, бетін шегелеп бекітіп, қалдырып кеткенмін. Қайтып келгенімде таппай, орнын сипап қалдым. Әлгі пәтер иесі ішкілікке жақын кісі еді, студент қыздардың көтере алмай қалдырып кеткен заттарының бәрін жоқ қылыпты. Адам баласына өз жанынан шыққан туындылары төл перзентіндей қымбат қой. Соншама жинақтарымды жоғалтқаным жаныма қатты батып, тауым шағылды ма, өлеңнен бетім қайтып қалды.
Анам Ұрқия көпті көрген, тағдыры шиырланған кісі еді. Студент кезімде «Апа, сен туралы кітап жазамын» деппін. Кейін тұрмыс құрып, баланың, жұмыстың қамымен жүріп есімнен шығып кетсе керек. Ал, ол апамның жадынан өшпепті. Кандидаттығымды қорғайын деп диссертация жазып жүргенімде апам соны есіме салды. Уақыт тығыз. Содан кітап жазғаннан гөрі апам туралы деректі фильм түсіруді жөн санадым. Жергілікті телеарнаға өтініш жасап, анам жайлы деректі фильм түсіріліп, көрсетілді. Апамды көшеде кездестіргендер оны телеарнадан көргенін айтып, марқайтыпты. Мен міндетімнен құтылдым ғой деп ойладым. Бірақ, апам «кітап жазамын» дегенімді ұмытпай, күтумен өмірден өтті. Ол кісінің қиыр-шиыры көп тағдыры бір кітапқа тұрарлық еді. Сол түрткі ақыры «Сағыныш» атты деректі повестті дүниеге әкелді.
– Естуімізше, қолыңызға қазақтың қара домбырасын алып, айтысқа да қатысыпсыз…
– Иә, ойламаған жерден Рәт Өзбеков ағаммен айтысу бұйырғаны бар. Жуалы ауданындағы орта мектепте мұғалім болып жүрген кезім. Бауыржан Момышұлындай батыр, Шерағаңдай өткір тілді жазушы туған ауылда сол кісілерге арналған ешқандай нысанның жоқтығы қатты ойландырып, мектебімізден музей-кабинет ашқанмын. Ашуын аштым, бірақ оған не қоярымды білмедім. Төрге Баукеңнің үлкен портретін салғызып ілдім. Қасына Шерағаның суретін Батырдікінен сәл кішіректеу етіп жасатып, орнаттым. Бұрын Мұхтар Әуезов «Өскен өркен» романын жазғанда осы Жуалыда болыпты дегенді естіп, сол туралы қысқаша мәлімдеме жазып, жазушының суретін қойдым. Сол ауданның редакциясында талай жыл жемісті еңбек еткен Амангелді Ормантаевтың, одан бері өз мектебіміздің өлеңге құмар ақынжанды жастарының суреттерін топтастырдым. Шеберханадағы ағаш ұсталарына жалынып жүріп, қалдық материалдарынан стеллаж жасаттым. Зейнеп Ахметовамен байланысып, Баукеңнің папкаларын, сол секілді біраз дүниелерін әкеліп, стеллажымызға орналастырдым. Және Шерағаңның қарындасы да жазушының дүниелерін табуға үлкен көмегін берді. Материалдар жинауға оқушыларым да қолғабыс етті. Сөйтіп, ешқандай қаржы қарастырылмай-ақ музей-кабинет аштық. Бір күні сол кабинетте сабақ өтіп тұрсам, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Сәбит ағай келіп, облыстан бір кісілердің келгенін айтып, соларға музей-кабинетімізді көрсетуге рұқсат сұрады. Жасы үлкен ағалар ішке енді. Сөз арасында кабинетімізді мақтап тұрып «Қазақтың бетке ұстар азаматтары дүниеге келген жерде Бауыржанға арналған бірде бір белгі жоқ. Оған қоса, міне енді бұл ауданнан айтыскер ақын да шықпай тұр» деді. Мына сөздері намысыма тиіп кетті. Әуелгіде үндей қоймадым. Кабинетімізді ұзақ аралап, шығар кезінде тағы да «Бұл ауданның айтыскері жоқ, жеңіс біздікі» деп мысқылдай күлді. Шыдай алмай сөзге араластым. Намысымды жаныған сөздерінің мәнін сұрадым. Облыс аудандардың арасында шығармашылық байқау ұйымдастырып, Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласы мен Жуалы ауданының ақындарын айтыстырмақшы екен. Менің намысыма тиген сөзді айтқан Рәт аға айтыс алдында ауданмен танысуға келіпті. Егін науқаны, елдің бәрі егістікте, аудандағы мәдениет бөліміндегілер «Бізде айтысатын ақын жоқ» деп бұл кісілерді тезірек шығарып салмақшы болыпты. Содан үнсіз қала алмай, «Бұл ауылдан да ақын шығады, текке даурықпаңыздар! Жігіттерге де намысын жібермейтін қыздар бар» деген сөздердің қалай аузымнан шыққанын білмеймін. Сірә, Құдай аузыма салды-ау деймін. Қонақтар кеткен соң Сәбит ағайға барып «Мен айтысқа қатысамын, қазір үйге барып, дайындала берейін» дедім. Ағай ойланып тұрды да «Шынымен айтысқа қатысуға бел бусаң, онда бар, дайындал! Намысты қолдан берме! Жарайсың!» деп қалған соңғы сабағымды басқа мұғалімге тапсыратынын айтты. Алып-ұшып үйге келіп, жолдасым Наурызбайға балаларды тыныштандыра тұруын өтініп, бөлмені іштен бекітіп алып, өлең жазуға кірістім. Қазіргі Таразымызды ол кезде Жамбыл қаласы дейміз, соның кем-кетігін тіздім. Несін жасырамыз, ол уақытта қала өте лас еді. Жастардың тәртібі қиын, балалар арасындағы басбұзарлық өршіп тұрған уақыт. Сосын жиі айтатынымыз – химия зауыты, қою қара түтіні ауаны ластап жататын. Осының бәрін сынға алып жазған шумақтарымды Сәбит ағайға көрсеттім. Ол кісі де біраз жеріне қосты, қажетсізін алды. «Енді бұны қалай айтамын?» дегенді ойластырдық. Домбыра тарта алмаймын. Аздап ән айтатыным бар. Содан мектептің музыканты домбыра үйретуге кірісті. Облыстық жарысқа екі-ақ күн қалған. Музыкантымыз маған домбыраның тілін түсіндіре алмай, 2 күн әуре болды. Ақыры, өзі артымда домбырамен сүйемелдеп отыратын болды. Қас қылғанда сайысымыздың айтыспен басталмасы бар ма. «Шешінген судан тайынбас» деп, сахнаға шықтық. Ұлттық киімімді киіп, шумақтарымды айтып, домбыраны қолыма ұстап отырамын, артымда музыкантым шертеді. Қарсыласым Рәт аға «Оркестр әкеп, артыңа отырғызбадың ба?» деп тілмен түйреп алды. Оған да қайтпадық, жан қысылғанда бәрі де шығады екен. Сол жерде ұйқастар өзі келіп, Рәт ағаның сөздеріне жауап таптым, әйтеуір. Айтысымыз аяқталғанда орнымнан тұрсам, қолымды домбыраның мойнынан ала алмаймын, тек бір жерінен ұстап отыра берген соң қарысып қалыпты. Сонысымен ерекше есте қаларлық қызықты айтыс болды. Нәтижесінде қазылар алқасы екеуімізді теңдей бағалап, республикалық айтысқа жолдама берді. Бірақ, мен «Ауданның намысы үшін ғана қатысқан едім, енді ары қарай айтысқа бармаймын» деп келесі кезеңнен бас тарттым.
– Әдебиетке мұнша құштар еткен өзіңіздің ұстазыңыз кім?
– Жуалы ауданындағы Жаңаталап ауылында 8 жылдық мектеп бар еді. Сонда білім алдым. Бізге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Жақсылық Мұрсатов деген ағайдың әдеби шығармаларды түсіндіруі, талдауы, көркем сөзбен өрбітіп, әңгімелеуі маған қатты әсер етті. Сосын әкем марқұм ішкі ойын шумақтатып жеткізіп, күнделікті көрген-білгенін халық әндерінің мақамына салып айтатын. Күлдіргі жағдайларды өлеңдетіп өрнектейтін. Менің не жазғанымды күнде сұрап, қадағалап отыратын. Осының бәрі ықпал еткен болар. Әкем мен анам бір шаруаны ақылдасқанда мені қасына алып, тіпті, кейбір мәселелерге «Солай етсек қалай болады?» деп менің де пікірімді сұрайтын. Тоғыз баланың үлкені болған соң ба, маған жауапкершілікті ерте жастан сезіндіріп баулыды.
– Бүгінге дейінгі еңбектеріңізге қарағанда, көптің көзіне түсе бермеген ақындарды тауып, шығармаларын жастардың арасында насихаттауға бейімсіз. Ақындарды бағалауыңыз бөлек, мұнымен нені мақсат еттіңіз?
– Сірә, өлеңге ғашық болып, ары қарай өзім алып кетпегендіктен де шығар, мен ақындарды жақсы көремін. Жаныма жылы тиген өлеңнің авторымен сырласқым келеді. Әдеттегі жұмыс күндерінің бірінде кешкісін үйге қайтып бара жатып, орталық алаңда отырған 3-4 жігіттің арасында біреуі мәнерлеп өлең оқып отырғанын құлағым шалды. Кілт тоқтап, келесі орындыққа жайғасып, өлеңді аяқтағанша тыңдадым. Әдемі дауыспен өлең оқып тұрған жігіт асықтай ғана, аласа бойлы. Бірақ, мәнері жүрегіме сондай жылы тиді. Оның кім екенін сұрайтын сол тұстан адам таппай кетіп қалдым. Кейін көп ұзамай тағы да сол жігіттің әуезді дауыспен әсерлі өлең оқығанын естідім. Сұрастырсам, білетіндер «Серік Томанов деген осы» деді. Бірақ, ол кісіні жиі ішіп жүретіндіктен жұрт онша бағаламады. Оның өлеңдерін оқып, жандүниесі таза, мейірман адам екеніне көзім жетті. Содан студенттеріме келіп, «Серік Томановпен кездесу өткізейік» деген едім, бәрі қолдай кетті. Әуелі балалар ақынмен жақын тіл табысу үшін кездесуді өз аудиториямызда ұйымдастырдық. Серік кез келген ситуациядан жол таба білетін, қасындағылардың ішкі ойын суырып алып айтқызатын сондай көпшіл ғой. Студенттермен өте қызықты әңгіме-дүкен құрып, кездесу бәрімізге ұнады. Содан біршама уақыт өтті. Бауыржан Үсеновтің, тағы біраз жергілікті ақындардың шығармашылық кештерін өткіздік. Бір күні студентім Азамат Есалы келіп, Серіктің денсаулығы нашарлап жүргенін айтты. Шынымен де Секеңді ауруға қимай, қайтсем де жабырқаған көңіліне демеу болар бірдеңе жасағым келді. Азаматпен ақылдасып, тағы да ақынды университетімізге шақырып, шығармашылық кешін ұйымдастыруды жоспарладық. Алдын ала ақынды шақырып алып, кештің өткізілуін кеңестік. Елдің алдына шығатын болған соң, сахнаға киер костюм іздедік. Құдай өзі сәтін салар ісінің бәрін де икемдеп тұрады екен. Үйдегі сандығымды ақтарсам, бір шағындау пиджаг-шалбар, жейдесімен көзге түсті. Ертесіне кабинетке әкеліп, Серікке кигізіп көрсем, бойына қона кетті. Студенттер өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасап, сахнаны сондай әдемі күз бейнесіне келтіріп безендірді. Өзі де қараша айы болатын. Кешімізге 2 күн қалғанда басшылық шақырып алып, «Кімнің кешін өткізбексіңдер, жан-жақтан қоңырау шалып, ол адамның ел алдына шығаруға лайық еместігін, үнемі арақ ішіп жүретінін айтып жатыр» деп әбден ұрысты. Тіпті, көңіл-күйімізді нілдей бұзды. Қасымда өзімнің студентім болған, кейін біздің кафедраның оқытушылығына жұмысқа кірген Қуаныш Қолқаев бар. Екеуіміз алған бетімізден қайтпадық. «Бізге сеніңіздер, бәрінің көңілінен шығатын тамаша кеш болады» деп сендірдік. Бірақ, жоспарлаған күн туып, белгілеген уақыт таяғанда Серік кешікті. Ел дегенің көп жиналған. Біразы залға сыймай далада тұр. Сағат 13.00-ге деп шақырғанбыз. Он минут өтті, негізгі кейіпкеріміз әлі жоқ. Маған ескерткен басшылар алдыңғы қатарға жайғасып алып, мені көзбен сүзіп отыр. «Енді не істеймін?» деп дәрменсіз күйде далаға атып шықтым да, есік алдында тұрып жыладым. Сағат 13.00-ден 20 минут кеткенде Серіктің төбесі көрінді. Қасына жүгіріп барып, жыларман күйде жағдайды айттым. «Қазір әпке, уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады» деді де тез-тез басып, алға шығып кетті. Сол жүріспен тіке сахнаға көтеріліп:
Жол бойына жерлеңдер мен өлгенде,
Өлген соң да не жетсін еленгенге.
Бейітімді көргендер есіне алсын,
Бейім еді өзі деп, өлеңге де, – деген өлеңін әуезді дауысымен ағытты-ай кеп. Жиналған жұрт көзіне жас алды. Сырттағылардың бәрі ішке кіріп, зал лық толған. Әлгі мені көзімен атып отырған басшы жылышыраймен қарап, ымдап шақырды. Қасына барсам «Гүл алдыңдар ма?» дейді бет-әлпетінен ризалық сезіліп. «Уф!» деп үстімнен ауыр жүк түскендей жеңілдеп сала бердім. Кешіміз өлеңмен әдемі өріліп, көптің көңілінен шықты.
Бірде қолыма Артығали Ыбыраевтың өлеңдері түсті. Оқығанда, өзіндік ерекшелігі бар, мәні терең екенін ұқтым. Бірден ұйытып әкетті. Содан ақынды іздедім. Сұрастыра жүріп, оның дүниеден тым ерте өткенін естідім. Аз ғұмырында сүбелі сөз айтқан жыр қалдырыпты. Тағы да студенттеріммен ақылдасып, ақынның кешін жоспарладық. Көз көргендерді іздедік. Жақын-жуықтарын шақырдық. Адам өте көп келді. Ақынның рөлін Ерлан Жүніс сомдады. Елен Әлімжан аға да келіп, мінберге шығып сөз сөйледі. Елен аға өзі айтқанда білдім. Кісі қолынан қаза тапқан Артығалидың мәйітін алғаш Елен аға көріпті. «Тараз» қонақүйінің артындағы балалар ауруханасында жатқан немересіне таң азанда бара жатқан Елен аға ғимараттың қабырғасына сүйеніп, құлап жатқан кісіні көзі шалады. Лезде қасына барса, әп-әдемі жас жігіт. «Тіпті, өлімге қимайсың» дейді. Кейін білсе, сол жалынды жыр тудырған Артығали екен.
Кешімізге қатысқан туыстары риза болып, алғыс­та­рын айтып кетті. Көп ұзамай Алматыдан, Қазақстан Жазушылар одағынан бізге ұсыныс түсті. Артығалидың кешін одақта өткізіп беруімізді сұрады. Әсерлі кешті ұйымдастырған студенттеріммен бірге бір топ құрам Алматыға барып, Артығалидың шығармашылық кешін ойдағыдай өткізіп, тама­ша­ла­ған­дар­дың разылығына бөле­ніп келдік.
Осындай тәрбиелік мәні зор, әсерлі іс-шараларды тек студенттеріммен бірге ұйымдастырдық. Қажетті қаржыны да өз қалтамыздан шығардық. Ондай іс-шаралар үшін ақша бөлінбейді. Сондағы мақсатым – білім іздеп келген жастарды тек теориялық түрде оқытумен шектелмей, ақындардың жалынды жырлары­мен, мағыналы шаралармен жан азығын беру. Шүкір, діттеген мұратыма жеттім деп ойлаймын. Сол кездегі студенттерімнің көбі қазір шұрайлы шығармаларымен елге танылған тұлғаларға айналды. Міне, менің дамыл­сыз еңбегімнің жемісі – солар.
– Қазіргі уақытта облысымыздың бұқаралық ақпарат құралдарының басым көпшілігінде сіздің шәкірттеріңіз жемісті еңбек етіп жүр. Алайда, өзіңізді суреттейтін жариялымдар жоқтың қасы, көпшілік алдына жиі шыққыңыз келмейтін секілді ме, қалай?
– Менің ұстанымым сондай, елге тек еңбегім ғана көрінсе деймін. Өзім қарапайым көптің бірімін. Ең бастысы – көпшіліктің кәдесіне жарасам болды. Әдеби кештерді ұйымдастырғанда да студенттерім шараны қорытындылап, сөз сөйлеуге шақырса, сахнаға шықпайтынмын. Көптің алдына шығып, көсіліп сөйлеуден қашамын. Ел мені сөзіме, түріме қарап емес, еткен еңбегіме қарап бағалағаны құнды.
– Сізді шәкірттеріңіз «Ұстазымыз ғана емес, нағыз жанашыр анамыздай болды» дейді. Сол риясыз байланыс кейін де жалғасын тапты ма?
– Әрине, жалғасын тауып жатыр. Қазіргі күні бірқатар студенттеріммен отбасылық достарға айналдық. Жиын-тойымызда араласып, қандай да бір үлкен іс бастарда бір-бірімізді шақырып, ақылдасып отырамыз. Студенттерім ғана емес, мектепте мұғалім болғанымда сабақ берген оқушыларым да келіп тұрады. Еңбек жолымды облыстық музейдің ғылыми қызметкерлігімен бастап, кейін Жуалы ауданындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім. Сабақ барысында кімнің ынтасы бар, қайсысы селқос екенін байқайсың ғой. Әдебиетке өте жақын Нүрила деген оқушым бар еді. Мектеп бітіргенінде Алматыға жоғары оқу орнына емтихан тапсыруға барарында қатты дайындалып, менімен ақылдасып кеткен. Қазіргідей байланыс дамымаған кез. Ауылға келуін асыға күтіп, сынақтан сүрінбеуін тілеп, жолына қарап жүрмін. Бір күні үйдегілерге түскі ас әзірлеп жүрсем, Нүрилам сыртқы есіктен кіріп келді де жылап қоя берді. Бірден не болғанын түсіне алмай, қасына жүгіріп барып, «Оқуға түсе алмай қалдың ба? Ештеңе етпейді, өмір алда» деп жұбатып жатырмын. «Жоқ, түстім» дейді ол. Аң-таңмын. «Енді неге ботадай боздап тұрсың?» десем, «Апай, қолыма билетті алып, жауап бере бастағанымнан мен емес, сіз сөйледіңіз. Сол сәтте құлағыма сіз билеттегі сұрақтың жауаптарын сыбырлап айтып тұрдыңыз. Мен тек сіздің айтқандарыңызды қайталай бердім. Емтиханнан алған 5-ім сіздікі» дейді көз жасын қос қолдап сүртіп. Сол Нүрила оқуын озат бітіріп, журналист болды. Кейін тұрмысқа шығып, басқа өңірге кетті.
Үлгерімі жақсы балаларға қарағанда, сабаққа салғырт қарайтындармен жұмыс істегенді жақсы көретінмін. Әсіресе, қиын балалардың тілін табуға тырысатынмын. Басқа мұғалімдер «Оқуы нашар, өзі бұзық» деген балалардың жанына үңілгім келетін. Себебі, баланың бәрі бірдей. Тек кейбіреулері ішкі ойын ашық жеткізе алмай немесе қалағанына қолы жетпегендіктен басқаларға қырсығады. Әр баланың мінез-құлқы әртүрлі ғой. Кейбіреулері әлдекім ескерту жасап, ұрысса соған қырсығып-ақ бәрін керісінше жасайды. Сондықтан да тек баланың емес, адамзат атаулының жанын ұғынуға әрекет етсек, жаман адам жоқ. Мен үшін Адам деген ат қымбат. «Атымды Адам қойған соң, қайтіп надан болайын» деп Абай айтпақшы, әр тұлғаның өзіндік ерекшелігі бар. Тек бір-бірімізді жете түсіне алмай, қарым-қатынасымызға сызат түсіріп жатамыз.
Сыныбымда тәртібі өте қиын Сәбит деген бала болды. Басқалар Сашка деп атап кеткен. Үйлерінде 14 ағайынды, 10-ы ер балалар. Тұрмыстық жағдайлары төмендеу болғандықтан ба, тым тентек еді. Мен оның тілін табу үшін оған өзі секілді сөйлейтінмін. Кейде қалжыңдап та алам. Әйтеуір, тәртібін бірқалыпты сақтап, сабақ үлгерімін тұрақтандыруға тырысатынмын. 8-сыныпты бітіргенінде оқуын училищеде жалғастыруға кеңес бердім. Тілімді алды. Жуалыда негізінен картоп өсіреді ғой. Жаңағы Сәбит оқуымен қатар картоп жинауға көмектесіп, алқапта жұмыс істепті. Күзгі күннің бірінде кешкісін үйге келсем, есік алдында 2 қап картоп жатыр. «Бұл қайдан келді?» десем, балаларым «Сіздің Сашкаңыз әкелді» дейді. «Ойбу, бұл жүгермек біреудікін ұрлап әкелмеді ме екен?» деп орнынан қозғатпадым. Кейін Сәбит егістікте жұмыс істеп, еңбекақысына 2 қап картоп алып, алғашқы адал табысын маған сыйламақшы болғанын өзі айтқанда көңілім босады. Міне қарашы, бәрі «тілазар» деп теріс айналған баланың жансарайы қандай бай. Өзіне демеу көрсеткен жанға риясыз пейілін адал еңбекақысымен білдіруді білген адам қалай жаман болмақ? Сол Сәбит те өмірден өтті…
–Балаларыңыздың ішінде сіздің жолыңызды қуағандары бар ма?
–Қыздарым менің мамандығымды таңдап, әдебиет саласында еңбек етіп жүр. Келінім де филолог, көркем сөз оқудың шебері. Үлкен қызым Шолпан мектеп бітірген тұста экономика мамандығы кез келгеннің қолы жетпейтін, сұранысқа ие еді. Сондықтан, қызымды өз қалауына ерік бермей, экономикаға түсірдік. Үмітті ақтап, жақсы оқып шықты. Бірер жыл өз мамандығымен жұмыс істеді. Бәрібір жүрек түкпіріндегі құлшыныс өз еркіне әкетеді екен. Қызым кейін қазақ тілі мен әдебиеті факультетін оқыды. Мектепте жүргенінде жазған шығармаларымен ұстаздарын сүйсіндіретін. Ол да, екінші қызым Айман да колледжде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері. Үшінші қызым Манзура бала кезінен әдебиетке ғашық, поэзияға құштар еді. Университет қабырғасында жүргенінде-ақ көркем сөзді шебер оқуымен көзге түсіп, үлкен сахналарда өтетін кештерді жүргізуге арнайы шақыртумен қатысатын. Жанып тұрған жас еді. Тараз мемлекеттік университетін тәмамдайын деп тұрғанында, 19 жасында аяқ астынан дүниеден озды. Ол өкініш жүрегімді қатты өртеп кетті. Бұл да бір Тәңірдің сынағы ғой…
Ал, ұлым мұнайшы мамандығымен қоса заңгерлікті меңгеріп, қазір заң саласында қызмет етеді. Енді немерелерімнен әдебиетке бейімдігін байқаймын. Нұрай есімді немере қызым мәнерлеп оқудан Халықаралық байқаулардан жүлдегер.
– Мұсылманның бес парызының бірі қажылық­қа барып келіпсіз. Кейінгі уақытта дін қоғамның күр­делі мәселесінің біріне айналды, дінге деген көзқарасыңыз қандай?
– Иә, қасиетті сапар 2010 жылы 60 жасқа толғаным­да бұйырды. Адамзаттың биік болмысын көрсетіп, кейінгі үмбеттеріне үлгі етіп кеткен сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с) жүрген, ізі қалған мекенге барып, Тәңірге тәу етіп, зиярат жасап келдік. Расында да қажылықтың әсері ерекше. Жандүниеңмен бір тазаруды сезінесің. Фәнилік дүние үшін жақын-жуық­тар­дың жанына жара салып, небір ауыр сөз айтып, пендешілік әрекетке барғанымыздың бәрі бекер екенін шын ұғынасың. Бұл өмір сынақ екенін көзбен көріп, қолмен ұстағандай түсінесің.
Біздің халықтың менталитеті Ислам шариғаттарына сай келеді. Бірақ, сырттан енген жат пиғылдылар өз саясаттарын жүргізу үшін діннің атын жамылып жүр. Соның салдарынан қоғамда дін күрделі мәселеге айналды. Әйтпегенде, нағыз Ислам өмірді мағыналы сүріп, адам деген атты ардақтап, соған лайықты, сыйлы жолмен жүруді, тазалықты, адалдықты дәріптейді. Өмірдің қым-қуыт түйіндерінің бәріне де ұтымды жауапты Құраннан табасың. Сайып келгенде, Құран Кәрім таптырмас тәрбие әдістемесі, көркем шығарма. Кафедрамызда бірге жұмыс істеген марқұм Қапаш Тасболатов деген ағамен бірге «Құранды мектепте оқытудың тиімді жолдары» деген әдістемелік кітап жазғанбыз. Бұрын біз оқушы күнімізде «Дін жоқ» деген түсінікті мектепте миымызға құйып, университетте атеизм деген арнайы пән оқытты. Сол заманның өзінде әкем бізге Исламның нұрын сезіндіріп өсірді. Кішкентай ғана үш бөлмелі қоржын тамымыз бар. Соған ораза айында ауылдың ақсақалдарын шақырып, «Тарауықты біздің үйде оқыңыздаршы» деп жалынып жүретін. Ал, былайғы уақыттары күнде астан кейін Құран оқитын. Әкемнің тәрбиесімен бала күнімізден «Фатиха» сүресін жатқа білдік, жүрегімде құдіретті Жаратушының барын сезіндім. Мектепте, оқу орындарында қанша жерден атеистік бағытты насихаттаса да ешбірін іштей қабылдамайтынмын. Себебі, дінсіз өмір сүру мүмкін емес.
– Қазірде доцент, филология ғылымдарының кандидатысыз. Алдымен анасыз, бір әулеттің шамын жаққан келінсіз, жарсыз. Осынша жауапты міндеттерді қатар атқаруға желдей зымыраған уақытты қалай жеткізесіз? Жолдасыңыздың қолдауы қандай?
– Рас, уақыт ештеңеге үлгертпейді. Жаратқан Иемізден кейінгі менің үлкен қолдаушым – жолдасым. Жұмысымның жайын түсініп, шығармашылық еңбектеріме еркіндік беріп, жабырқаған сәттерде жұбататын сөз тауып, көмектесіп отырады. Егер отағасым осындай болмаса, мен бүгінгідей биікке жете алар ма едім? Жан жарым Наурызбайға алғысым шексіз. Менің әрбір жетістігімде оның үлесі зор.
– Сіздің потенциалыңызға қарағанда, кез келген ұжымды ұйымдастырып, қандай істі де иіріп әкетуге мүмкіндігіңіз мол. Бірақ, қызметте өсуге не кедергі?
– Дәл осы сұрақты біраз жыл бұрын Мекемтас аға қойып еді. Мекемтас Мырзахметұлы 1969-1975 жылдар аралығында ол кездері институт аталған осы университетімізде кафедра меңгерушісі болды. Бір күні мені шақырып алып, «Сейсекүл, сенің қабілет-пайымың біраз жауапты істерді атқаруға жетеді. Әлі күнге дейін диссертация да қорғамадың? Қашан өсесің?» деп сұрақты төтесінен қойған. Қазақтың бетке ұстар азаматы кафедрамызды басқаруға келгелі бері «Сөз естіп қалмасақ екен» деп әр адымымызды аңдап басып жүретінбіз. Сол кісі мынандай сұрақ қойғанда не дерімді білмей қалдым. «Жас күнімізде бала-шаға, жұмыс деп жүріп ол жағын ойламаппын, енді жасым ұлғайғанда қайдан диссертация жазайын» дедім. «Онда университетте жұмыс істей алмайсың. Солтүстік өңірге барсаң, ондағы оқытушылар «Маған тақырып беріңізші, мен қорғайыншы» деп жеп қояды, ал біздің Тараздағылар ұйықтап жатыр. Бойларыңда бар қабілеттеріңді тиімді пайдаланбайсыңдар. Уақыттарыңды босқа өткізіп неге жүрсіңдер?» деді. Сол түрткі болып, диссертациямды 7 жыл жазып, кештеу қорғадым. Мекемтас аға Шу өңірінен шыққан Сауытбек Ұсаұлы деген, көп насихатталмаған ақынның шығармасын зерттеуді тапсырды. Ол – теңіздің тереңінде көміліп қалған жақұттай ақындардың бірі. Шұрайлы тілімен артына мол мұра қалдырғанымен көп материалдары сақталмаған. Кейінгі ұрпаққа көп таралмаған. Ол туралы материал табу қиынға соқты. Осындай асылдардың іздеушісі болған әдебиетші Раис Кереев деген кісі қолына түскен дүниесін архивке өткізе беріпті. Сол кісіге рахмет! Біраз дүниені архивтен таптым. Кейін Сауытбек Ұсаұлы туралы диссертациямды қорғағаннан соң Әлдихан Қалдыбаев аға облыстық газетке мақала жазып, еңбегіме оң баға берді. Өзі де Сауытбек Ұсаұлы туралы пьеса жазды. «Адамның күні адаммен» деген осы ғой. Қай-қайсысымыздың да қол жеткізген жақсылықтарымыздың ішінде басқалардың да елеулі еңбегі бар.
Ал, басшылыққа ешқашан қызыққан емеспін. Себебі, мен біреуге қатал дауыспен сөйлей алмаймын. Біреудің көңіліне тисем, өзім ауырамын. Адамның көңілін жоғары бағалаймын. Басшы болу үшін өктем сөйлеп, керек кезінде ұрысып та, жазалап та алу керек. Әйтпесе, жұмыс жүрмейді. Менің табиғатым ондай қатаңдыққа мүлдем жат.
– Әңгімеңізге рақмет.

Leave A Reply

Your email address will not be published.