Мектептерді жөндеп, техникамен қамтамасыз етуге 983 млн. теңге бөлінеді

339

Бүгінгі таңда Тараз қаласындағы 60 күндізгі және 1 кешкі мектепте 74 029 бала білім алуда. Өткен жылмен салыстырғанда оқушылар саны 3016 балаға өскен. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша орта бал 99,05-ті құрап, алдыңғы жылдағы көрсеткіштен 14,75  балға артқан. Бұл туралы қала әкімі Айтқазы Қарабалаев өзінің қорытынды есеп беру жиынында мәлімдеді.

– Қалада 64 мемлекеттік және 68 жекеменшік мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызмет атқарады, онда 20 047 бала тәрбиеленуде. Өткен жылы қалалық бюджеттен 146,9 млн. теңге қаржы қарастырылып, №18 бөбекжай-бақша ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Мектептердің материалдық-техникалық жағдайын нығайту мақсатында 2019 жылы робототехника, IT, лингофондық кабинеттерін  алуға 144,6 млн. теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде мектептердегі модификациялы сыныптардың саны 116 бірлікке жетті.

Сондай-ақ, қала маңындағы ара қашықтығы 3 шақырымнан асатын «Шалғай Қарасу» және «Шөлдала» алқаптарынан қатынап оқитын оқушыларды көлікпен тасымалдау мақсатында №50 және №59 орта мектептерге 2 автобус сатып алынды. Бүгінгі таңда, мектептердегі 15 автобустармен 2388 оқушы тасымалданады. Есепті жылы 9 мектеп пен 7 бөбекжай-бақшаны ағымды жөндеуден өткізуге 70,6 млн. теңге қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді шаһар басшысы баяндамасында.

Сондай-ақ, А. Қарабалаевтың айтуы бойынша, биыл №17 және №22  орта мектептерді күрделі және 19 мектепті ағымды жөндеуден өткізуге, 8 мектепке ішкі әжетханалар орнатуға, 30 мектепке бейнебақылау орнатуға, оқушыларды тасымалдауға 3 бірлік автобус сатып алуға, жаңа модификациялық 9 кабинеттер алуға және мектептерді 500 дана компьютермен қамтамасыз етуге барлығы 983,2 млн. теңге қаржы қарастырылып отыр екен.

Leave A Reply

Your email address will not be published.