Қордайлықтар көкейіндегі сауалдарын жолдады

44

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов тұрғындармен кездесулері жалғасуда.

Бұл жолы аймақ басшысы Қордай ауданындағы Отар және Кенен ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.

Облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысқан жиында ауылдықтар көптің көкейіндегі сауалдарын жолдап, жауаптар ала білді.

Округтегі 1386 аулада 11544 халық тұрады. 7 ауыл тұрғыны 1,2 млн. теңге қайтарымсыз грант алса, «Арыстан», «Мұзбел» шаруа қожалықтары мал шаруашылығы бойынша субсидияға қол жеткізген.

Округке ауыз су тартылып, барлық аула қамтылған.

Өз кезегінде отарлықтар жедел жәрдем көлігіне қатысты, мектеп кабинеттерін жаңарту, жайылым тапшылығы және басқа да мәселелерді көтерді.

Облыс әкімі барлық сұрақтарға облыс деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып жауап берді.

Дәл осындай кездесу Кенен ауылдық округінде де ұйымдастырылды.

Мұндағы тұрғындар тарапынан дәрігерлік амбулаторияны кеңейту, жол жөндеу, қоқыс жинау, республикалық автожолға мал өткелін салу секілді бірқатар мәселелерді алға тартты.

— Ауылдық округте бірқатар жұмыстар атқарылып, көптеген мәселелер шешілген. Ауданның кешенді даму жоспарына сәйкес әлі де атқарылатын жұмыстар аз емес.

Дәрігерлік амбулаторияға қатысты мәселені шешу ағымдағы жылы қолға алынып, келер жылы толығымен аяқталады.

Жалпы, 2023-2024 жылдары Жамбыл облысында 30 жаңа медициналық нысан бой көтереді. Күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін нысандар да назардан тыс қалмайды,-дей келе Нұржан Нұржігітов денсаулық сақтау саласындағы кейбір кемшіліктерді жедел реттеу бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Сондай-ақ, облыс әкімі тұрғындардың жергілікті билікке деген сенімінің, ортақ жауапкершіліктің маңыздылығын баса айтты.

Кездесу соңында аймақ басшысы ауыл тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.