ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ — БАСТЫ НАЗАРДА

258

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы-адам. Бұл-айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру-реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деп атап өткені белгілі. Шындығында да қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі.

Елімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүмкіндіктер жасалуда. Міне сондықтанда біз аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Сапарбеков Рыскелді Молдебекұлына жолығып, аталған мекеменің биылғы жылдың 11 айында атқарған жұмыстары туралы сұраған едік.
– Рыскелді Молдебекұлы алдымен аудандық орталық аурухана туралы қысқаша мағлұмат берсеңіз?

-Ауданымызда 111243 халық тұрып жатса, олардың РПН-да тіркелгені 92972 адам. Олардың ішіндегі 2235-і бір жасқа, 38731-і 18 жасқа дейінгі балалар. Туу жасындағы 19812 әйел есепте тұрады. Аудандағы барлық азаматтарға 44 емдеу мекемелері қызмет көрсетеді. Оны тарқатып айтатын болсақ аудандық орталық аурухана, аудандық емхана, 17 дәрігерлік амбулатория, 19 медициналық, 6 фельдшерлік-акушерлік тірек. Аудандық аурухана 133 төсектік болса оның 122 төсегі тәуліктікте, 11 төсек станционар. Ал емхана 350 тұрғынды қабылдауға арналған.
– Аудандық аурухананың мамандармен қамтылуы жайлы да айта кетсеңіз?

-Аудандық емдеу мекемелерінде бүгінгі күнге 115 дәрігер, 514 орта буын медицина қызметкерлері, 144 кіші мейірбикелер, басқада 121 адам қызмет жасайды. Ауданымыздың дәрігерлермен қамтылуы 10 мың тұрғынға шаққанда 11,4 пайызды көрсетеді.
Осы жерде ауданға келген жас мамандарға да тоқтала кеткен дұрыс болар. Жалпы облыс көлемінде дәрігерлердің жетіспейтінін жақсы білесіздер. Біз өткен жылдың 11 айында 9 жас маманды қабылдадық. Олардың 8-і жалпы тәжірибелі дәрігер болса, біреуі балалар дәрігері. Ал биылғы жылдың тиісті кезеңінде 10 жас маман қабылданды. Олар терапевт, педиатр, акушер-гинеколог және 7 жалпы тәжірибелі дәрігерлер. Енді бір-бірден анестезиолог-реаниматолог, фтизиатр, инфекционист, офтальмолог, лор дәрігерлері қажет болып отыр. Біз осындай қажетті мамандармен де келісім жүргізіп жатырмыз.
– Медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелерінің материалдық-техникалық базасы туралы да білсек?
-Өздеріңізге белгілі аудандық орталық аурухана да, аудандық емхана ғимараты да ескі екенін жасыра алмаймыз. Сондықтанда биылғы жылы мемлекеттен тиісті қаражат бөлініп, аудан орталығының күн батыс жағынан 3 қабатты заманауи үлгідегі 250 орындық аудандық емхана соғылуда. Бұл емхана жаңа жылдың алғашқы күндері пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал келесі жылы сол емхана жанынан 200 төсектік орталық аурухана соғылатын болады. Бүгінде бұл ғимараттың жері заңдастырылып, жобалық-сметалық құжаттарын дайындау жұмыстары қолға алынды. Бұлардан басқа, халық көп шоғырланған Байзақ, Түймекент ауылдарында 30, ал Абай ауылынан 20 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы аяқталып, алдағы күндері пайдалануға берілгелі отыр. Міне кейінгі 4-5 жылда әрбір ауылдарда осындай дәрігерлік амбулаториялар соғылып, ел игілігіне берілуде. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. Ал мұның барлығы мемлекетіміздің адам денсаулығына байланысты атқарып жатқан жақсылықтары деп түсінген дұрыс болар.
Өткен жылы Цифрлық рентгено-флюорографиялық аппарат, Дефибриллятор-монитор, Хирургиялық электрлік сорғыш, Пациент мониторы, УВЧ емдеу аппараты, Аудиоскринингка арналған система, Бактерицидный рециркулятор, Балалар және ересектер ларингоскопы, он екі каналды ЭКГ аппараты, ИВЛ аппараты алынып, мекемені қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау деңгейі 88,36 пайызға жетті. Ал биылғы жылы 5 оттегі концентраты аппараты алынғанын да айта кеткенім орынды болар.
Аудандағы 17 дәрігерлік амбулаториялар өздеріне қарасты аумақтардағы адамдарға жедел жәрдемнің 4 категориясына жататын шақыртуларды қабылдап, өздерінің алғашқы көмектерін береді. Алайда осы амбулаториялардың бесеуінде ғана халыққа алғашқы көмек беруге байланысты жеңіл көліктері бар. Өкініштісі сол қалған 12 дәрігерлік амбулаториялардың көліктері тозып, пайдалануға жарамай қалды. Жақында ғана жаңа бір көлікке қол жетті.
– Аудан халқы арасындағы аурушаңдық және демографиялық жағдай туралы да білгісі келетіндер бар?
– Ауданда өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда биылғы жылдың 10 айында аурушаңдық негізгі үш түр бойынша 100 мың тұрғынға шыққанда артып отыр. Олар туберкулезден 21,8-ден 22,8-ге, қан айналымы жүйесі ауруы бойынша 1732,0-ден -1854,0-ге, ал қатерлі ісіктен 76,1-ден 90,2 пайызға артып отырғаны өкінішті.
Биылғы жылдың 10 айында 2046 бала өмірге келген. Ал былтыр бұл уақытта 2293 бала дүние есігін ашқан болатын. Биыл бұл кезеңде 1 жасқа дейінгі 17 сәби өлімі тіркелсе, олардың да өзіндік себептері бар.
Биылғы жылдың 10 айында аудандағы жалпы өлім өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда анағұрлым кеміді. Былтыр өлім 1000 тұрғынға шаққанда 5,3 ал биыл 3,8 пайызды құрап отыр. Қатерлі ісіктерден болған өлім 36,5-тен 35,8-ге, қан айналымы жүйесінен 80,5-тен 49,3 пайызға төмендесе, жарақаттар мен уланулардан 33,7-ден 43,0 ге, жол – көлік апаттарынан 6,6-дан 12,5-ке, туберкулезден былтыр тіркелмесе, биыл 0,9 пайызға артқан.
Аудан бойынша учаскелік дәрігерлерде денсаулықтарына байланысты 8938 адам диспансерлік есепте тұрады. Оларға бекітілген тізім бойынша қажетті дәрі-дәрмектер тегін рецептімен босатылады.
– Ауырған адам жанына шипа іздеп ауруханаға барады. Сондай аурухана төсегінде жатып ем алып, сырқатынан толық жазылып шыққандар туралы да айта отырсаңыз?
– Аудан бойынша биылғы жылдың 11 айында дәрігерлер 250733 рет қабылдау жасаған. Олардың 77177-і ауруына дауа іздеп келгендер. Бұлардан бөлек 18753 адамға медициналық көмек үйге бару арқылы көрсетілгенінде айта кеткен орынды. Ал бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда анағұрлым кемігенін білдіреді.
Аталған мерзімде биыл аудандық ауруханадан 4258 адам емделіп шықса, 32 адам қайтыс болды. Күнделікті станционардан 189 адам емделіп шықса, 435 адам үй жағдайындағы станционарда ем қабылдаған. Науқастанғандар арасында 654 адам ауруханаға жоспарлы түрде жатқызылса, 3636 науқас шұғыл түрде хирургиялық, инфекциялық, перзентхана бөлімдеріне жатқызылып, ем қабылдады. Бұл көрсеткіштерде 2021 жылмен салыстырғанда көп төмен екенін көрсетеді.
– Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі туралы не айтасыз?
-Бұл жүйенің қолға алынғанына бірнеше жыл болып қалды. Солай болғанмен бұл туралы көп азаматтар әлі күнге толық түсіне бермейді. Аудандық орталық аурухана дәлізінде «24 касса» терминалы орнатылып, халықтың мәртебесін анықтау арқылы жұмыстар жүргізілуде. МӘМС жүйесі туралы халықты ақпараттандыру мақсатында көшеге 2 билборд ілінген. Аудандық аурухана дәрігерлері тиісті кезеңде 8 ауылдық округте болып, 387 азаматқа осы жүйе туралы түсініктеме жұмыстарын жүргізді. Одан басқа аудандағы 17 дәрігерлік амбулатория дәрігерлері күнделікті қабылдау кезінде ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Амбулаториялар, аурухана, емхана алдарына 2 баннер, 16 стенд жасалып, ілінді. Аудан тұрғындарына 350 буклет таратылып, аудандық «Ауыл жаңалығы» газетіне 13 мақала берілді. Аудандық орталық аурухананың сайтына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жөнінде тиісті ақпараттар орналастырылған. Ауданда бүгінгі күнге 19188 азамат сақтандырылған, олар толықтай өңдеуден өткізілді.
– Кейінгі 2-3 жылда елді есеңгіретіп, талай азаматтарымызды алып кеткен коронавирус инфекциясының алдын алу туралы қандай жұмыстар атқарылуда?
-Бұл ауру бізге ғана емес елімізге, тіпті әлем халқына оңай тиген жоқ. Талай асылдарымыз өмірден өтіп кетті. Осы аурумен ауруханаға түсіп, емделіп жазылып шыққандарда аз емес. Алайда биылғы жылы бұл ауру біршама бәсеңдегендей болып, жұмыста, оқуда бір ырғаққа түсті. Дегенмен «Жау жоқ деме, қыр астында» демекші, аталған аурудың алдын алу, онымен күрес ешқашанда бәсеңдемейді. 2022 жылдың 11 айында ауданда 28 адам коронавирус инфекциясына шалдықса, өкініштісі сол олардың арасында 6 айлық нәресте де тіркелді. Жақсы жері ешқандай өлім тіркелген жоқ. Коронавирустық инфекцияның жаңа толқынына дайындық ретінде аурухана 11 дана ИВЛ аппараты, 33 дана оттегі концентраты, 31 дана Бобров аппараты, 161 дана пульсоксиметр, 10 дана перфузор, 11 дана инфузоматпен қамтамасыз етілген. Аурухананың барлық бөлімшелеріне оттегі түтікшелері жүргізілген. Дәрі-дәрмек, басқа да қажетті заттармен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етіліп отыр.
– Профилактикалық скринингтен өту, ем қабылдау барысына да тоқтала кетсеңіз?
-Аудан бойынша қан айналымы жүйесі аурулары мен қант диабетінен скрингтік тексерілуге 6680 адам жататын болса, олардың 6534-і скринигтен өтті. Оларды ауру түрлеріне қарай жеке-жеке айтатын болсақ жатыр мойын обырынан тексерілуге жатқаны 3001 адам болса өткізілгені 2864 адам. Сүт безі обырынан тексерілуге жатқаны 2935, ал өткізілгені 2065 адам, тік және тоқ ішек обырынан тексерілуге жатқаны 2791, ал өткізілгені 2930 адам, глаукомадан тексерілуге жатқаны 6680, өткізілгені 6534 адам, 0-17 жас аралығындағы балалардың тексерілуге жатқаны 35575, өткізілгені 31444 адам. Осы жерде «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы бойынша 8 нысаналы индикаторлардың 6-ы орындалғанын айта кетейін. Нәресте өлімінің деңгейі мен мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамту жағдайы түрлі себептерге байланысты орындалмай отыр.
– Биылғы жылы денсаулық саласы бойынша көптеген жұмыстардың атқарылғанына көзіміз жетіп отыр. Енді осы салада еңбек етіп, халықтың алғысына бөленіп жүрген алдыңғы қатарлы ұжымдар мен жекелеген ақ халатты абзал жандардың есімдерін де білгіміз келеді?
-Дәрігерлер туралы айтқанда өзінің алғашқы еңбек жолын 2011 жылы ауруханада терапевт болып бастаған Қуатов Әсет Берікұлын ерекше атап өтуге болады. Тәжірибе жинақтап, біліктілігін шыңдай түскен ол даярлау курсынан өтіп 2017 жылдан бері ауруханадағы «Анестезиология және реаниматология» бөлімін басқарып келеді. Білікті дәрігер жылына шамамен 500-ден астам отаға қатысып, анестезиологиялық көмек көрсетеді. Ол жақында Жамбыл облыстық әкімдігі денсаулық басқармасының қолдауымен Түркияның Стамбул қаласында ISTANBUL AYDIN UNIVERSITY Medical Park Flory ауруханасында тәжірибеден өтіп, біліктілігін жетілдіріп қайтты. Міне мұндай өз мамандығын жетік білетін, қолы жеңіл алдыңғы қатарлы білікті дәрігерлер біз де ондап саналады.
Аудандағы денсаулық саласы үлкен ұжым болғандықтан мұнда ел алғысына бөленіп жүрген азаматтардың көп болуы заңдылық. Олардың қатарында ауруханада ұзақ жылдардан бері табысты еңбек етіп келе жатқан БМСК басшысы Г.Маханбаева, Байзақ, Қызыл жұлдыз, Жетібай дәрігерлік амбулаторияларының дәрігерлері З.Құрбанова, М.Сегізбаева, Б.Аянбаев, орталық аурухананың ота, жұқпалы аурулар бөлімшелерінің меңгерушілері Ғ.Тілепалдиев, Б.Сабыркеевалардың есімдерін ерекше ілтипатпен атап өтуге болады. Сондай-ақ аудандық емхана, аурухана, ота бөлімшелері, Абай, Көктал дәрігерлік амбулаторияларының медбикелері А.Ксенбаева, Б.Қашқынбаева, С.Ауытова, Ғ.Шөпшекова, Г.Ахметовалар да халықтың алғысына бөленіп жүрген жандар.
Аудандық емхананың балалар дәрігері Л.Еламанова, жалпы тәжірибелі дәрігер А.Биматова, Абай дәрігерлік амбулатория, Тегістіктің аға дәрігерлері Н.Сейсенбайұлы, Б.Қонысбековтер жастықтарына қарамастан өз міндеттерін жақсы білетін, келешектерінен мол үміт күттіріп отырған жастар. Аудандағы халық көп шоғырланған аға дәрігерлер А.Мейірбекова, Қ.Құлжабаева, М.Сегізбаевалар басшылық ететін Бурыл, Түймекент, Қызыл жұлдыз дәрігерлік амбулаториялары ұжымдарының қызметіне халық қашанда дән риза.

– Әңгімеңізге көп рахмет!
Алдағы уақытта да адам жанының арашасы болып жүрген ақ халатты абзал жандардың жұмысына табыс тілейміз.

Әңгімелескен: Сүндетулла ӘБІЛОВ. Сарыкемер ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.