Вице-премьер тұрғындардың табысын арттыруда Жамбыл облысындағы жобаның маңыздылығын атап өтті

82
Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жөніндегі жобаның бірінші кезеңінде қосымша 2 282 жеке кәсіпкерлік субъектілері ашылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.

Басқосуда облыс әкімі Нұржан Нұржігітов баяндама жасап, жобаның алғашқы кезеңі бойынша қол жеткен нәтижелерге жан-жақты тоқталды.

Аймақ басшысының айтуынша, жобаның бірінші кезеңінде облыстың 11 ауылдық округіндегі (25 елді мекен) 7 856 отбасы қамтылған. Бұл мақсатта жалпы 9,2 миллиард теңге игерілді.

— Қатысушы аулалар үй іргесіндегі жерді тиімді игеруде. Мал шаруашылығын дамыту бағытында несиелендірілген 2 454 азаматтар 45 032 мал басын сатып алды. Ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану бағытында құрылған 11 ауыл шаруашылығы кооперативтері 10 113 га жерді  228 шаруа қожалықтарымен бірлесе игерді. Ол кооперативтерге 190 дана ауыл шаруашылығы техникалары лизинг жүйесімен берілді. Ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағытында 11 жоба (кәсіп) іске асырылуда,-деді Нұржан Нұржігітов.

Сонымен қатар, қосымша 2 282 жеке кәсіпкерлік субъектілері ашылып, 589 жаңа жұмыс орындары құрылған. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1 058 отбасыға немесе 65 пайызға кеміген. Қатысушылардың орташа айлық табысы 42 мың теңгеден 73 мың теңгеге немесе 65 пайызға артты.

Бұдан бөлек жобаның жалғасы ретінде 2021 жылы қайтарылған несие қаражаты есебінен (3,1 млрд. теңге несие кері қайтарылды) Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан 3 ауылдық округ пилоттық жобаға еніп, 253 жоба іске асырылды.

Аймақ басшысы кездесіп отырған бірқатар мәселелерді де тілге тиек етті.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының тұрғындардың табысын арттыру, ауылдықтардың тұрмысын жақсартуға қатысты тапсырмасын жүзеге асыруда бұл жобаның маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, облыс әкімі көтерген мәселелердің шешу жолдарын тиісті министрлік өкілдерімен бірге талқылады.

Алтай Көлгінов жобаның тәжірибесін еліміздің басқа облыстарына тарату бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, бұл істе жүйелілік қажет екенін баса айтты.

Вице-премьер жобаның жемісті жүзеге асу үдерісімен танысу үшін жақын арада облысқа іссапармен келетінін жеткізді.

Айта кетейік, ағымдағы жылы облыстың тағы 10 ауылдық округінде жоба аясындағы жұмыстар басталуда десек, 2023 жылы 22 ауылдық округті қамту жоспарлануда. Жалпы, 2025 жылға дейін облыстағы барлық ауылдық округ жобаға енеді деп көзделуде.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.