«Кешегі Ақмола мен бүгінгі Астананың айырмашылығы жер мен көктей»

1 406

Қожахан Жабағиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты 

– Құрметті Қожахан Көкірекбайұлы, Елордамыз Алматыдан Астанаға көшірілген алғашқы жылдары бас қалада қызмет еттіңіз. Сол кездегі Астана  мен бүгінгі Астананың сәулеттік келбетінің өзгеруінен басқа қандай айырмашылық бар?

–2000-жылдардың басында ел Үкіметі басшысының Кеңсесінде, Президент Әкімшілігінде қызмет атқардым. Ол кез тоқсаныншы  жылдардағы КСРО-ның ыдырауынан болған гиперинфлияция мен Азия дағдарысы салдарынан ел экономикамсы әлсіреп, еңсесмізді тіктеуге мұрша болмай жатқан уақыт еді. Бас қаламыздың ресми Астана мәртебесін иеленгенімен, әлі де болса келуші қонақтарға көрсетер мәдени ошақтары мен демалыс орындары саусақпен санарлықтай, провинциялық деңгейден шыға қоймаған кезең еді ол.   Десе де, қалада жаппай құрылыс жұмыстары қарқын алып, аймақтардың дамуына, жұмыссыз жастардың  өз нәсібін табуына септігін тигізе бастаған.

Содан бері өткен екі он жылдықтың ішінде Астана адам танымастай өзгерді десек, артық болмас. Өйткені, бас қаламыз күннен-күнге құбылып, құлпырып келеді. Бүгінгі таңда мұнда бірнеше музей-театрлар, кітапханалар, спорт сарайлары, ойын-сауық орталықтары мен саябақтар халыққа, қалаға келген меймандарға қызмет көрсетуде.

Астана мәртебесіне ие болған 20 жыл ішінде Елордада  көптеген әлемдік және аймақтық деңгейде іс-шаралар өтті. Астанада болған Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшылары  Кофи Аннан, Пан Ги Мун және өткен жылы ғана ат басын бұрған  Антониу Гутерриш  адамзат баласының бүгіні мен болашағы туралы ой қозғады. Ал, әлемнің алпауыт  мемлекеттерінің президенттері ресми сапарларымен болғанында Сарыарқа төріндегі бас қаламыздың мүмкіншілігімен, қазақстандықтардың әлеуетімен танысып, елдеріміздің достық қарым-қатынастары туралы көптеген келісімдерге қол қойылды.

Сондай-ақ, былтыр дүркіреп өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі де бұған дейін ұйымдастырылған өзге де әлемдік іс-шарлармен қатар мемлекетіміздің абыройын асқақтатып, әлем алдында Ұлы Дала елінің Мәңгілік ел болуға бағытталған ұмтылысын паш етті.

Ал, Сирия жағдайына арағайындық көрсетіп, соғыс өртінің дамыл табуына, сириялықтардың әр күннің бақытын сезінуіне күш салып, ондағы жағдайды реттеуге арналған келіссөздердің бас қаламыздың төрінде өтуі, Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың әлем алдындағы дәрежесін асқақтатумен қатар, Қазақтың бас қаласының да аты жаһандық БАҚ арқылы жер шарының түкпір-түкпіріне таныла түсті.

Міне, кешегі тұсауы жаңа кесілген Астана мен мен бүгінде 20-ға қадам басқан бас қаламыздың айырмашылығы осындай.

– Жамбыл облысында біршама жылдар бойы табысты қызмет еттіңіз. Байзақ және Шу аудандарын басқардыңыз. Аймақтың қазіргі дамуына қандай баға бересіз? Жалпы, Әулиеата өңірімен байланыс ұстап тұрасыз ба?

Иә, Астана қаласында жоғарыда айтқан қызметтерді атқарған соң араға біршама уақыт салып Жамбыл облысының екі ауданын басқарғанымды көпшілік біледі. Байзақ ауданын басқарған уақыт айтқан сөзге жеңіл болғанымен, ел басындағы қиын кезеңдердің бірі еді. Ол уақыттағы ахуал тығырықтан шығу үшін батыл қадамдар мен шұғыл шешімдер қабылдауды қажет етті. Десе де, аудан әкімі аппаратындағы білікті қызметкерлердің еңбегінің нәтижесінде Байзақ ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы көтерілді.

Ал, тоғыз жолдың торабында тұрған Шу ауданын басқарған мезгіл елдің жағдайының көтерілген тұсы болатын. Екі жылға жуық уақытта бір сұрақ төңірегінде айтып тауыса алмайтын жұмыстар атқарылды. Шу ауданының 80, Шу қаласының 50 жылдық мерейтойлары аясында атқарылған жұмыстарды жергілікті жұртшылық  әлі күнге жыр қылып айтады. Бұл сол кезде істелген тындырылған тірліктің мыңнан бірі ғана.

Жалпы, жылжып жыл өткен сайын Жамбыл облысының әлеуеті артып, экономикасы даму үстінде. Алдағы уақытта да осылай болады деп ойлаймын. Киелі Әулиеата жеріне басшылыққа келген Асқар Исабекұлы Мырзахметов көптеген жылдар көрші жатқан қазіргі Түркістан облысымен қатар республикалық деңгейде басшылық қызметтерді абыроймен атқарған білімді, іскер азаматтардың бірі.

Бүгінгі күнде облыс басшылары Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назар­баев­­тың «Қазақстан-2050» Страте­гия­сын­да көрсетілген нақты тапсыр­малар мен  «Нұрлы Жол» бағдарламасын, 5 халықтық реформа мен оның даму тетіктерінің айнасы «100 нақты қадамнан» тұратын Ұлт жоспарын орындау бойынша Үкіметпен бірлескен жүйелі жұ­мыстар атқаруда.

Жалпы алғанда облыстағы статистикалық көрсеткіштерге көңіл толады. Мәселен, 2017 жылы облыс бюджетіне кірістер бойынша 241 миллиард теңге сомасында түсімдер түсіп, жоспар 101,3 пайызға орындалған. Өңірдің өндірісі өркендеп, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік салалар қарқынды даму үстінде. Шағын және орта бизнестің қанат жайып келе жатқаны да көңіл қуантады.

Мен қанша жылдар сыртта жүрсем де, туған жерімнен байланысымды үзген емеспін. Облыстың, оның ішінде өзім басшылық жасаған Байзақ және Шу аудандарының жылт етіп көрінген жаңалығына көппен қатар қуанып, кемшілігін жоюда ақыл қосып, көмек беруден қашқан емеспін. Бүгінде «Нұр Отан» партиясының тізімімен сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде биік мінберден жамбылдықтардың мәселесін көтеріп, оған Үкіметтегілердің назарын барынша аудартуға күш салып келемін. Бұл тұрғыдан келгенде Мәжілістегі Жамбылдан шыққан өзге де депутаттардың еңбектері ерен.

– Бүгінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесісіз. Аталған комитеттің атқаратын  жұмысына тоқталып өтсеңіз.  

Жалпы, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінде
7 комитет бар. Депутаттар осы комитеттердің құрамында жұмыс істейді. Сол комитеттердің бірі – мен мүшесі болып табылатын Қаржы және бюджет комитеті.

Комитет өз жұмысында атына сай қаржы және бюджет, салық, банк жүйесі және өзге де салаларға қатысты заңдармен жұмыс істейді. Мысалы, өткен үшінші сессия барысында комитет 22 заң жобасы бойынша бас комитет болды. Есепті кезеңде комитет қараған заң жобаларының ішінде
16-сына Қазақстан Республикасының Президенті қол қойды,
Біреуі  Парламент Сенатына, төртеуі Елбасына жіберілді. Қазіргі кезде комитет 1 заң жобасын қарап жатыр.

Қабылданған заң жобалары ішінде 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сақтандыру қызметі, бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері туралы және тағы да басқа ел өміріне қажетті, мемлекетімздің дамуына негіз болар заңдар мен кодекстер бар.

– Комитет мүшелерімен бірге маңызды мәселелерді көтерген бірнеше депутаттық сауал жолдағаныңызды ел біледі. Қазіргі уақытта сізді қандай мәселе толғандырып жүр?

Елімізде қай саланы алып қарасақ та уақыт талабына сай түрлі-түрлі реформалар жүргізілді. Реформалар дамудың алғышарты болғандықтан, оның мезгілінде жүргізілгені қолдауға тұрарлық.

Мен өзім жұмыс тобының мүшесі болып табылатын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бойынша осы саланың жұмысының алға басуына заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсетілуде.

Түбіміз ауылдан шыққандықтан қай кезде болсын ауыл шаруашылығы жанымызға жақын. Бірақ, бүгінде кейбір маңызды шешімдердің кезінде асығыс қабылданып кеткенінің куәсі болудамыз. Жалпы, қай салада болсын, дамытамыз деп бүлдіріп, оны орнына келтіре алмай жатқан тұстарымыз да бар. Менің бұл ойымен оқырмандар келіседі деп ойлаймын.

– Астана қарышты қадамдармен дамып келе жатқан ару қала. Ал, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарының көркейе түсуі үшін қандай жұмыстар жасалу керек деп ойлайсыз?

– Екі мыңжылдықтың куәсі болған Тараз қаласы өткен ғасырлар  белесінде қаншама зұлматты көрсе де, өзінің даму үрдісінен танбай, бүгінге жеткен ежелгі шаһарымыз. Яғни, тарихымыздың темірқазығы. Бұл туралы Елбасымыз да айтқан болатын. Тараз қаласы өз уақытында Ұлы Жібек жолының бойында болса, бүгінде Батыс Қытай-Батыс Еурапа халықаралық көлік дәлізі қала іргесінен өтіп жатыр. Тараз қаласы әрдайым мәдениет пен ғылымның ордасы болған, бола да береді.

Еліміздің өзге де өңірлерімен қатар Тараз қаласы да Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқыраудан тыс қалмады. Жұмыс орындары қысқартылып, жарық пен жылусыз  қалған кездері аз емес. Одан кейінгі уақытта қала заман ағымымен дамып, көркейді.

Мысалы, 2000 жылдық мерейтойды ЮНЕСКО шеңберінде атап өткен кезде ескі шаһар тотыдай түрленіп, сәніне сән қосты. Мерейлі күнді атап өтуге басшы азаматтар мен қала тұрғындары көптеген жұмыс атқарды. Одан кейінгі Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын да жұрт боп жиылып, елдігімізді паш етіп, Тараз топырағында лайықты деңгейде атап өттік. Бүгінде Тараз  сәніне салтанаты жарасқан, жасыл желегі желкен жайып, көркіне көз тоймайтын қалаға айналды. Бұл бағытта қала басшылығының еңбегін атап өтпей кетуге болмас деп ойлаймын.

Дегенмен, қаланың осындай көркем келбетін сақтап, оның одан әрі дамуы үшін әлі де болса бірқатар шаруалар атқарылуы қажет. Әсіресе, көне шаһарда  туризм саласының дамуына жете көңіл бөлуіміз қажет деп ойлаймын. Тараз қаласындағы, жалпы облыс аумағындағы тарихи-мәдени орындардың насихатталуымен қатар, инфраструктурасын бір ізге келтіріп, дамытса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, облысымыздың тартымды климаты, таза ауасы, сирек әрі ерекше өсімдіктері мен хайуанаттар әлемі және тарихи орындары туризм кластерін дамытуға сұранып-ақ тұр. Бұл өз кезегінде қоғамды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, сыртқы сауда-экономикалық байланысының артуына үлкен ықпал етеді. Бүгінде әлемде ең табысты сала ретінде танылған осы сала дамыса, қаламен қатар облыстың да бірқатар мәселелері шешілер еді.

– Әр адамның өзі бағыт етіп ұстайтын азаматтық ұстанымдары болады. Сіздің өмірлік принципіңіз қандай?

– Мен жалпы алғанда жаңалыққа жаны құмар адаммын. Жылт етіп баспасөзге шыққан немесе көзіммен көрген жұмысты оңтайландыратын кез-келген жаңалықты тәжірибеге енгізуге даярмын. Басшылық қызмет атқарған кездерімде бұл үрдістен айныған жоқпын. Комсомол ұйымында  үйренгендерімнің кейбірі әкім болып тұрғанымда қажетіме жарады. Әлі де солай. Одан кейінгі ұстаным, ол – тәртіп.

         – Бас қаламыздың мерейлі мерекесі қарсаңында жамбылдық жерлестеріңізге  лебізіңізді арнасаңыз…

         – Бас қаламыздың 20 жылда жеткен жетістігі – ең әуелі Қазақ елінің аңсап жеткен Тәуелсіздігінің жемісі деп білемін. Сол себепті, егемендігіміз мәңгілік, көк туымыздың тұғыры берік, мемлекетіміздің болашағы жарқын болғай. Ал, барша жерлестеріме бастарына амандық, дендеріне саулық, отбасыларына береке тілеймін. Әр жаңарған күн баршамызға жаңа табыстар мен жетістіктер алып келсін! Астанамыздың 20 жылдығы құтты болсын!

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мұратхан ӘЛІМХАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.