Қазақстандықтар Алматыда Түркиядан келген құтқарушыларды күтіп алды

70

Газиантеп қаласындағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға жұмылдырылған қазақстандық құтқарушылардың бірінші эшелоны елге аман-есен оралды деп хабарлады turkystan.kz.

ТЖМ құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері бар борт Алматы әуежайына қонды. Оларды қазақстандықтар, туыстары, достары мен әріптестері күтіп алды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 7 ақпанда құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдары, оның ішінде Қазақстан ТЖМ техникасы, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері және кинологиялық есептоптар алғашқылардың бірі болып екі эшелонмен жолға шығып, ең күрделі қираған объектілерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге кіріскен болатын. Қазақстандық құтқарушылар тобын ТЖ бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев басқарды.

Естеріңізге сала кетейік, Түркияның үш өңірінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу басталғаннан бері Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының күштері 7 адамды құтқарды. Қаза тапқан 88 адамның, оның ішінде 10 баланың денесі шығарылды.

Құтқарушылар қолмен, сондай-ақ инженерлік техниканы, авариялық-құтқару жабдықтарын, шанц аспаптарын тарта отырып, 250 мыңнан текше астам метр үйінділерді бөлшектеді.

Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстарына Астана және Алматы қалаларынан, Ақмола және Қарағанды облыстарынан құтқарушылар қатысты. Түркия тұрғындарының тарапынан Қазақстандық құтқарушыларға кәсіби, уақтылы және нәтижелі іздестіру-құтқару жұмыстары үшін шын жүректен алғыс сөздері айтылды.

https://turkystan.kz/article/213939-kazakstandyktar-almatyda-turkiyadan-kelgen-kutkarushylardy-kutip-aldy/

Leave A Reply

Your email address will not be published.