КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ДАМУЫ — ЕЛДІҢ ДАМУЫ

81
Ауданда бүгінде шағын және орта бизнес нысандарының саны 5084 болса, осыдан 10 жыл бұрын 1475 болған, 3,5 есе артты.
Былтыр бизнес саласын дамытуға 1158 кәсіпкер азамат мемлекеттік бағдарламалар аясында 1,6 млрд. теңге жобасында кредиттік ресурстарға қол жеткізді. Ал, өндіріс орындарында 61,3 млрд. теңгенің инвестициясы салынып, 93,2 млрд. теңгенің өнеркәсіп өніміне қол жеткізді.
Біздің ауданда кәсіпкерлік саланы басқарып жүрген азаматтардың белсенділігі өте жоғары. Қоғамдық іс- шараларға қатысып, халықты жұмыспен қамтуда да игі істер атқарып келеді.
Халықты жұмыспен, азық-түлікпен, киім-кешекпен және көлік жөндеумен, сондай-ақ басқа да түрлерімен қызмет көрсетіп отырған аудан тұрғындарына мемлекеттік қолдаулар мен тиісті заңдылықтарды насихаттап тұру біздің міндетіміз.
Солардың бірі:
«Қазақстан Республикасының Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне сәйкес жалпыға бірдей декларациялаудың 3-ші кезең шеңберінде декларациялау жүйесіне кірген адамдардың салық міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету мақсатында осы кодекстің 631 бабы негізінде дара кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары 2024 жылға 250.00 нысанда активтер мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсыруға міндетті.
Активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны ұсынбау Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 272 бабының 2-1 тармағына сәйкес ескерту беріліп, одан кейін 1 жылдың ішінде бұзушылық қайталанса 3 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатындығын хабарлайды.
Фискалдық (кассалық) чектермен сауда жасаудың маңыздылығы үлкен, өздеріңізге белгілі чексіз сауда жасау салықтан жалтаруға алып барар жол, екіншіден тұтынушылардың құқықтары қорғалусыз қалады. Мысалы, қазіргі уақытта дүкен иеселері 19 түрлі әлеуметтік негізгі азық-түліктердің сатып алған құнына 15%-дан артық үстеме табысын қосса ол әкімшілік құқық бұзушылыққа әкеп соғары берлігі. Сондықтан кәсіпкерлер осыған баса назар аударғаны жөн. Қазіргі уақытта арнай комиссия құрылып, зерделеу жұмыстары басталды.
Кәсіпкерлік субъектілерінде тіл заңнамасы талаптарының орындалуы мен құжат айналымында мемлекеттік тілге назар аударылуларын сұраймын. Бұған арнайы тіл туралы заң шыққан. Заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады. Сондықтан жарнамалар жасау кезінде кәсіпкерлік нысан атауларын жазарда, әлеуметтік желілерге хабарламалар берер алдында аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен келісіп алғандарыңыз жөн. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiл және барлық басқа тiлдер мемлекеттiң қорғауында болады.
Туризм саласындағы қолдаулар мемлекет есебінен артып келеді. Қазіргі уақытта қонақ үйлер мен мейрамханалар құрылысын салған кәсіпкерлерге жобалық сметалық құжатындағы шығын көлемінің 10% көлемі бюджет қаражаты есебінен субсидияланады және туристік компанияларда қызмет етін жаңа автобус көліктерін сатып алған шығынның 25%-на дейінгі сомасы бюджеттен қайтарылады.
Ауданда 160 тарихи-мәдение ескерткіштер бар. Маңыздысы осы нысандарға барар инфрақұрылымдарды салу бюджетке үлкен салмақ, сондықтан әкімдікке әр жылда 3-4 нысанға жол салу, немесе қиыршық тас төсеу ұсынысын беріп отырмыз, онының ішінде «Ынталы» су қоймасы, Ақтоғай үнгірі», «Қамыр әулие» кесенесі, «Ықылас Дүкенұлы» зираты бар.
Қазіргі уақытта Жаңатас қаласындағы пәтерлерін жалға беретін азаматтар статистикалық есеп тапсыруда кемшілік жіберіп жатады. Сондықтан пәтерлерін жалға беретін азаматтардың 2-туризм статистикалық есебін тапсырулары керек. Бұл Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің 2020 жылғы 10 ақпандағы №20 бұйрығымен бекітілген. Есеп тапсыруды жалтарған кәсіпкер әкімшілік айып төлеуі мүмкін.
Азық-түліктің бағасын тұрақтандырудың негізгі мақсаты көкөніс егу жұмысын ауылдық аймақтарда әліде жүйелендіруіміз керек. Жаз, күз айларында Жаңатас қаласында өткен жәрмеңкелерге басым көбі көкөністерін сырттан тасымалданып келеді. Біздегі ауданның тұтынушыларының қаражаттары сыртқа кетіп жатыр. Сондықтан Жер кодексін басшылыққа алып, әрбір азамат 5 жылға дейін 1 гектар жерді жалға алып көкөніс егуіне мүмкіндігі бар. Жер тегін беріледі. Әр азамат тұрғылықты жердегі ауыл әкіміне барып сұраныс білдіруге құқылы. Облыс әкімдігінен әлеуметтік ұн тұрақты бөлінуде, нан бағасы тұрақты. Наубайхана басшылары шама-шарқы келгенше нан бағасын тұрақты ұстап келеді, бұл еңбектері орасаң-зор.
Жанар-жағар май мен сұйытылған газ сататын кәсіпкерлердің еңбегі зор, барынша қауіпсіздікті сақтап, тиісті заң талаптарын сақтап келеді. Ауданда 14 газ сататын орын мен 15 жанар-жағар май сату бекеттері бар. Халыққа ұсынып отырған газ бағасы мен жанар-жағар майдың сатылым бағалары шекті бағада. Аудан тұрғындары күнделікті орта есеппен 11,0 мың литрге дейін газ, 20 тоннаға дейін бензин тұтынады. Бұған күнделікті мониторинг жүргізіліп тұрады. Дей тұрғанмен, жасыратыны жоқ тұрғындарың басым көпшілігі газ баллон пайдаланады, оның барлығының тозығы жетіп тұр. Сондықтан қауіпсіздікті өзіміз үшін сақтайық, барынша жаңа баллондар сатып алғандарыңыз абзал.
Жақында Тараз қаласындағы «Еңбек Тараз» РМК есебіндегі бос ғимараттарға кәсіпкерлік субъектілерін тарту ұсынысы жасалды. Егерде Тараз қаласында кәсіпкерлік бағытында жұмыс жүргізетін азаматтар болса осы мекеменің ғимараттары мен жер телімдерін жалға алу арқылы өндіріс орындарын ашуға мүмкіндіктері бар.
Ауданда жастардың кәсіпкерлік бағытында жұмы жүргізуі жоғарғы деңгейде. 21-35 жас аралығындағы жастарға арнайы шағын несие беру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Жылдық ставкасы 2,5% көлемде бизнес бағытында 5 жылға және мал шаруашылығына 7 жылға 5,0 млн. теңгеге дейін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ- филиалдары арқылы қаражат берілуде. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылдарда 9,2 млн. теңгеге бизнес дамытуға несиелер қарастырылған. Осы жоба аясында мамандандырылған кооперативін ашу арқылы жылдық үстемесі 2,5% көлемінде 30,0 млн. теңгеге дейін несие қаражаты берілетін болды. Инфрақұрылымдарды дамуыту тетіктері де қарастырылған.
Биылғы жылы аудандағы бизнес саласындағы азаматтардың еңбектеріне табыс пен береке тілеймін.

Сарысу ауданы әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.