Қамбамыз астыққа толғанымен, қазынамыз неге қаржыға толмайды?

74

Еліміздің бірнеше аймағында егін ору науқаны басталып кетті. Қалған өңірлер де алдағы науқанға қамдана бастады. Былтыр егін бітік шығып, өнім жақсы болғандықтан, астықтың қоры артығымен жиналған болатын. Жыл басында биыл да өнім мол болады деген болжам айтылған еді.

Көлеңкелі импорттың өсуі көлікпен астық экспорттауға 6 айға мораторий жариялауға ықпал еткен болатын. Локдаунға байланысты Қытайға теміржолмен астық экспорты уақытша тоқтап, салдарынан бидайдың бағасы 2022 жылғы күзден бастап 2023 жылғы наурызға дейін тоннасына 125 мың теңгеден 95 мың теңгеге дейін арзандаған еді. Дегенмен қазір жағдай реттелді, оған қоса жуырда біз Қытайға
1 миллион тонна бидай жеткізуге келістік. Мұнымен шектелмей, экспорт көлемін одан әрі ұлғайту жоспарланып отыр.
Аустралия мен Ресейдің әлемдік нарыққа ұсы­нып отырған мол өнімі бидайдың әлемдік бағасын төмендетті. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы (ФАО) әлемдік би­дай өндірісінің 2023 жылға арналған болжамын қай­та қарап, өнімнің мол болуына байланысты ас­тық пен дақылдардың бағасы тағы да арзандауы мүм­кін екенін мәлімдеген еді.

Егін ору науқанына дайындық қалай? Қанша ас­тық жиналды? Ішкі нарықты қамту бойын­ша ахуал қандай? Шаруалар не дейді? Әлемдік на­рық­тағы жағдай мен астық бойынша азық-түлік қауіп­сіздігі қандай деңгейде?

Болжауға ерте, бірақ…

Осыдан бір ай бұрын Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Ербол Қара­шөкеев қанша астық жина­ла­ты­нына қатысты болжам айтқан болатын. Үкімет оты­рысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов был­тыр астықтың түсімі орташа жылдық көрсет­кіш­тен жоғары болғанын алға тартып, биылғы а­стық түсімінің болжамын сұрады.
Ербол Қарашөкеев нақты болжам жасауға әлі ерте екенін, дәл бол­жам жасау үшін біраз уа­қыт қажет екенін айтты. Дегенмен биыл да көр­­с­еткіш жаман емес екенін меңзеді.

– Шаруалар егін егуді оңтайлы мерзімде аяқ­тады. Топырақта жи­нал­ған ылғалды сақтау үшін іс­телген жұмыстар да уақытылы аяқ­талды. «Қаз­­гидромет» мәліметінше, шілде-тамызда еліміздің ба­тыс және оң­түстік өңірлерінде жауын-шашын нор­мадан сәл аз болады. Басқа өңір­лерде жауын-ша­шынның болжамы нормаға сәйкес болып отыр. Қазір алдын ала факторларды ескергенде, жалпы 16 миллион тонна бидай жиналады деген болжам бар. Астық­тың шығымы аз болмайды, – деді Ербол Қара­шөкеев.

Қазір ел бойынша егін ору науқанына дайындық жүріп жатыр. Кей аймақтарда жұмыс басталып та кетті. Мәселен Жетісу облысындағы Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Сарқан аудандары мен Талдықорған қаласында егін ору жұмыстары жүріп жатыр. Қазір облыста 46,3 мың гектар масақ­ты-дәнді дақыл орылып, 85,7 мың тонна астық бас­тырылған. Орташа өнімділік гектарына 18,5 центнерден айналып отыр.

Егістікте жұмыс басталып кеткенімен, Ауыл шаруашылығы министрлігі болжам жасауға әлі де болса ерте екенін айтады. Министрліктің ресми жауабына сүйенсек, қазір 9 өңірде егін ору жұ­мыстары жүріп жатыр.

– Қазір еліміздің тоғыз өңірінде 910,3 мың га ас­тық алқабы жиналды. Егін жинау науқаны Ал­ма­ты, Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Абай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкентте басталды. Елдің барлық аймағында жаппай егін жинау науқаны тамыздың үшінші онкүндігінде басталып, қарашаға дейін жалғасады, – дейді АШМ ресми өкілі Дамир Егізбаев.

Сонымен қатар түсім деңгейі де жаман емес се­кілді. Науқанға арзандатылған жанар-жағармай да қарастырылған.

– Орташа өнімділік гектарына – 13,8 центнер, 1,2 млн тонна астық бастырылды. Сонымен қатар майлы дақылдардың түсімі – 1,6 мың тонна, картоп – 293,7 мың тонна, көкөніс дақылдары – 915,7 мың тонна, бақша дақылдары 1,8 млн тонна болды.

Егін жинау науқанын өткізу үшін 426 мың тон­на арзандатылған дизель отынын бөлу жос­пар­лан­ған. Қазір оның 93,4 мың тоннасы төленіп, ша­мамен 66,0 мың тонна жөнелтілді, – деп жауап берді ми­нистрлік.

«Райымбек Нан» ЖШС бас агрономы Әбдімұ­хам­мед Сұлтанов аздаған құрғақшылықты есепке алма­ған­да, жағдай жақсы, егіннің шығымы да ойдағыдай болуы керек екенін айтады.

– Әлі астық көк, дегенмен, биылғы егіннің шы­ғы­м­ы жақсы. Биыл да құрғақшылық болып тұр. Бол­жап айтар болсақ, 12-15 центнер болуы мүмкін. Жаңа технологияларды қолдандық. Бұрын тек арпа ғана болатын, қазір бидайдың жаңа сорттарын, ерте пісетін, қуаңшылыққа төзімді түрлерін егеміз. Биыл үлкен тәжірибе жасап, біздің аймаққа төзімді «Наз», «Қара­сай», «Алмалы» деген сорттарды егіп көрдік. Бо­ла­шақта да жұмыстарды жалғастырамыз, – дейді маман.

Бұған дейін көктемгі егіс жұмыстарына дайын­дық мәселелері қаралған Үкімет оты­рысында Ауыл шаруашылығы министрі биыл жал­пы егіс алқабы 23,4 млн гектар екенін айтқан бола­тын, бұл – 2022 жылғы көрсеткіштен 68,6 мың гек­тар­ға көп екенін мәлімдеген. Дәнді және дәнді-бұр­шақты дақылдар алаңын 117 мың гектарға, азық­тық дақылдар егіс алаңдарын 36,5 мың гектарға жә­не қант қызылшасы алаңдарын 6,7 мың гектарға ұлғайту көзделіп отырғаны да мәлім болды.

Шілдеде бидайдың 2023 жылғы егіс алқабы 13,72 миллион гектарға жеткен, бұл 2022 жылғы көр­сеткіштен 6,5 пайызға артық. Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросы арпаның егіс алқабы 2,18 миллион гектардан 2,55 миллион гектарға дейін және жүгерінікі 189,3 мың гектардан 193,9 мың гек­тарға дейін өскенін тіркеген. Дегенмен қара бидай дақылдары алқабы қысқарған: 2022 жылғы 34,8 мың гектардан 2023 жылы 21,78 мың гектарға дейін азайыпты. Жалпы, елімізде 2023 жылғы дәнді және бұршақты дақылдардың егіс алқабы 17,38 мил­лион гектар болды, бұл өткен жылғы көрсет­кіш­тен 8 пайызға жоғары.
Облыс әкімдіктері де тұқым себу жоспары 100 пайыз орындалғанын хабарлаған еді. Фермерлер 2,4 мил­лион тонна көлемінде тұқым қорын қалыптас­тырған.

Жалпы, 2 миллион гектарға жуық алқапқа егін егу мен оны жинау үшін 3 200-ден ас­там ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қамту жоспарланған. Сондай-ақ «Азық-түлік келі­сімшарт корпорациясы» арқылы да қаржы­лан­дыру жалғасты. Биыл Азық-түлік корпорациясы салаға 55 миллиард теңге бөлген.
Былтыр елімізде дәнді және дәнді-бұршақты да­қылдардан түскен өнім деңгейі кейінгі он жыл­дағы ең жоғары көрсеткіш болып, 21,8 миллион тон­наға жеткен болатын. Ұлттық статистика бюро­сының мәліметі бойынша, 2023 жылғы сәуірде дән­ді-бұршақты дақылдар қоры 11,9 миллион тонна болды, бұл – өткен жылғы көрсеткіштен бір жа­рым есе көп көрсеткіш. Яғни, ішкі нарыққа қа­жетті қор артығымен қалыптасқаны айтылды. Биыл да өнім мол болса, астық экспорты көлемін ұлғайту жос­парланып отыр.
Бұған дейін Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин 2023 жылы мол өнім жиналады деген болжам барын айтқан.

«Қазақстанның астық одағы» мәліметінше, ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін (тұқымға пайдалану, қайта өңдеу, жем-шөп және т.б.) жылына 5,5 мил­лион тонна жұмсақ бидай қажет. Оңтайлы қор қа­лыптастыру қажет екенін ескерсек, ішкі нарық­тың жалпы қажеттілігі – 6,5 миллион тонна, ол толығуы үшін әр гектардан 5 центнер түсім қажет. Елімізде құрғақшылық жылдары да ел бойынша орташа өнімділік кемінде гектарына 7 центнер екен.

Қолда бар мәліметтер мен мамандардың сөзіне сүйен­сек, биыл да астықтың түсімі былтырғыдан кем болмайтын сияқты. Дегенмен астықтың әлем бойын­ша шығымы да жаман емес. Яғни, ұсыныс деңгейі жоғары. Бұл, сәйкесінше, әлемдік нарықтағы астық бағасының төмендеуіне әсер етіп отыр.

Әлемдік болжам қайта қаралды

Маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы (ФАО) астық бағасының индексін 19,8 пайызға тө­­­мендетті. Астық бағасының арзандауына Ауст­ралия мен Ресейдің мол астығы әсер еткен. Сонымен қатар ұйым шілдеде әлемдік бидай өндірісінің 2023 жылға арналған болжамын қайта қарады. ФАО-ның жаңа болжамына сәйкес, дүниежүзіндегі астық қоры 878 миллион тоннаға жетеді, бұл бір ай бұрын болжанғаннан 5,1 миллион тоннаға (0,6 пайыз) және алдыңғы маусымға қарағанда 2,3 пайызға жо­ғары.

Еуропалық Одақта бидай өндіру болжамы қайта өзгерді, Пиреней түбегіндегі жауын-шашын тап­шылығына қарамастан өнім жоғары болады деген болжам бар. Сонымен қатар Канада мен Қазақстанға қатысты да болжам ауысты, бұған дейінгі есепке қара­ғанда өнім мол болады деп тұжырымдапты ұйым сарапшылары. Сондай-ақ Түркияда да өнім ал­дын ала болжамдардан жоғары болуы мүмкін екені айтылған.

– Қазақстанда елдегі жылдық ішкі бидай өн­дірісінің шамамен 95 пайызын құрайтын жаздық бидай өнімі мамыр айына дейін шамамен 12,8 миллион гектарға егілді, бұл орташа бес жылдық дең­гейден 6 пайызға жоғары. Ауа райы жаздық би­дай­дың өсуіне, ерте пісуіне қолайлы болды. Тұтас­тай алғанда, ішкі бидай өндірісі (күздік бидайдың аз өнімділігін қоса алғанда) орташа деңгейден жо­ғары және 16 миллион тонна болады, – деп айтыл­ған ФАО Егін және азық-түлік жағдайы басылымы­ның шілдедегі санында.

Маусым болжамының деректерімен салыс­тыр­ғанда астық тұтыну көлемі де 1,5 миллион тоннаға не­месе 0,1 пайызға өскен. Десек те, әлемде азық-түлік қауіпсіздігі әлі өзекті болып отыр. The Economist Украинадағы соғыс пен климаттың өзгеруі 2023 жылы азық-түлік пен ауылшаруашылық өнімдерінің тапшылығын тудыратынын жазған болатын. БҰҰ бүкіл әлем бойынша 830 миллионға жуық адам аштыққа ұшырайды деп болжаған. Бұған Ресейден тыңайтқыштардың келмеуі және энергия баға­сының жоғарылауы, сондай-ақ 2022 жылғы құр­ғақшылықтың салдары бүкіл әлемге әсер ететіні де айтылды. Украинадан астық экспорты төмен бо­латыны белгілі, бұдан Египет көбірек зардап шегеді деген топшылау бар. The Economist азық-түліктің әлемдік бағасы түсетінін, алайда, жеткізу бойынша қауіп сақталғандықтан, кей елдер экспортқа түрлі тыйым салуы мүмкін екенін айтады. Бұл қайтадан бағаның қымбаттауына әкелуі мүмкін.

Экспорт көлемін ұлғайтуға мүдделіміз

Еліміз бидай және ұн өндіретін ең ірі он елдің қа­тарына кіреді. Жыл сайын 5 миллион тон­надан көп астық және 1,5 миллион тонна ұн экс­порт­таймыз.

– Қазақстан астық өндірісі бойынша әлемде же­тін­ші орын алатын ел ретінде дүниежүзілік азық-тү­лік тапшылығымен күресте өзінің ауыл шаруа­шылығы әлеуетін пайдалануға ниетті, – деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мә­ліметіне сүйенсек, еліміздегі бидай мен ұнды ең көп алатын – Өзбекстан мен Ауғанстан елдері. Екі елге жал­пы экспорт үлесінің 80 пайыздан астамы тие­сілі.

– Еліміз бидай мен ұнды негізінен Орталық Азия мен Ауғанстан елдеріне экспорттайды. 2022 жы­лы бұл елдерге астық эквивалентінде 7,7 мил­лион тонна қазақстандық бидай мен ұн экспорт­тал­д­ы. Бұл ретте экспорттың 80,5 пайызы Өзбекстан мен Ауғанстанға тиесілі, – деп айтылған ресми жауап­та.

Биылғы 6 ай ішінде шетелдерге 4 мың тоннадан астам бидай мен ұн экспортталған. Министрліктің бер­ген ақпаратында экспортты ұлғайту бойынша жұ­мыстар атқарылып жатқаны айтылады.

– 2023 жылғы қаңтар-маусым аралығында 4 186 мың тонна астық эквивалентінде бидай мен ұн экс­портталды, оның ішінде Өзбекстанға – 2 345 мың тонна, Тәжікстанға – 428 мың тонна, Түрік­мен­станға – 259 мың тонна, Қырғыз Республикасы – 7,6 мың тонна және Ауғанстанға – 1 146 мың тонна бидай. Қазақстаннан Ауғанстанға ұн экспор­тын ұлғайту үшін Өзбекстан аумағы арқылы темір­жол кө­лігімен транзиттік тасымалдауға тарифтік пре­фе­рен­циялар алу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді министрліктің ресми өкілі Дамир Егізбаев.

Сарыағаш – Галаба учаскесі бойынша Ауғанстан ба­ғытында Қазақстан ұнын тасымалдаудың база­лық тарифі – тоннасына 33,4 доллар, 2023 жылға Өзбекстан тарапы 0,8 немесе 20 пайыз коэффициен­тін пайдалана отырып, тарифтік шарттар ұсынған, бұл ағымдағы тарифті тоннасына 26,7 долларға дейін төмендетеді.
Министрліктің мәліметінше, қазір транзит құны тоннасына 16,7 доллар болатын базалық та­риф­ке 50 пайыз преференция алу бойынша жұмыс­тар атқарылып жатыр. Сондай-ақ астықтың тұтыну нарығын кеңейту бойынша да бірқатар қадамдар жасалғаны айтылды.
Соның ішінде, Қытайға астық тасымалын ұл­ғайту бойынша нақты меже белгіленіп отыр. Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қытай инвести­ция­лық дөңгелек үстелінде сөйлеген сөзінде екі ел ара­сындағы агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақ­тас­тықты нығайтуға мол мүмкіндік бар екенін айт­қан.

– Жуырда біз Қытайға 1 миллион тонна бидай жеткізуге келістік. Бірақ мұнымен шектелмейміз. Оның көлемін бірнеше есе арттыруға болады. Соңғы бес жылда Қазақстаннан Қытайға экспортталған майлы дақылдардың көлемі 3,5 есе (113 мың тон­надан 405 мың тоннаға дейін), өсімдік майы 2 есе (50 мың тоннадан 105 мың тоннаға дейін) көбейді, – деген еді Президент.

Осыған дейін коронавирусқа қарсы шектеу шараларының салдарынан Қытайға теміржолмен астық тасымалдау біршама тежелген болатын. Бұл астық бағасының өзгеруіне айтарлықтай әсер етті. Қазір жағдай реттеліп, экспорт көлемін ұлғайтуға назар аударылып отыр.

– Биыл Қытай тарапымен Алашанькоу стан­са­сына «тәулігіне бір теміржол құрамы» схемасы ар­қылы Қазақстан астығын экспорттау бойынша ке­лі­сімге келдік. Коронавирус пандемиясына байла­нысты үш жылдық тыйымнан кейін осы шаралар­дың арқасында отандық экспорттаушылар Қытай бағытына тасымалды қайта бастады. Осылайша, 2023 жылғы бірінші жартыжылдықта Қытайға «тәу­лігіне бір теміржол құрамы» схемасы бойынша 100 мың тоннадан астам отандық бидай экспортталды. Қазір тәулігіне екі теміржол құрамын жөнелту тура­лы келісімге келдік, бұл астық экспортының көле­мін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ Қытай тарапынан отандық астықты қа­был­даушылардың санын көбейту бойынша келіссөз жүр­гізіліп жатыр, бұл да ҚХР-ға көбірек астық та­сы­­­малдауға ықпал етеді, – деп мәлімет берді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Қытайға теміржол арқылы астық экспорттауға байланысты тыйымдар және Ресейден сұр импорт­тың өсуі отандық бидайдың бағасын 2022 жылғы күзден 2023 жылғы наурызға дейін 25 пайызға, тоннасына 125 мың теңгеден 95 мың теңгеге дейін ар­зандатқан.

Осыған байланысты 10 сәуірде Ауыл шаруа­шылығы министрлігі Ресейден арзан астық ағынын шектеу үшін бидайды автомобиль көлігімен импорттауға 6 айға тыйым салды. Бұйрыққа 10 сәуір­де қол қойылды, осылайша шектеу 10 қазанға дейін жалғасады. Құжат кез келген елден бидай әкелуге тыйым салғанымен, ол негізінен Ресейден арзан астық ағынын шектеуге бағытталған. Ресей асты­ғының Қазақстанға көлеңкелі импорты жылы­на 1,5-2 миллион тоннаға бағаланады. Бұл ретте биыл көрсеткіш әдеттегіден де жоғары болуы мүм­кін, өйткені Ресейден ірі астық трейдерлері кетті, Қара теңіз порттары арқылы астық жеткізуге қатыс­ты қиындықтар реттелген жоқ. Сондықтан көрші елге астығын Қазақстанға экспорттау оңайырақ болып отыр. Кейінгі кезде Павлодар облысы Ресей­ден заңсыз астық қабылдау және транзиттеу бойын­ша көш бастаған, биыл Ақтөбе және Батыс Қазақ­стан облыстарында да осындай жайттар жиі тірке­ліпті.
Оған қоса, көрші елде санкцияларға қарамастан аяқ­талған ауыл шаруашылығы жылы астық экс­пор­тының рекорд көлемімен ерекшеленіп отыр. Елдің Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша – 60 миллион тонна. Егін жинау және экспорт бойынша да болжам – оң. Сондықтан астық игеріл­мей қалуы мүмкін деген қауіп бар. Астық ода­ғының жауабына сүйенсек, 2022 жылғы қыркүйек пен 2023 жылғы мамыр аралығында ресми түрде 1,6 миллион тонна Ресейдің жұмсақ бидайы им­порт­талған. 2023 жылғы маусым-тамыз айларын­да 500 мың тоннаға дейін Ресей бидайының импорты келеді деген болжам бары айтылды.
Отандық фермерлер шектеу енгізілгеннен кейін бидайдың көтерме бағасы тоннасына 100 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін өседі деген үмітпен би­дай сатуды тоқтатқанын eldala агроөнеркәсіптік пор­талы жазған еді. Басылым сарапшылары бидай­дың ішкі бағасы өсетінін, бірақ тоннасына 10 дол­лардан аспайтынын болжаған еді. Қазақстанның Астық одағы Сауда комитетінің басшысы Александр Малов автокөлікпен Қазақстанға астық әкелуге тыйым салу өз нәтижелерін бергенін, 3 апта ішінде ішкі нарықтағы бидайдың бағасы тоннасына 85-88 мың теңгеден 100 мың теңгеге қайта жеткенін мә­лімдеген болатын.

Сонымен қатар экспорт көлемін ұлғайту ая­сында «Азық-түлік корпорациясы» және басқа қа­зақ­стандық экспорттаушылар Кавказ аймағы ел­деріне, соның ішінде, бірінші кезекте Әзербай­жан­ға астық жеткізуді ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Молшылық болғанымен, мәселе көп

Жалпы, астық экспортына байланысты елі­міз­­дің әлеуетін билік тарапы жоғары ба­ға­лайды. Дегенмен салада түйіні тарқамаған мәселе көп.

– Азық-түлік қауіпсіздігі бүкіл әлем бойынша басты мәселеге айналды. Биыл біздің елде астық мол шықты. Бірақ егіннің орташа шығымы әлі де төмен. Бұл салада заманауи технологияны қолдану өте маңызды. Шаруаларды осыған ынталандыру керек. Сондай-ақ тыңайтқыштың қолжетімді болуын қам­тамасыз еткен жөн. Ауыл шаруашылығы өнімін өң­деу ісін жақсартуға баса назар аудару қажет, – де­ген еді былтыр Президент Үкіметтің кеңейтілген оты­­­рысында.

Ең алдымен, тыңайтқыш мәселесіне тоқталсақ. Jusan Analytics-тің астық нарығына жүргізген зерт­теуінде саладағы басты мәселе осы тыңайтқыш еке­ні айтылады. Зерттеуде келтірілген мәліметке сүйен­сек, дәнді дақылдарға басымдық КСРО кезінде қа­лыптасқан және одан әрі сол соқпақпен жыл­жыдық. КСРО кезінде (1986-1990) отандық бидай­дың өнімділігі орта есеппен гектарына 12,6 центнер болған. 1980 жылдары астық өндірісі бойынша өндірісті қарқындату жұмыстары жақсы нәтиже бер­ген. Егіннің 50 пайызы минералды тыңайтқыш­тар­ды қолдану есебінен, 20 пайызы аудандастырыл­ған сорттарды пайдалану есебінен және 30 пайызы технологияны сақтау есебінен қалыптасыпты. Бұл пропорция аграрлық салада жүзеге асырылған ұйымдық өзгерістерге, дәнді дақылдарды өсіру технологиясының бұзылуына, бағаның диспарите­тіне және басқа факторларға байланысты бұзылған. Jusan Analytics мәліметінше қазір бидай өнімділігі бойынша Қазақстан әлемнің 130 елінің ішінен 109-орында. Біздің еліміз негізінен ақуызға (глю­тенге) бай, бірақ салыстырмалы түрде жұмсақ, әлсіз сорттардың өнімділігі төмен күшті жұмсақ бидайды өсіреді. Алайда салыстырмалы бидай сорттары бар елдер арасында да біздің бидайдың өнімділігі ең төмен екен. Осы орайда сарапшылар басқа бағытқа ба­сымдық беру керек екені туралы айтып өткен.
Жалпы, тыңайтқыш мәселесі біздің елде ғана емес, әлем бойынша өзекті екені белгілі. Ресми мә­ліметке сүйенсек, 2022 жылдың қорытындысы бойын­ша кейінгі 10 жылда алғаш рет тыңайтқышпен қамту 667 мың тоннаға немесе қажеттіліктің 26 пайызына жеткен. Биыл шамамен 704 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған еді, оның 63 пайы­зы – отандық тыңайтқыштар (аммиак селитрасы мен аммофос). Тыңайтқыштарды субсидиялау бағ­дар­ламасына жергілікті бюджеттерде 31,3 миллиард теңге қарастырылыпты.
Тыңайтқыш, жаңа технологиялар мәселесіне маман жетіспеушілігін де қосып өткен жөн. «Райымбек Нан» ЖШС бас агрономы Әбдімұхаммед Сұлтанов 50 жылғы еңбек жолында мамандардың азаюы айқын байқалғанын айтып өтті.

– Біздің өңірдің астық өндірудегі әлеуеті жо­ғары. Жаңа технологияларды енгізетін болсақ, өнім өте мол болады. Бізде игерілмей жатқан жерлер жа­тыр. Ауданда 36 мың гектар дәнді дақыл болған. Соның қазір 10 пайызы игерілген жоқ. Қуаңшылыққа төзімді жаңа сорттар егу қажет. Сонымен қатар қазір жермен жұмыс істейтін маман жоқ. Астық өн­дірушілерге жеңілдетілген несиелер беріп жатыр, ал оны салаға мүлдем қатысы жоқ адамдар алып, игере алмай жатыр, – дейді агроном.

Жалпы, 2023 жылға облыстардың жергілікті бюд­жеттерінде тұқым шаруашылығын дамытуды суб­сидиялауға 11,4 миллиард теңге бөлінген екен. Мемлекет жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 350 миллиард теңгеден астам субсидия бөледі. Соған қарамастан, өңдеу өндірісі дамып жатқан жоқ.

Биылғы егіннің шығымы жақсы, нақты болмағанымен болжам да – оң. Сарапшылар ішкі нарықты қамтуға әлеуетіміз жететінін айтады. Бұдан да мол өнім алуға қауқарымыз жететіні де сөз болды. Ал Үкімет импорт көлемін одан әрі ұлғайтуға мүдделі. Бұл бағытта жұмыстар жалғасып жатыр. Әйтсе де, маман тапшылығы, жерді игеру, тыңайтқыш, жаңа технологиялар төңірегінде түйткіл көп. Бұл мәселелер тек астық өндірісі емес, жалпы ауыл шаруашылығы саласына ортақ болып отыр.

https://turkystan.kz/article/230055-kambamyz-astykka-tolganymen-kazynamyz-nege-karzhyga-tolmaydy/

Leave A Reply

Your email address will not be published.