«Бұл жерден чемпион шығады»: «Batyr Bolamyn» қоры Алматы облысындағы ауыл балаларын тағы бір спорт кешенімен қуантты

62

«Batyr Bolamyn» қорының қолдауының арқасында ауыл-аймақтағы көп балалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар бокс, қазақша күрес, баскетбол, дзюдо, үлкен теннис, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат және т. б. спорт секцияларына тегін қатыса алады.

Қор бұл жолы еркін күрестен әлем чемпионатының бірнеше дүркін және Азия чемпионатының жеті дүркін жүлдегері, қазақстандық палуан Дәулет Ниязбековтың бастамасына қолдау білдірді. Атап айтқанда палуан бүгінде шәкірт дайындауға ниеттеніп Асқар Тоқпанов ауылында “Niyazbeov kures zaly” спорт залын ашқан еді. «Batyr Bolamyn» қоры өз тарапынан керекті жабдықтармен, спорттық саймандармен қамтамасыз етіп, ауыл балаларына спортпен емін-еркін айналысуына мүмкіндік жасады.

“Бүгінгі спорт залдың ашылуына келген баршаға көп рахмет. Әсіресе бұл кешенге демеушілік білдіріп көптеген құралдармен жабдықтаған “Қазақстан халқына”, «Batyr Bolamyn» қорларына ерекше алғыс айтқым келеді. Енді алдағы уақытта жақсы шәкірттер дайындап, үлкен жетістіктерге жетеміз деп сенемін”, – деді Дәулет Ниязбеков.

Ниязбеков қазір спорт секцияларына 100-ден аса баланың қатысатынын алға тартты. Олар түрлі спорт түрлеріне арнайы кестемен кезекпен жаттығуға келеді екен.

«Batyr Bolamyn» қоры бұл спорт залды бокс қолғаптары, герлер, доп, секіртпе, арқан, сияқты тағы да басқа көптеген жаттығу арналған құрал-саймандармен жабдықтады. Қорды Арман мен Асыл Уахап есімді азаматтар құрған. Олар спорт залдың ашылу салтанатын жоғары деңгейде ұйымдастырып, Тоқпанов ауылының тұрғындарына қуаныш сыйлады.

Ал «Batyr Bolamyn» қорының президенті Еркін Сәбікенұлы баршаны құттықтап, биыл өзге де аймақтарда талантты жастарды қолдауға арналған тағы 100 спорт залын ашу жоспарға қойылғанын алға тартты.

“Бұл біз үшін дүбірлі той. Мына залдың ашылуына сеп болып, басы-қасында жүріп, қол ұшын тигізіп жатқанымызға өте қуаныштымыз. Осы залды ашып жатқан Дәулет елдің, ұлттың мақтанышы. Кеше ғана елімізге жеңіс әкелсе, қазір сол жеңісін балалармен бірге жалғастырмақшы. Расында осындай азаматты тәрбиелеген ата-анасына алғыс айтамыз. Мұндай жаттықтырушымен біздің елде әлі де чемпионар шығатынына сенімдіміз. Бұл зал бірінші Дәулеттің еңбегі. Ал қолдаушы ретінде осындай азаматтың бастамасын жалғастыра алсақ нұр үстіне нұр болады деп ойлаймын. Осы тұста шалғай жерлерлерде балалардың спортпен еркін айналысуына қолдау көрсетіп жатқан Қазақстан халқына қорына да алғыс айтамын. Ынталы жастарды қолдау біз үшін де үлкен қуаныш. Алдағы уақытта биылға жоспарланған әлі 76 залымыз бар. Оның екеуі міне ашылып жатыр. Оған дейін ашылған 40 залымыз бар. Сонда барлығы 100-ден аса зал  болмақ. Осынай қарқында ертеңгі чемпиондарымыз көп болсын”, – деді Еркін Сәбікенұлы.

Залдың ашылу салтанатына қызмет ету мерзімінде 70-ке жуық қайырымдылық бағдарламалар мен жобалардың бастамашысы болған “Қазақстан халқына” қорының өкілдері де қатысты.

“Осындай залдың ашылуына септігі тиіп жатқан «Batyr Bolamyn» қорына алғыс айтамыз. Ауыл тұрғындарына да рахмет. 2024 жылдың соңына дейін тағы жоспарланған барлық залдарды ашып, 100 кешенді іске қоссақ дейміз. Осындай іске атсалысып, балаларды тәрбиелеп, еліміздің атын шығаратын спортшылар дайындауға үлес қосқанымызға өте қуаныштымыз. Қорымыз әр түрлі бағыттарда жұмыс жасап жатыр. Қазіргі уақытта су тасқынына байланысты 10 миллиард теңге ақша бөлінеді. Елдегі табиғи апат салдарын жеңуге де бар күшімізді салудамыз. Ал бүгінгі осы бір қуанышты жиында айтарым, спорт залдарымыз көбірек ашылып, жеңімпаздарымыздың саны артсын!”, – деді “Қазақстан халқына” қорының өкілі Ұланбек Нұрманов.

Атаулы шарада Дәулетбеков Азамат, Нұрлан Бекжанов, Қайпанов Нұрқожа, Әлішер Ерғали, Жадыраев Демеу, Үсербаев Ғалым секілді ҚР еңбек сіңірген спорт шеберлері, олимпиада лицензиясының иегерлері келді. Оларды ауыл балалары қуана қарсы алып, шабыттана түсті.

Шарада қадірлі қонақ ретінде халықаралық спорт шебері, Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, ҚР бокстан Еңбeк сіңірген жаттықтырушысы Ермахан Ыбраймов та бой көрсетті.

“Құрметті жиналған қауым, бүгін Дәулет Ниязбековтың айтулы спорт залы ашылып жатыр екен. Мұндай залдар көптеп салынуы керек. Оны қолға алып, қолдау мен демеу білдіріп жатқан “Қазақстан халқына”, «Batyr Bolamyn» қорларына алғыс айтамыз! Бүкіл Қазақстанда ашылып, жатыр. Шын жүректен сезіп тұрмын. Осы ашылып жатқан залдан бәлкім 8-10 жылдан кейін болар, әйтеуір бір олимпиада чемпионы шығады. Бұл жерде Дәулет Ниязбековтың өзі қалай күрескенін біз өте жақсы білеміз. Ол өзінің шеберлігін кішкентай балаларға береді. Сондықтан міндетті түрде чемпион шығады. Сол кезде мұнда тағы да осындай үлкен той жасалатынына кәміл сенемін. Мұндай спорт залының арқасында болашақ жеткіншектеріміздің дені сау, мықты, азамат болып тәрбиеленеді. Құтты болсын! Бәріміз спорт залдың өсіп-өркендеуіне үлес қосайық”, – деді Ермахан Ыбрайымов.

Осыдан соң залдың ашылу салтанатында Ермахан Ыбраймов пен ҚР Еңбeк сіңірген спорт шебері Ислам Байрамуков лента қиды. Рәсімде Асқар Тоқпанов ауылының ақсақалы батасын беріп, шашу шашылды. Спорт залдың бас жаттықтырушысы Дәулет Ниязов келген қонақтарға шапан жапты.

Тұрғындар ауыл балалары үшін таптырмас мүмкіндік сыйлаған «Batyr Bolamyn» қоры мен демеушілерге алғыстарын жаудырды. Шараға «Batyr Bolamyn» қорының амбассадоры болып NNN лақап атымен танымал, блогер Нұрдаулет Бектұрсын да бой көрсетті.

“Мұндай бастамаларды қолдаймын. Себебі кез келген чемпион, кез келген батыр ауылдан шығады. Өзім де ауылдан шыққанмын. Сондықтан осындай жерлерде еш ойланбай қолдауға әрдайым дайынбыз. Батырларымыз көп болсын. Мүмкін емес ештеңе жоқ!”, – деді Нұрдаулет.

Блогер де құр қол келмей балаларға өзінің кішігірім сыйлықтарын берді.

Осылайша Тоқпанов ауылының балалары жаңа, кең әрі ішінде барлық мүмкіндік жасалған залмен қоса өздері үлгі тұтқан спортшыларды көріп одан сайын қуана түсті.

«Batyr Bolamyn» қоры алда тағы да басқа ел аймақтарына барып, жас таланттарға қолдау көрсетпек.

Stan.kz порталы Batyr Bolamyn қорының басты ақпараттық серіктесі. Редакциямыз да атаулы шараға барып, игі істің куәсы болды.

Еске салсақ, Stan.kz даму жөніндегі директоры Шыңғыс Мәдібек Batyr Bolamyn қорының вице-президенті болған еді.

https://stan.kz/byl-zherden-chempion-shigadi-batyr-bolamyn-kori-almati-399344/

Leave A Reply

Your email address will not be published.