«Бұл іске Тасмағамбетовтің де қатысы бар…» – Қанат Сұлтанбеков

1 266

Астана ЛРТ ісі бойынша айыпталған, қазір Нью-Йоркте тұратын Қанат Сұлтанбеков Nege.kz тілшісіне эксклюзив сұхбат берді. Ол саясаткер Иманғали Тасмағамбетовке және ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты біраз жайтты баяндады. 

Тілшіміз Қанат Сұлтанбековпен байланысқа шығып, сұхбат беруін сұраған. Бір қызығы, ол сұхбат беруге тез келісті және жауабын едел-жедел жіберді.

«Мәсімовке хат жаздым»

– Қанат, сіз лауазымды қызметтерге қалай келдіңіз? Бұған әкеңіз Таңатар Сұлтанбековтің Иманғали Тасмағамбетовпен жақындығы сеп болған жоқ па?

– Өз ісіне берілген, кәсіби құрылысшы әкем мені 10 жасымнан бастап баулыды. Құрылыс алаңдарына өзімен бірге алып жүріп, осы мамандыққа деген қызығушылығымды оятты, еңбекке баулыды.

Кәсіби еңбек жолымды 16 жасымнан бастадым. Мектепте оқып жүріп-ақ каникул кезінде қарапайым бетон құюшы болдым. Жоғарғы оқу орнында студент болып жүріп те сабақтан тыс уақытымда цехта мастер болып жұмыс істеуді жалғастырдым.

Кейіннен әке-шешемнің қолдауымен АҚШ-та құрылыс менеджменті және қаржы экономикасы бойынша екі магистр дәрежесіне ие болып, екеуінде үздік дипломмен аяқтадым. Сол университетте оқып жүріп те жұмыстан қол үзген жоқпын.

Сол үшін университет маған «full scholarship» грантын ұсынып, оқуымды өздері төлеуге ұсыныс жасаған. Магистратураны бітіргеннен кейін Нью-Йорктің девелопер компаниясында жобалар менеджері болып жұмыс істедім.

2000 жылы Қазақстанға оралған соң, мені  бірден Атыраудағы Қашаған мұнай кен орнын игеру мен дамыту жобасы бойынша жұмысқа қабылдады. Одан кейін «Алматыгорстрой» АҚ компаниясында 3 жылдан аса еңбек етіп, көптеген жаңа технологияларды енгізіп, өндірісті дамыту жұмыстарын жүргізіп, әкемнің орынбасары лауазымына дейін көтерілдім. Сол компаниядан Алматы әкімшілігіне қызметке ауыстым.

– Жалпы, сізді Тасмағамбетовпен не байланыстырады?

– Мен Алматы әкімдігінде 2004 жылдың жаз айынан бастап қызмет істей бастадым, И.Тасмағамбетов қала әкімі болып сол жылы желтоқсан айында тағайындалды. Менің таныстығым осы кезден басталды.

Коллаж: nege.kz

Иманғали Тасмағамбетов өзіне ғана емес, сонымен қатар қарамағындағыларға да өте жоғары талап қояды. Осыны ескерсек, бұл жерде ешбір мистикалық байланыссыз-ақ, қажырлы еңбегім мен құлшынысымның, білімім мен тәжірибемнің арқасында өзімді көрсете алдым деп ойлаймын.

Естеріңізге сала кетсем, бар-жоғы 18 айдың ішінде Алматыда көптеген құрылыс нысандары іске қосылды. Соның ішінде 14 жол айрығы салынып, көліктердің орташа жылдамдығы 30 км/сағаттан 40 км/сағатқа көтеріліп, жолдың асфальтпен жабылуы 50-ден 80%-ға дейін өсті.

2008 жылы Астанаға ауысқаннан кейін алғашқы 1,5 жыл ішінде А.Мамин әкім болып тұрған кезде басталып, қаржы бөлінсе де аяқсыз қалған, тоқтап қалған көлік нысандарының құрылысын бітіруге тура келді.

Сондықтан да, менің мемлекеттік қызметтегі карьерама әкемнің ақыл-кеңесі, моральдық қолдауымен және тәлім-тәрбиесінен басқа ешқандай ықпалы болған емес. Өйткені әкем Алматы, Астана, Тараз, Атырау, Талдықорған қалаларында құрылыс жүргізіп, көптеген басшылармен бірге жұмыс істеп, өзінің сүйікті ісі – құрылыс саласына 50 жылға жуық өмірін арнап келеді.

– Сіз Иманғали Тасмағамбетовпен ұзақ жылдар қызметтес болдыңыз ғой…

– Иә, оныңыз рас. Мен И.Тасмағамбетовпен 10 жылдан астам уақыт қызметтес болдым. Бұл уақыт мен үшін кәсіби шеберлігімді шыңдаған, әркімге беріле бермейтін үлкен іс-тәжірибе мектебі болды.

– «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары қызметінде жүргеніңізде неге басыңыз дауға қалды? Астана қаласы әкімінің орынбасары болған кезіңізде тағы дауға шатылдыңыз. Сізге 1 млрд теңге көлеміндегі пара алды деген айып тағылды. Осы айыптауларға қатысты не айтасыз?

– Бұл іс бойынша айып тағылған сот процесі өтті, бірақ бұл «Қазақстан Инжиниринг» компаниясына қатысты іс еді. Тергеу басталған кезде істің барлық мән-жайын, жоғары шенді басшылардың сол іске қандай қатысы барын, қаражаттың қайда кеткенін егжей-тегжейлі түсіндіріп, Кәрім Мәсімовке хат жаздым.

Бірақ, өкінішке қарай, бұл материалдарға ресми мәртебе берілген жоқ. Керісінше, мені және басқаларды кінәні мойнындауға мәжбүрледі. Мен бұған амалсыздан көндім.

Осыдан кейін өмірімді жаңа беттен бастауыма тура келді.

– Неден бастадыңыз?

– Басымнан өткен қиын дағдарыс пен әділетсіздіктен кейін өзім ойлаған жаңа жобаларымды бастауға бел будым. Яғни, бейне сигнал арқылы адамның эмоциясы мен «фейк» мәліметтерді қашықтан анықтайтын бағдарлама жасауды қолға алдым. Ол үшін білімімді жетілдіруім қажет болды. Сөйтіп Гарвард Университетінің біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, сертификат алып, жұмысымды бастап кеттім.

Бұл жоба жұмысына қаржыландыру көздерін де тауып, нәтижесінде тамаша өнім пайда болды. Ендігі жоспарым – оны нарыққа шығару.

Әділбек Жақсыбеков пен Нұрәлі Әлиев туралы

– 2017 жылдың қарашасында сот сізді «ірі көлемде пара алды» деген айыппен 10 жылға бас бостандығыңыздан айырды. Бірақ сіз 2 млрд теңге айыппұл төлеп құтылдыңыз. Сол жылдың 11 желтоқсанында мемлекетке келтірген залалы үшін айыппұлының алғашқы бөлігі ретінде 959 млн теңгені төлеп, ал, 2018 жылдың 5-6 ақпанында қалған 1 млрд 180 млн теңге көлеміндегі қаржыны бес траншпен төледіңіз. 2 млрд теңге аз ақша емес. Мұнша көп айыппұлды қалай тез тауып төледіңіз?

– Әрине, ең басты көмекті әке-шешем көрсетті. Олар өздерінің жиған-терген қорларын қосты, үйлерін, Алматы мен Атыраудағы бизнес-орталықтарын сатты. Банктен кредит алды, туыстардан қарыз сұрады, осылайша айыппұлдан құтылуға мүмкіндік туды.

Коллаж: nege.kz

Мемлекеттік қызметке келгенге дейін де жұбайым екеуіміз кәсіпкерлікпен айналысқанбыз. Декларацияда көрсеткенімдей, өз бизнесіміз, бірқатар активтерміз болды. Маған осының барлығын сатуға тура келді.

– Astana LRT төңірегіндегі былыққа қатысты не айтасыз? Сіз бұл жолы да «қаржыны жымқырды» деген күдікке ілініп, Талғат Ардан екеуіңіз елден қаштыңыздар. Қазір Т.Арданмен байланысып тұрасыз ба? Оның қайда екені сізге мәлім бе? 

– Мен ешқайда қашқан жоқпын, мемлекеттің қаржысын ұрлаған емеспін. Мен LRT ісінен 2 жыл бұрын еркін азамат ретінде, өзімнің жобаларым бойынша жұмыс істеуге және біліктілігімді арттыру үшін шетелге кеткен болатынмын. Мен тіркелген мекен-жайда әке-шешем тұрады, ол тергеуге белгілі. Алайда мені күдікті деп жариялағанға дейін тергеу органдары жауап алуға шақырған жоқ.

2014 жылы мен әкімдіктен кеткеннен кейін де Талғат Ардан біраз уақыт Астана LRT-да жұмыс істеп, сол кездегі әкім Әділбек Жақсыбековтің BRT автобус жобасын LRT-ға ауыстыру бойынша тапсырмаларын орындап жүрді.

Қазір бұл жоба уақытша тоқтатылған. Менің Т.Арданмен тек қызмет бабымен ғана қарым-қатынасым болды. Оның қазір қайда екенінде хабарым жоқ.

Бір нәрсені айта кетейін, Т.Ардан мен келгенге дейін де әкімдікте жұмыс істеді. Ол Ә.Жақсыбеков 1997-2003 жылдар аралығында Астананың әкімі болған кезеңде де, 2014-2016 жылдары Жақсыбеков екінші рет әкімдікке келген кезде де соның қарамағында жұмыс істеді.

– Таяуда Facebook желісінде Кәрім Мәсімов туралы жазып, «Сенің қолың – қанда, орның – тозақта!» дедіңіз. «Қолың қан» дегенде нені меңзедіңіз? Мәсімовтің бұл іске қатысы бар ма?

– BRT жобасын LRT-ға кім өзгерткенін, осы жемқорлық іске кімнің қатысы болуы мүмкін екенін айтып, Мәсімовке бірнеше мәрте ақпарат жолдағанмын.

К.Мәсімов. Фото: РИА Новости

Мен қызмет атқарған кезде жүзеге асырылып жатқан BRT жобасының кейін тоқтап қалған LRT жобасынан үлкен айырмашылығы бар. BRT жобасын тоқтатып, эстакададағы LRT құрылысын салу – Ә.Жақсыбековтың тікелей бастамасы, ал осы жобаны жүзеге асырушы – оның орынбасары Нұрәлі Әлиев.

Бұл құрылыстың тоқтап қалу себебі – 2016 жылдың желтоқсан айында Қытайдан қарызға алынған 257 миллион доллардың «Астана Банкіне» заңсыз аударылып, сол жақтан із-түзсіз жоғалып кетуі.  Бұл несиелік заемды алуға К.Мәсімов премьер-министр болып тұрған кезде Қытайда қол қойған.

Мүмкін осы ақшаға қатысты тергеудің жүргізілмеген себебі де осында шығар? Мен ұсынған материалдарды қарастырмай, жылы жауып қойды да, істі қозғауға жол бермеуде.

Бірақ, бұл іске И.Тасмағамбетовтің де қатысы бар. Сол себепті де мен қаңтар айындағы қайғылы оқиғаларға дейін Тұңғыш Президентке және қазіргі Президентке, Бас прокуратураға өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдеуге тырысып, негізгі кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту керек екенін жазып жібердім.

К.Мәсімовтің өзіне келсек, оған «билікті күшпен басып алу» және  «мемлекетке опасыздық жасау» бойынша айыптар тағылды. Бұл – өте ауыр айыптар. Қаңтарда қаза тапқандардың орнын ештеңемен толтыра алмаймыз. Қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтамын.

«Екі бөлмелі пәтерді жалдап тұрамыз»

– Қазір отбасыңызбен Нью-Йорктегі атақты әрі өте бай аудан Манхэттендегі – «World Trade Center»-де тұрады екенсіз. Қымбат мемлекетте өмір сүру де – қымбат. Немен айналысып жүрсіз?

– World Trade Center адамдар тұратын аудан емес, бұл – қаланың адамдар жұмыс істейтін әкімшілік ауданының бөлігі.

Біз төртеуіміз қарапайым 2 бөлмелі пәтерді жалдап тұрамыз. Біз де жергілікті мамандар сияқты 24/7 сағат өз бизнес-жобамыз бойынша жұмыс істейміз. Кейде әке-шешемнен көмек сұраймын. Тапқан табысымыз бойынша тұрақты түрде салық төлеп, декларация жариялаймыз.

Жалпы, Нью-Йорктегі дәулетті, сәнді өмір туралы стереотип көп жағдайда шындыққа жанаспайды. Басқа-басқа, Нью-Йорк «көз жасқа сенбейді». Бұл – өте қатал, жанға жайлылығы аз қала. Бір ғана жағымды жағы, мұнда жалақы жоғары. Әрине, өзің еңбек етіп алға ұмтылсаң, өзіңе сенсең, аяғыңнан тік тұрып кеткенше табандылық танытсаң, «америкалық арманға» жетуге болады. Егер бос жүріспен уақытыңды өткізіп, бір күндік өмірмен жүре берсең, мұнда қалудың қажеті жоқ. Ал біз жатпай-тұрмай жұмыс істеп жатырмыз.

Қ.Сұлтанбеков. Фото: facebook.com

– Елге келіп, кінәсіздігіңізді дәлелдеуге тырысасыз ба?

– Біріншіден, тергеуші қашықтан да тергеу жүргізіп, жауап ала алады.

Екіншіден, менің осы іс туралы берген материалдарымда кімнің қандай деңгейде, қандай іске қаншалықты қатысы бар екені туралы толық баяндалған. Президентке де жаздым. Егер менің осы берген құжаттарым мен деректерім объективті түрде қаралып, дұрыс жолға қойылса, жоғары лауазымды шенеуніктерге қатысты іс қозғалса, маған қауіпсіздік кепілдігі берілетін болса, онда мен елге қайтуым туралы мәселені қарастыруға дайынмын.

– «Билік ауысты», «Жаңа Қазақстан құрамыз» деп жатырмыз ғой, әлде сіздің бұған күмәніңіз бар ма?

– Менің ойымша, бәрі бұрынғыдай қайталанып кетуі мүмкін. Менің берген айғақтарым бұрмаланып, барлығы бүге-шүгесіне дейін тексерілмей, ең соңында оңай жолы – белгілі бір шарттар арқылы кінәні мойынға алуға  мәжбүрлеуі ықтимал.

Мені бір нәрсе таңдандырады, неге сіздер «Астана банкінде» жоғалған 257 миллион доллар туралы мәселені көтермейсіздер? Неге журналистік зерттеу жүргізбейсіздер? Бас прокуратураға осы қаржыға байланысты тексеру жүргізуді немесе қазіргі Мәжіліс және Сенат депутаттарынан осы мәселені көтеруді неге сұрамайсыздар?..

– Сұхбатыңызға рақмет.

nege.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.