Біздің басты құндылығымыз – халықтың денсаулығын жақсарту

261

Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі 30 жыл ішінде айтарлықтай елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бүгінде өсу мен өркендеудің әр белесін бағындырған елімізде телегей тірліктер жасалып, сырғыған жылдар ағысымен іргелі істер атқарылып келеді. Жалпы халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір сүруінің ұзақтығы 73,2 жасқа жуықтады. Осы уақыт аралығында облысымыздың медицинасы да көптеген қиындықтардан өтті, біршама белестерді бағындырды.

Атап айтар болсақ, облыстық денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлеміне 1991 жылы – 500 миллион теңге бөлінсе, 2021 жылға бөлінген қаражат көлемі – 116,4 миллиард теңгені құрап отыр. 30 жылда 170,6 есе өскен.

Тәуелсіздік алғалы бері мемлекеттік, қоғамдық істегі қызметі, еңбектегі жетістіктері мен жауынгерлік ерліктері үшін өңірімізде денсаулық сақтау саласының қызметкерлері арасында 32 медицина қызметкері мемлекеттік наградаларды иеленді, оның ішінде «Барыс» орденімен – 3 (қайтыс болғаннан кейін), «Парасат» орденімен – 1, «Құрмет» орденімен – 5, «Ерен еңбегі үшін» – 9, «Шапағат» – 14.

Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының Ведомствоаралық наградаларымен 265 медицина қызметкері марапатталған. Оның ішінде «Еңбек ардагері» медалімен – 44, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен – 89, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен – 132-сі наградталды. Медицина саласында қызмет атқаратын 17 дәрігер «Құрметті азамат» атағының иегері.
Атқарылған мақсатты шаралардың арқасында денсаулық сақтау саласындағы негізгі көрсеткіштерінде оң динамика байқалды. Балалардың денсаулығын сақтау денсаулық сақтау саласының, мемлекет пен қоғамның өзекті және маңызды міндеттерінің бірі. Тәуелсіздіктің 30 жылында облыста денсаулық сақтау жүйесі, соның ішінде педиатрия қызметі бірқатар маңызды оң өзгерістерге қадам жасады.

Соңғы жылдары нәрестелер мен балалар өлімінің тұрақты төмендеуі байқалады. Тәуелсіздік жылдары нәресте өлімі – 4,5 есеге төмендеді (1991 жылғы 31,8 пайыздан 2020 жылы 7,02 пайызға дейін).
Облыстың демографиялық жағдайы жақсарды. Егер 1991 жылы 1000 тұрғынға шаққандағы туу коэффициенті – 23,7 болса, 2020 жылы – 25,2 туу коэффициентімен 27 мыңнан астам нәресте тірі туылды. Сонда табиғи өсім 1000 тұрғынға шаққанда – 16,95 көрсеткішін құрады.

Соңғы жылдары өңірде бірнеше балалардың денсаулығын сақтау нысандары ашылды. Олар – облыстық жұқпалы балалар ауруханасы, салмағы 500 грамм немесе одан жоғары жаңа туған нәрестелерді күту мүмкіндігі бар 2 перинаталдық орталық, «Ана мен баланы аялау» облыстық оңалту орталығы, облыстық балалар ауруханасы, №1 қалалық балалар ауруханасы. 2020 жылдан бастап облыстық көпсалалы балалар ауруханасының жанынан 120 орындық балалар ортопедия/травматология, нейрохирургия мен неврология бойынша облыстың балаларды емдеу-сауықтыру және оңалту шараларын көрсету бойынша медициналық оңалту бөлімшесі жұмыс істей бастады.

Өңірде практика дәрігерлері қызметі енгізілді. 2021 жылдың 1 ай қорытындысымен облыста 684 жалпы практика дәрігері ересектер мен балаларға бастапқы медициналық санитариялық көмек көрсетті.
Әйелдің жүктілігінің алғашқы кезеңінде туа біткен патологияны және ұрықтың даму ақауларын анықтау үшін перинатальды және кішкентай балалардағы отоакустикалық эмиссияны тіркеу әдісімен аудиологиялық скринингтер енгізілді.

Облыстың 5 медициналық ұйымында кардиохирургия, травматология, акушерлік-гинекологиялық бейін бойынша жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетіледі. Ол ұйымдар – «Жамбыл облысының әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы» ШЖҚ МКК, «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы», «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасы» және «Неке және отбасы» медициналық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестері.

Соңғы жылдары облыстың денсаулық сақтау ұйымдарының жабдықталуы да артты, 2009 жылы жабдықталу – 35,7 пайызды құраса, 2021 жылы – 87,5 пайыз. Осы жылдар ішінде олыста барлық медициналық ұйымдар компьютерлік техникамен жабдықталды, интернет желісі қолжетімді, барлық медициналық құжаттар электронды форматта жүргізілуде.

Денсаулық сақтау нысандарын соғу қарқыны бәсеңдеген емес. Егер, 1991 жылдан 2009 жылға дейін 27 денсаулық сақтау нысаны соғылса, 2009 -2020 жылдар аралығында 217 нысан ел игілігіне пайдалануға берілді.

Елімізде білім беру және денсаулық сақтау нысандарына деген сұранысты жою мақсатында «100 мектеп, 100 аурухана салу» жобасының жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Аталмыш жоба аясында құны 18,8 миллиард теңгеге 6 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Олар – Тараз қаласындағы облыстық қан орталығы, сметалық құны – 4 005,9 миллион теңге, Тараз қаласындағы 500 келушіге арналған №5 қалалық емхана, сметалық құны – 2 456,6 миллион теңге, Жамбыл облысы, Шу ауданында 150 келушіге арналған аудандық орталық ауруханасы, сметалық құны – 3 740,9 миллион теңге, 200 төсектік облыстық балалар ауруханасы, сметалық құны – 4 674 миллион теңге, 200 төсектік қалалық балалар ауруханасы, сметалық құны – 4 803,1 миллион теңге, Жамбыл ауданы, Аса ауылындағы 250 келушіге арналған аудандық орталық емхана, сметалық құны 3 287,9 миллион теңге.

«350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емхана салу» жобасы аясында жоспарланған 26 денсаулық сақтау нысанының ішінен құны 1,8 миллиард теңгеге 25 мекеменің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілген.

Сонымен қатар «350 дәрігерлік амбулатория, ФАП және емхана құрылысы» бағдарламасы бойынша 2014 жылы ауысымына 250 келушіге арналған Меркі аудандық орталық емханасы ғимаратының құрылысы басталып, 2016 жылы пайдалануға берілді. Жалпы құны – 1 046 588 мың теңге.

2014 жылы ауысымына 250 келушіге арналған Талас аудандық орталық емханасының құрылыс жұмыстары басталып, 2016 жылы аяқталды. Жалпы жобаның құны – 407 996 мың теңге.
2018 жылға облыстық бюджеттен 9 денсаулық сақтау нысандарының құрылысын салуға 608,9 миллион теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары атқарылды және мемлекеттік жекешелік-әріптестік шеңберінде 29 алғашқы көмек көрсету нысандарының құрылысы жүзеге асырылды (12 ВА, 7 ФАП, 10 МП).
2019 жылы тікелей сатып алу тәсілімен 65 алғашқы медициналық көмек көрсету нысандарына ғимараттар сатып алынды. Ауылдық елді мекен тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігі артты.
2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шу қалалық ауруханасының ғимаратына жапсарлай емхана ғимаратын салу жобасының құрылысы аяқталып, пайдаланылуға берілді. Жобанаң құны – 304,0 миллион теңгені құрайды.

Сондай-ақ облыста денсаулық сақтау саласындағы маман-кадрлардың тапшылығы біртіндеп шешілуде. 2020 жылы облысқа 194 жас маман келіп, олардың 118-і ауылдық елді мекендерге «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жіберілді. Аталған бағдарлама аясында олардың 6-ауына республикалық бюджет есебінен 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредит көлемінде көтермеақы төленді, 33-іне 100 айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы төленді, жергілікті бюджеттен 800 мың теңге көлемінде қаржылай көмек 78 жас маман алған. 15 жас маман тұрғын-жаймен қамтамасыз етілді, оның ішінде 13 маманға қызметтік үй берілді (Жамбыл-1, Жуалы-2, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласы-3, Талас-7), Тараз қаласындағы 2 маманның үй жалдау ақысы мекеменің есебінен төленуде (Психикалық денсаулық орталығы – 1, қалалық көпбейінді ауруханасы – 1). Сондай-ақ облысқа жас мамандарды тарту мақсатында облыстың денсаулық сақтау басқармасы жоғары медициналық оқу орындарымен жұмыс жүргізеді.

Мәселен, 2019 жылдан С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін жалпы медицина мамандығы бойынша 12 түлек, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінде жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін резидентурада акушер-гинеколог, анестезиолог-реанимотолог мамандықтары бойынша 12 дәрігер оқытылуда.
2020 жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен бөлінген грантпен жалпы медицина мамандығы бойынша 10 түлек, резидентурада акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог, неврология мамандықтары бойынша 12 маман оқиды.

Медицина қызметкерлерін басқа қажеттілігі бар медицина немесе фармацевтика мамандығын меңгеру үшін қайта даярлауда оқытып, дәрігерлер тапшылығын жабу мүмкіндігі қарастырылады.
Одан бөлек, 2020 жылдың 26 тамызында облыс әкімдігі мен С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті ыңтымақтастық туралы меморандумға отырды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың қолдауымен емдеу алдын алу мекемелерінің бой көтеріп, заманауи үлгіде салынып, халықтың игілігіне берілуі, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында жасалып жатқан қамқорлық – біздің тәуелсіз ел болғанымыздың кепілі.
Біздің мемлекетімізде қашан да қоғамның басты байлығы саналатын – адамға, адам денсаулығын арттыруға баса назар аударылуда. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің халыққа арналған Жолдауында да тұрғындардың денсаулығын жақсартуды басты мәселелердің бірі етіп қойып, бұл бағытта барлық мүмкіндікті жасап келеді.

Биылғы жылдан бастап еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа алып, бірқатар жұмыстар іске асырылуда.
Адам мамандығының құлы болмай еңбегінің құны болмайды. Біздің басты құндылығымыз – халық денсаулығынжақсартуға бағытталған істер.

 

Толқын ӨМІРБАЕВА,
облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз
қызметінің басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.