Жамбыл облысындағы дәрігерлердің немқұрайлығы аяғы ауыр әйелдің өмірін тас-талқан етті. Ақ халаттылардың қателігінен іштегі шақалағынан айырылып, өмір бойына мүгедек болып қалған ана аудандық ауруханадан миллиондаған теңге өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды Politico.kz Талас аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Талас ауданында болған. Жүктіліктің 10-шы аптасында «ерте токсикоз» мазалаған келіншек аудандық ауруханаға емделуге жатады. Алайда, жағдайының ауыр екеніне қарамастан, оған хаттамаға сай толыққанды медициналық көмек көрсетілмеген.
Дәрігерлер науқасты тиісті емін толық жасамай, мерзімінен бұрын үйіне қайтарып жіберген. Салдарынан әйелдің жағдайы күрт нашарлап, облыстық аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шығады. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін жүктілікті үзуге мәжбүр болған. Осы қайғылы оқиғадан кейін келіншекке III топтағы мүгедектік тағайындалды.
Арнайы тексерумен келген Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті ауруханадан былықтың көкенін тапты. Қызметкерлер клиникалық хаттама талаптарын өрескел бұзған, қажетті сараптамалар мен ем-домды толық жасамаған. Сондай-ақ, науқасты арнайы бейінді мамандар мүлдем қарамаған және медициналық құжаттар дұрыс толтырылмаған.
Осы олқылықтардың кесірінен аурухана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бір дәрігерге тек «тәртіптік сөгіс» қана берілді. Бұған келіспеген жәбірленуші әділдік іздеп сотқа жүгінген.
Талас аудандық соты істі жан-жақты қарап, дәрігерлердің салғырттығы мен келіншектің мүгедек болып қалуының арасында тікелей байланыс бар екенін дәлелдеді. Судья талап қоюшының арызын толықтай орынды деп тапты.
Сот шешімімен жауапты ауруханадан келіншектің пайдасына 5 млн теңге моральдық шығын өндірілді. Оған қоса, 246 мың теңге материалдық залал мен заңгердің қызметіне жұмсалған 300 мың теңге толықтай қайтарылатын болды. Қазіргі таңда сот шешімі заңды күшіне енді.
Дереккөз: https://politico.kz/kz/article/zhambylda-darigerlerdin-qateliginen-ayel-balasynan-ayyrylyp-mugedek-atandy
Фото: Талас аудандық сотының баспасөз қызметі