Азық-түлік бір жылда 25 пайызға қымбаттады

100

Өткен айда азық-түлік тауарлары – 1,6%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 1,3%, ақылы қызметтер – 0,5%-ға қымбаттады деп хабарлады turkystan.kz Ұлттық статистикалық бюроға сілтеме жасап.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айқын Қоңыров осы мәселеге қатысты Әлихан Смайыловқа сауал жолдады.

Оның айтуынша, бағаны тежеу үшін кешенді шаралар қажет.

«Жүйелі кешенді шаралар әзірлеу қажет. Ол үшін алдымен еңбек өнімділігін арттыру керек. Әсіресе агроөнеркәсіптік кешенге басымдық беру қажет. Екіншіден, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы өнімсіз шығындарды қысқартқан жөн», – деді депутат.

Азық-түлік арасында көкөніс бағасы айтарлықтай өскен, желтоқсанда қияр 35,6%, қызанақ 14,6%, тәтті бұрыш 8,4%, пияз 7,9%, қызылша 3,8% қымбаттады.

Құмшекер 3,8%, лимон 0,9% арзандады.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде желтоқсан айында техника бағасы айтарлықтай жоғарылаған.

Мәселен, 2022 жылғы қарашамен салыстырғанда сымсыз құлаққаптар – 7,7%, планшет – 6,3%, электрлі жылытқыштар – 6,1%, ноутбук – 3,7% қымбаттады.

Ыдыс жууға арналған құралдардың бағасы 4,5%, кір жуғыш ұнтақтікі 4% өсті.

Өткен айда ақылы қызметтердің бағасы 0,5% өсті. Туристердің медициналық сақтандыру қызметі 7,3%, көлік жуу қызметі 3,8% қымбаттады.

Коммуналдық қызметтер бойынша тарифтердің төмендеуі орталықтан жылыту (1 гКал) мен ыстық суға (1 м3) байқалды – әрқайсысы 0,4%-дан.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Қостанай және Жамбыл облыстарында тіркелді – әрқайсысында 1,9%-дан (республикалық орташа деңгейден 0,7 п.т. жоғары), ең төмені Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысында – әрқайсысында 0,7%-дан.

Өңірлер бөлінісінде азық-түлік тауарлары Қостанай және Жамбыл облыстарында ең көп өсті – 2,5%-дан, азық-түлікке жатпайтын тауарлар Қостанай облысында – 2,2%, ақылы қызметтер Жетісу облысында – 1,7%.

2022 жылғы желтоқсанда жылдық мәнде инфляция деңгейі 20,3% құрады.

Азық-түлік тауарларының бағасы 25,3%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 19,4%-ға, ақылы қызметтер 14,1%-ға өсті.

2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда шақпақ қант 92,7%, кір сабын 87,6%-ға, кеңсе тауарлары 70,3% қымбаттады.

Керісінше, жылдық мәнде сұйытылған газ (баллондарда) – 23%-ға, қырыққабат 15,2%-ға арзандады.

2022 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағасының индексін жасау кезінде азық-түлік тауарларының үлесі 40,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың үлесі 30,2%, ақылы қызметтердікі 29,1% құрайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.