Айтулы оқиғаларға толы АҚШ сапары

111

Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа жұмыс сапарымен барды. Мемлекет басшысы Нью-Йорк қаласында мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларымен, АҚШ-тың ірі қаржы институттарының және трансұлттық компаниялардың жетекшілерімен, сарапшылар тобының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізіп, сол жақтағы қазақ жастарымен жүздесті. Сонымен қатар БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының Жалпы дебатына қатысты.

Аса маңызды кезеңге тұспа-тұс келген басқосу

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйледі. Бұл – Мемлекет басшысының Нью-Йорк­ке сапарының басты оқиғасы болды.

Президент басқосу адамзат үшін аса маңызды ке­зеңге тұспа-тұс келіп отырғанын, әлем геосаяси қай­шылықтар күшейіп келе жатқан жаңа кезеңге қадам басқанын айтты. Екі буыннан кейін алғаш рет ядро­лық қарудың қолданылу қаупімен бетпе-бет кел­ге­німізді де тілге тиек етті. Бұл қиыншылықтар өсіп келе жатқан инфляцияға, жұмыс орындарын жоғал­туға және дамушы елдердің әлемдік экономиканың құлдырауынан үрейленуіне қатысты қазіргі сын-қатерлерді тек күшейте түседі.

– Осыдан 77 жыл бұрын БҰҰ-ның негізін қалаушы мем­лекеттер Ұйымның Жарғысына халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын енгізді. Қазір осы әмбебап Ұйымның негізінде қалыптасқан іргелі қағидаттарға қайта оралу аса маңызды. Атап айтқанда, біз мемлекеттер егемендігінің теңдігі, мемлекеттердің тер­риториялық тұтастығы, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі секілді бастапқы үш қағидат арасын­дағы байланысты қайта зерделеуіміз қажет. Бұл үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді. Дәстүрлі және ядро­лық қарусызданудың жаһандық жүйесі әлсіреген кезде аталған үш қағидатқа қауіп төнеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы БҰҰ аясында бекітілген құн­дылықтар жүйесі әлемнің түкпір-түкпіріндегі мил­лиондаған адамға үміт сәулесі болып қала беретінін айтты. Біз ортақ мұрамыз бен игілігімізге нұқсан келтіретін батылсыздыққа немесе біржақты мүддеге жол беруге құқымыз жоқ екенін, осыған байланысты Қазақстан инклюзивтілік, көпжақтылық және ізгі ниет жолында тиісті субъектілердің бәрімен ынты­мақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді.

Айтулы оқиғаларға толы АҚШ сапары

Президент ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін әре­кет етуі керек бағыттарға да тоқталды.

– Өткен жылдардағы көптеген және көбіне өзара бай­ланысты дағдарыстар жаһандық басқаруда айтарлықтай кемшіліктер бар екенін көрсетті. Олар БҰҰ-ны жаңғырту және реформалау қажет екенін айқындап берді. БҰҰ алдағы сын-қатерлерге және туын­дайтын мүмкіндіктерге дайын болуға тиіс. Осыған байланысты Қазақстан Бас хатшының «Біздің ортақ мәселеміз» атты баяндамасында айтылған ұсы­ныстарды қолдайды. Бізге БҰҰ Жарғысының ере­желерін бекітуге, көпжақтылыққа тың серпін беруге, қолданыстағы міндеттемелердің жүзеге асырылуын күшейт­уге, жаңа сын-қатерлерге қатысты нақты ше­шім­дерді келісуге және Ұйымға мүше мемлекеттердің өзара сенімін қалпына келтіруге зор мүмкіндік туып тұр, – деді Мемлекет басшысы. Осы орайда Шығыс пен Батыс ара­сын­да ашық диалог жүргізу, сондай-ақ өзара сенім мен көпжақты ынтымақтастық қағи­дат­тарына негізделген қауіпсіздіктің жаңа жаһан­дық парадигмасын орнатудың маңыз­ды екені айтылды.

Сонымен қатар Президент ядролық державалар арасында күшейіп келе жат­қан бәсеке мен текетірес, Ядролық қару­ды таратпау туралы шарттың жалпы кон­фе­рен­циясы аясында ілгерілеу жоқ екеніне біз­дің ел алаңдайтынын жеткізді. Биоло­гия­лық қауіпсіздік жөнінде халықаралық агент­тік құру туралы бастаманы тағы бір еске сал­ды.

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де ай­тыл­ды. Қазақстан алдағы уақытта да астық пен басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-тү­лік өнімдерінің сенімді жеткізушісі болып қа­ла бермек. Президент сөзінше, біз Қа­зақ­станда орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жө­ніндегі Ислам ұйымымен, сондай-ақ БҰҰ агент­тіктерімен ынтымақтастықты нығай­туға ниеттіміз. Бұл тұрғыда азық-түлік пен тыңайтқыштарды барлық санкциялар мен шек­теулерден босату аса маңызды екені ай­тылды. Оның үстіне жаһандық экономиканы қалпына келтіру үшін әділ сауда режимдері аса маңызды.

Айтулы оқиғаларға толы АҚШ сапары

Сондай-ақ Мемлекет басшысы сенімді, әртараптандырылған жаһандық тран­зиттік және көліктік инфра­құры­лым­ның маңыздылығына тоқталды. Осы тұрғы­да Президент Қазақстанның Азиядан Еуро­паға дейінгі маңызды құрлық дәлізі ретіндегі өсіп келе жатқан рөліне тоқталды.

– Транскаспий халықаралық көлік бағы­ты­на немесе «Орта дәлізге» тың серпін беріл­ді. Алдағы жылдары біз Қазақстан арқылы жүк тасымалының айтарлықтай арта тү­се­тініне сенімдіміз. Біз Каспий теңізінің бей­бітшілік пен жаңа мүмкіндіктер теңізі ре­тін­дегі позициясын қамтамасыз етуіміз керек. Алдағы айларда Қазақстан сауда және жет­кізу тізбегінің істен шығуы салдарынан туын­дайтын энергияға және маңызды ши­кізатқа қолжетімділіктің шектелуін азайтуға кө­мектеседі. Ұзақ мерзімді перспективада біз жасыл сутегі мен жаңартылатын энергия көз­деріне ерекше назар аудара отырып, энер­гия көздерін әртараптандыруға ұмты­ламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің саяси және экономикалық өзара іс-әрекетін нығайтуға ниетті екенін ерек­ше айтып өтті.

– Орталық Азиядағы әріптестерімізбен бірге аймақты одан әрі дамыту мақсатында өзара саяси іс-әрекетті нығайтуға және эко­номикалық байланыстарды тереңдетуге ниет­­тіміз. Біз тату көршілік қарым-қа­ты­нас­тарды сақтауға және ынтымақтастықты әр­тараптандыруға бейілдіміз. Бұл сенім біз­дің маңызды табиғи және ауыл шаруа­шылығы ресурстарымызға, адами капиталға жә­не транзиттік әлеуетімізге негізделген.

Біз – Шығыс пен Батыстың, Оңтүстік пен Сол­түстіктің арасындағы аралық нарық-пыз, – де­ген Президент өңірдің халықаралық ын­тымақтастық, оның ішінде табиғи және ауыл­шаруашылық ресурстары, адами ка­питалы мен транзиттік әлеуеті арқылы зор мүмкіндіктерге ие екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Әді­лет­ті Қазақстанды құруға бағыттал­ған еліміздегі ауқымды саяси және экономи­ка­лық рефор­маларға да тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы ішкі саяси оқи­ғаларға, атап айт­қанда, президент мерзімінің қайта қарас­тырылып жатқанын айтып өтті.
– Бұл – Қазақстанда демократияны да­мы­тудағы тың серпіліс. Біз «күшті Президент – беделді Парламент – есеп беретін Үкімет» фор­муласын қатаң ұстана береміз. Бұл фор­мула Қазақстанның ұлттық мүдделеріне то­лық сәйкес келетініне сенімдімін, – деді Мем­лекет басшысы.

Жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен жүздесу

Мемлекет басшысының Нью-Йоркке сапары Citi, Goldman Sachs, NASDAQ, Auerbach Grayson & Company LLP, Franklin Templeton, Brightlight Capital, AllianceBernstein, Jefferies Financial Group, Luxor Capital Group, Paine Schwartz Partners LLC, New Silk Road Forum, Robotti & Company Advisors, TPG Capital, Grupo Los Grobo сияқты жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен кездесуден басталды.

Айтулы оқиғаларға толы АҚШ сапары

Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық қаржыгерлерге еліміздегі ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы мәлімет берді.

Мемлекет басшысы бұл маңызды өз­герістердің қаржы-экономика сек­то­рына ықпалы тұрғысынан мәні зор екенін айтты.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев эко­но­миканың маңызды секторларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы Қазақстанның мүмкіндіктеріне назар аударды.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен ынтымақтастықтың перспективаларына тоқ­талды. Президент Қордың активтерін же­кешелендіруге байланысты жаңа мүм­кін­діктер ашылатынын айтты.

Айтулы оқиғаларға толы АҚШ сапары

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, жасыл экономика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы сала­ларын­дағы еліміздің зор әлеуетіне, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орта­лы­ғында жасалған қолайлы жағдайға назар аударды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметі инвести­ция­лық жобаларды жүзеге асыруда амери­калық іскер топтарға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Әділетті Қазақстан
дарынды жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады

Мемлекет басшысы Нью-Йорк қала­сында шетелде тұратын әрі әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істеп жатқан 400 қазақстандықты бірік­тіретін Digital Nomads IT қоғамдас­ты­ғының өкілдерімен кездесу өткізді.

Бейресми өткен кездесуде Қазақстанда ІТ саласын дамыту перспективалары мен қазіргі әлемдік үрдістер талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде Әділетті Қа­зақ­­стан дарынды жастарға жаңа мүмкін­діктер ашатынын айтты.

Сонымен қатар кездесуде Taskrabbit.com компаниясының стратегия және даму жөніндегі жетекшісі Әсет Әбдуәлиев, DCVC компаниясының венчурлық инвес­торы әрі директоры Анна Фокина, Google компаниясының инженер-программисі Арай Сабыржан және Booking.com компа­ния­сының менеджер-программисі Әлібек Дат­баев сөз сөйледі. Олар Президентке шет­ел­дік компаниялардағы жұмыстарынан ал­ған әсерін айтып, отандық ІТ саласын одан әрі дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Nomads өкілдеріне табыс тілеп, олар еліміздің дамуы мен өркен­деуіне елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Айтулы оқиғаларға толы АҚШ сапары

Дүниежүзілік экономикалық форумда ынтымақтастықты дамыту мәселесі талқыланды

Президент Дүниежүзілік эконо­ми­калық форумның негізін қалаушы әрі атқарушы директоры Клаус Швабпен кез­десті. Кездесуде Қазақстан мен Дүние­жү­зі­лік экономикалық форум арасындағы ын­тымақтастықты дамыту перспективалары қа­растырылды, сондай-ақ қазіргі заманның өзекті сын-қатерлері мен үрдістері туралы пі­кір алмасты. Мемлекет басшысы Дүниежү­зілік экономикалық форумның «Астана» халықаралық қаржы орталығымен табысты ынтымақтастығы туралы айтты.
Клаус Шваб Президентті 2023 жылы қаң­­тарда Давоста өтетін Дүниежүзі­лік эко­но­микалық форумға қатысуға ша­қыр­ды. Со­нымен қатар елімізде Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық рефор­маларды жоғары бағалады.

Айтулы оқиғаларға толы АҚШ сапары

Ірі компаниялардың басшыларымен өткен кездесулер

Мемлекет басшысы қаржы, энерге­ти­ка, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік, ақпараттық технологиялар, білім беру салаларында жұмыс істейтін америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесті.

Президенттің америкалық ірі компа­ния­лардың басшыларымен кездесуі әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs-тің мұнай және шикізат саудасы жөніндегі жаһандық басқарушы директоры Эд Эмерсонмен әңгімелесуден басталды.

Кездесу кезінде Қазақстанда жаңа ин­вестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Қазір бұл банк «Астана» халықаралық қар­жы ор­та­лығымен табысты ынтымақтастық ор­нат­қан. Сондай-ақ энергетика саласын да­мыту­дың келешегі жөнінде де пікір ал­масты.

Grupo Los Grobo компаниясының төра­ғасы Густаво Гробокопательмен және Халықаралық даму орталығының өсім зертханасының директоры, Гарвард уни­верситетінің профессоры Рикардо Хаус­манмен кездесуде ауыл шаруашылығы сала­сындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.

JPMorgan Chase & Co. компаниясының төрағасы – бас атқарушы директоры Джейми Даймонмен өткен кездесуде қаржы инс­титуттарының өзара іс-әрекеті қарас­тырылды. Сондай-ақ әлемдік экономиканың, оның ішінде қаржы нарықтарының даму перспективалары туралы пікір алмасты.

Президент әлемдегі ең ірі қаржы-талдау компанияларының бірі S&P global ком­па­ния­сының вице-президенті Дэниэл Ергин­мен энергетикалық қауіпсіздік саласының өзекті мәселелері мен еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру шаралары жөнінде пікір алмасты.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ЕРАМ systems компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төра­ғасы Арка­дий Добкинмен кездесті. Кез­десу барысында Қазақстанда толыққанды технологиялық хаб құру және IT саласында адами капиталды дамыту мәселелері әңгіме арқауына айналды. ЕРАМ systems – бағдар­ламалық қамтамасыз ету және күрделі цифрлық платформаларды әзірлеу қызметін көрсететін әлемдік жетекші компания.

Coursera компаниясының бас директоры Джефф Маджионкалдамен болған кездесуде мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, университеттерді академиялық қолдау және азаматтарды оқыту мен қайта оқыту сынды білім беру саласының мәселе­лері қарастырылды. Coursera – білім беру және заманауи өмірлік дағдыларды оқыту сала­сындағы көшбасшы компания­лардың бірі.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Microsoft компаниясының Орталық Азия және Шығыс Еуропа бойынша бас ме­нед­жері Мишель Симмонспен жолықты. Әң­гімелесу барысында компанияның Қазақ­стан­дағы қызметін кеңейту перспек­тива­лары, оның ішінде IT зертханасын ашу және IT мамандардың біліктілігін арттыру және қай­та даярлау жоспары талқыланды.

Президент General Electric International Markets компаниясының аға вице-президенті Набил Хабайебпен кездесті. Корпорация Қазақстанға медициналық жаб­дықтар өндірісін көшіруге ниетті, атап айт­қанда, УДЗ және КТ аппараттарын шы­ғара­тын жаңа өндірістік желіні іске қосу жос­пар­ланып отыр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ExxonMobil корпорациясының аға вице-президенті Нил Чепманмен еліміздің кө­мірсутек секторындағы бірқатар жоба­лар­ды іске асыру барысын талқылады. Кездесуде Қашаған кен орнында толық ауқымды өн­ді­ріс­ті қайта бастау мерзімдері қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Franklin Templeton жаһандық инвестициялық фир­масының бас директоры Дженни Джонсон Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асы­ру­дың мүмкіндіктерін қарастырды. Сондай-ақ әлемдік экономика мен қаржы нарық­тарының одан әрі дамуы жөнінде пікір ал­масты. Franklin Templeton – 1,5 трлн дол­лар­лық активке ие жаһандық инвестициялық ком­пания.

Барлық кездесу аяқталғаннан кейін Мем­лекет басшысы АҚШ Сауда пала­тасы, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі және «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы ұйым­дастырған Қазақстан – Америка инвес­тициялық дөңгелек үстелінің жұмысына қатысты.

Қазақстан – Аустрия ынтымақтастығы
нығая түспек

Мемлекет басшысы Аустрия Пре­зи­ден­ті Алек­сандр Ван дер Белленмен екі­жақты келіссөз жүргізді.
Мемлекеттердің басшылары саяси, сау­да-экономикалық салалардағы Қазақстан – Австрия ынтымақтастығын да­мыту перспективаларын, сондай-ақ ха­лық­аралық ұйымдар аясындағы өзара іс-әре­кетін талқылады.

Екі ел саяси диалогты одан әрі дамыту­ға, сауда-экономикалық және инвес­ти­циялық байланыстарды кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасын­дағы тікелей әуе қатынасын қалпына келтірудің маңыздылығын атап өтіп, жаңар­тылатын энергия көздері, ауыл шаруашылы­ғы, цифрландыру, туризм және инфрақұры­лым салаларында аустриялық технология­лар­ды трансферттеуге қызығушылық біл­дірді.
Мемлекеттер басшылары халық­ара­лық күн тәртібіндегі өзекті мә­се­ле­лер жөнінде пікір алмасты.

Айтулы оқиғаларға толы АҚШ сапары

Еуропалық комиссия Президентімен келіссөз өтті

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассам­блея­сы 77-ші сессиясының аясында Еу­ропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен де екіжақты келіссөз жүргізді.

Қос тарап Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамыту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, энергетика және көлік-логистика салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қозғалды.

Мемлекет басшысы Урсула фон дер Ляйенді Әділетті Қазақстанды құру­ға бағытталған елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды саяси және экономикалық рефор­малар туралы хабардар етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Урсула фон дер Ляйен стратегиялық серіктестікті одан әрі жан-жақты нығайтуға деген өзара қа­рым-қатынасты растады. Еуропалық комис­сия­ның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың басшылығымен елімізде іске асырылып жатқан ауқымды реформаларды жоғары бағалады.

Кездесу соңында Президент Урсула фон дер Ляйенді Қазақстанға ресми са­пар­мен келу­ге шақырды.

«Қазақстан алдағы уақытта өзінің ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға ниетті»

Қасым-Жомарт Тоқаев Африка Одағы мен Еуропа Одағының бірлескен төраға­лы­ғымен өткен Азық-түлік қауіпсіздігі жө­нін­дегі жаһандық саммитке қатысты.

Жиынға Еуропалық Кеңестің пре­зи­денті Шарль Мишель, Испания Премьер-министрі Педро Санчес, Канада Пре­мьер-министрі Джастин Трюдо, Сене­гал Президенті Маки Салл, АҚШ Мемле­кет­тік хатшысы Энтони Блинкен және бас­қа да әлемдік деңгейдегі саясаткерлер қа­тысты.

Мемлекет басшысы бүгінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлем­дегі ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ 2019 жылы осы фор­мат­та өткен соңғы кездесуден бері азық-тү­лік тапшылығына тап болған адамдардың саны 135 миллионнан 345 миллион адамға дейін өскеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық азық-тү­лік тапшылығымен күресу үшін Қазақстан алдағы уақытта өзінің ауыл шаруашылығы әлеуе­тін пайдалануға ниетті екенін мәлім­деді.

Атап айтқанда, Президент біздің еліміз ас­тық пен азық-түліктің басқа да негізгі түр­лері­нің сенімді жеткізушісі болып қала бере­тінін айтты.

Мемлекет басшысы аштыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі күш-жігерді жан­дан­дыруға шақырды. Осы ретте, Пре­зидент Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ис­лам ұйымымен және өңірдегі БҰҰ инсти­тут­­тарымен түрлі сатып алу жобалары, со­ның ішінде Ауғанстан қажеттіліктері үшін ын­ты­мақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

Президент Қара теңіз астық баста­масын жүзеге асыруды жақтап, азық-түлік пен тыңайтқыштарды барлық санкция мен шектеуден босатудың, оларды кедей елдерге жеткізуді қамтамасыз етудің маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тран­зиттік-көлік мүмкіндіктеріне, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетіне тоқталды.

– Алдағы жылдары Қазақстан арқылы жүк тасымалдау көлемі айтарлықтай ар­тады деп болжап отырмыз. Қысқа қарай Қазақстан энергия ресурстары мен аса маңызды ши­кі­зат тауарларының тапшы­лығын азайта алады, – деді Мемлекет бас­шысы.

Президент климаттың өзгеруіне және азық-түлік жүйелерінің құрылым­дық тұрғыда әлсіздігіне байланысты сын-қа­терлерге де тоқталды. Сондай-ақ Қазақ­стан халықаралық транзиттік хаб ретінде жаһан­дық және тұрақты жеткізу тізбегін құруға қабілетті екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытын­дылай келе, өткен ғасырдың отызыншы жыл­дарындағы нәубет кезінде Қазақстан аштық қасіретін бастан кешкенін, сондықтан азық-түлік проблемаларын шешуге толық мүдделі екенін айтты.

БҰҰ хабын құру бастамасының орын­далуы қарастырылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жұмыс сапарының аяғында БҰҰ Бас хат­шы­сы Антониу Гутерришпен келіссөз жүргізді. Конструктивті және достық жағдайында өткен кездесуде Қазақстан мен БҰҰ ара­сын­дағы ынтымақтастықты нығайтудың жай-күйі мен перспективалары талқыланды.
Сондай-ақ қазіргі заманның өзекті сын-қатерлерін шешудің ұжымдық әдіс­терін әзірлеуге бағытталған күш-жігерге ерек­ше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерриштің БҰҰ Бас хатшы­сы лауазымындағы қызметін жоғары баға­лап, оның 2023 жылы «Болашақ саммитін» ша­қыру туралы бастамасын толық қол­дай­тынын жеткізді.

Президент осы маңызды жиынның қорытындысы Орнықты даму мақ­сат­тарын жүзеге асыруға ықпал ететініне се­нім білдірді.

Бұдан бөлек, тараптар Мемлекет бас­шы­сының Алматы қаласында Орта­лық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ хабын құру бас­та­масының жүзеге асырылу барысын қарас­тырды. БҰҰ Бас хатшысы бұл маңызды бас­та­маны қолдайтынын айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерришті Қазақ­станға сапармен келуге шақырды.

Жалпы Президент екі күнде 27 кездесу өткізіп, 3 ірі іс-шараға қатысты. Сапар аясындағы кездесулер мен іс-шараларда бұрыннан қалыптасқан әлемдік қауіпсіздік жүйесін қалпына келтірудің, территориялық тұтастықты сақтаудың, елдердің егемендігін құрметтеудің маңызы сияқты әлем үшін де, біздің ел үшін де мәні зор мәселелер қозғалды, нақты бастамалар мен ұсыныстар айтылды. Маңызды кезеңге тұспа-тұс келген сапардың нәтижесі де салмақты болатынынан үміт көп.

https://turkystan.kz/article/197431-aytuly-okigalarga-toly-aksh-sapary/

Leave A Reply

Your email address will not be published.