АЛҚА БИЛЕР АТҚАРАР ІС АУҚЫМДЫ

56
«Үйіңде қартың болса жазылып тұрған хатпен тең» дегендей, көргені мен түйгенін айтып, ақыл кеңесін аямаған қарттардың қоғамдағы рөлі қашан да жоғары тұрған. Түрлі оқиғаларда қозғау салып, түйткілді мәселелердің шешілуіне атсалысқан қарттарымыз елдің қазынасына айналған.
Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері түрлі деңгейдегі ардагерлер ұйымдары, кейінгі жылдары ардагерлер кеңесінің жанынан құралған алқа билер кеңесі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жаңаша үрдісте қызмет етіп келеді. Кезінде қызметтің сатыларынан өтіп, абыройдың биігінен көрінген ардагерлер бүгінде шешімі табылмай жатқан түйіндерді тарқатып, төрелігін айтып жүр. Олардың біз үшін маңыздылығы қашан да жоғары тұрмақ.
Солардың бірі — қала өміріне белсене араласып келе жатқан ардагерлерден құралған Жаңатас қалалық билер кеңесі.
Құрылғанына көп болмаса да атқарған істері ауқымды Жаңатас қалалық билер кеңесі аудандық ардагерлер кеңесінің 2021 жылдың 7 сәуіріндегі қаулысымен құрылды. Сарысу ауданының Құрметті азаматы Қырғызбаев Сахарап төрағалық ететін билер кеңесінің құрамында Қалжанов Шәріпбек, Қасымбеков Асылбек, Сұрашов Ұзақбай және Дариябеков Сейілбек қариялар бар.
Атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқтала кетсек, билер кеңесі өзінің негізгі Ережелерін және Қазақстан Республикасы «Медиация туралы» Заңы мен қазақ халқының дәстүрлі құқық аясындағы кеңес ережелерін басшылыққа ала отырып, атқаратын жылдық іс шараларын талқылап, бекітеді. Аталмыш ережеге орай, «Елдігіміз бірлікке байланысты», «Біз ұлылардың ұрпағымыз», «Ер азамат атыңа лайық бол», «Отбасындағы ұлттық тәрбие» сынды түрлі форматтағы іс шаралар легі өткізіліп, келелі кездесулер жасалды. Медиация шеңберінде билер кеңесіне аудандық соттан осы уақытқа дейін 96 іс келіп түскен. Оның ішінде неке бұзу туралы 70 іс қаралды. Билер кеңесінің араласуымен 24 отбасы бітімгершілікке келіп, шаңырағын сақтап қалды. Ар-намыс туралы 6 іс қаралып, соның 1-еуі оң шешімін тапты. Моральдық зиянды өндіру бойынша 9 іс қаралып, 1 істің күрмеуі шешілді.
Билер кеңесімен әркез тығыз байланыста болып, бірге жұмыс істеп жүрген облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы аудандық кеңес беру орталығының консультант маманы Бақкулиева Қанағат пен психолог Қоңырбекова Гүльзираның да үлесі мол.
Бірлесе атқарылған жұмыстардың арқасында билер кеңесі 24 маусым Қазақстан Республикасының «Судьялар және сот қызметкерлері» күніне орай, тараптарды татуластыруға қосқан үлестері үшін Алғыс хатпен марапатталды.
— Ғасырлар бойы ата -бабамыздың қадір тұтып, елдің ұлы болып қалыптасуына негіз болған ұлтымызға тән «Билер кеңесі» туралы ұғымды ұмыт қалдырмай, қайта өтпелі кезеңде ел болашағы жастар үшін керек екендігін​ түсіндіруіміз қажет. Дауласқан жанжалдарды сотқа дейін-ақ бітімге келтіріп, татуластыру жолын тауып, бітімгершілік жобасын нәтижелі жүзеге асыруға қолдан келгенше ықпал ете береміз. Мәселелердің шешілуіне тамшыдай болса да үлес қоссақ біз үшін үлкен жетістік, — дейді билер кеңесінің төрағасы Сахарап Қырғызбаев.

Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі 

Leave A Reply

Your email address will not be published.