АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ҰСТАЗЫ

1 062

Ғалымның рухани мұрасы – ұлттық игілік, даналыққа толып тұрған жолбастаушымыз. Ол – оқымысты-педагог, әдебиеттанушы, лингвист, аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері. Шығармашылық әлемі бүгінге дейін талданды, сараланды, алайда, әлі де зерттеуді қажет ететін өзекті мәселелерге толып тұрғаны жасырын емес.

Өмірі толассыз күреспен өткен ұлт ұстазының біршама еңбегі, жалпы шығармашылығы 1912-1927 жылдар арасында жарияланды. «Қазақ» газетімен қоса, басқа да мерзімді басылымдарда жарияланған мақала-жазбаларынан бөлек, жеке кітап болып шыққан еңбегі де аз емес.

Саналы өмірін халқының азаттығына арнаған Ахмет Байтұрсынұлы барлық қажыр-қайратын тағдырдың ауыр азабын арқалаған қанды сиямен еңбектерін жазуға арнады. Халықтың мәдениетін көтеру, ой-санасын ояту, халықты надандық құрсауынан шығарудың маңызын, оқу мен білімнің ең басты нәрсе екенін түсініп, соны жеткізу үшін шырылдап өтті.

Ахмет-қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар дарынды ақын, өз бетін танытқан мысалшыл,қазақ тілінің әліппесі мен оқулықтарының авторы, жаңашыл ағартушы. Ол шын мәніндегі нағыз күрескер-демократтық поэзияның негізін қалап, азаттыққа ұмтылған, азаматтық жыр үлгісін жасаған халқының қалаулы азаматы.

«Қазағым, елім!»,-деп,өз ұлтының бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресте бұқараның жүрегіне қозғау салып,ұйқысынан оятты. Қазақ халқының тағдыры, бүгіні мен ертеңгісі Ахмет поэзиясының өзегі болды. Ол өзінің ағартушылық, демократтық, гуманистік идеяларын халқына поэзия тілімен жеткізуді қалады.

Ахметтің өз өлеңдер жинағын «Маса» деп атауы да тегін емес еді. Ол ұйқыда, саясаттан тыс жатқан надан халқының құлағына маса боп ызыңдап оятуды ойлады.

Ақын арманы-«адамдық диханшысы» болып халқына қызмет ету. Ахмет бұл арманын орындады. Ол туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтықсыз қызмет етті. Халқының, елінің қалаулы сәулелі жұлдызына айналды. Шын мәнінде «адамдық диханшысы» атанды.

Гасанова Исминаз, Байзақ ауданы Сарыекемер ауылы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназиясының 7 г сынып оқушысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.