Республикалық ақындар айтысынан жүлдемен оралды

136
Республикалық «Алтын домбыра» айтысында жамбылдық Алина Айдаралы арнайы жүлдеге қол жеткізді
Елордада “AMANAT” партиясының қолдауымен «Еңбек – ел ырысы» атты аламан айтыс мәресіне жетті.
Екі күн бойы Астана төрін жыр дүбіріне бөлеген сөз барымтасында бас-аяғы 16 ақын өнер көрсетті. Олардың қатарында «Алтын домбырадан» үмітті талай додаларда дес бермеген, шашасына шаң жұқпаған айтыскерлер айтыс аламанының көрігін қыздырды.
⚡️Айтулы сында қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қарағандылық Мақсат Аханов иеленді. Оған «Алтын домбыра» және автокөлік табысталды.
Ал, I орын және «Айтыс ақтаңгері» атағы Мейірбек Сұлтанханға, II орын Аспанбек Шұғатайға бұйырды. III орынға Төлеген Жаманов пен Жансая Мусина лайық деп танылды.
⚡️Дуы басым бұл айтыста біздің өңірдің намысын шынашақтай ғана қарындасымыз, не бары 11 сынып оқитын Алина Айдаралы қорғады. Сөзі мірдің оғындай өткір аға-әпкелерімен сөз таластырып, мықтылығын дәлелдеген Алина арнайы жүлдеге ие болды. Айтыстағы бәсі биік саналатын «Алтын домбыра» айтысында мұндай жетістікке жету үлкен абырой.

 

Жамбыл ауданы әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.