Шу ауданына қарасты Жаңажол ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

Жаңа спорт кешенінде волейбол, футбол, дзюдо және бокс секциялары жұмыс істейді. Бұл ауыл жастарының спортпен жүйелі айналысуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұған дейін балалар мен жастар спортпен шұғылдану үшін көрші елді мекендерге баруға тура келген.

Қазіргі таңда Шу ауданында барлығы 305 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 2 стадион, 5 спорт кешені, 71 футбол алаңы, 152 спорт алаңшасы және 75 спорт залы бар. Аудан әкімдігінің мәліметінше, бұл нысандар тұрғындар үшін толық қолжетімді.

2024 жылы «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен Шу қаласы мен Бірлік ауылында ангар үлгісіндегі екі спорт залы салынып, 2026 жылдың сәуір айының басында пайдалануға берілді. Бұл нысандарда тұрғындар кіші футбол, волейбол, баскетбол және үстел теннисімен айналыса алады.
Ал ,Көкқайнар ауылында салынып жатқан күрес залы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Бұдан бөлек, бюджет қаражаты есебінен 2025 жылы басталған, 2026 жылға өтпелі екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда. Оның бірі – Жаңажол ауылындағы нысан бүгін, 17 сәуір күні ашылса, Шоқпар ауылындағы спорт кешені жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Бүгінде аудан бойынша жүйелі түрде спортпен шұғылданушылар саны 43 941 адамға жетіп, бұл жалпы халықтың 44,2 пайызын құрап отыр.