ҚАУЫРСЫН ҚАЛАМ

163

 СӘТ-САПАР!

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп хакім Абай айтқандай, өлең өлкесінде ой айтып, ойын жыр тілінде жеткізуге бәрі де хақылы. Бүгінгі балауса дарын күні ертең ақын болып қалыптасса, әдебиет үшін ол үлкен олжа. Редакциямызға Жамбыл ауданы, Шайқорық орта мектебінің 11-сынып оқушысы Анел Жамбыл бір топ өлеңдерін жолдаған екен. Бұл ретте жас дарынға сәт- сапар тілей отырып, өлеңдерін жариялауды жөн көрдік.

Редакциядан

АНА

Бір өзіңмен жарқыраймын, жарықпын,
Өзің жоқта сағынамын, жалықтым.
Ана деген асыл сөз ғой, аяулым,
Айналадан жылу іздеп тарықтым.

Жүректерде мәңгілік сақталатын,
Баласы үшін құлауға шақ қалатын.
Анам бар биік тұлға, ең жақыным,
Ауырғанда сүйреген ақ халатын.

Ана үшін жазған шығар дастанды,
Күркіретсе көк найзағай, аспанды.
Жылағанның айыбы жоқ дегенмен,
Тек жыласа ана үшін жас тамды.

Жүрегін жұлып берген баласына,
Ананың аяғынан шаласың ба?
Ана деген беймәлім жан да шығар,
Апаратын ғажайып қаласына.

МҰҚАҒАЛИҒА АРНАУ

Ақиық ақындар көп дара туған,
Біртуар асылдар көп өнер қуған.
Тұғыры биік данасың, уақыты аз,
Текті елдің қанынан жаратылған.

Ғасыр да аз ақындарға жалтылдаған,
Өмір толқын, сыйлар көп тартылмаған.
Жан дүние ақтарылды, ақтарылды,
Айта алмай сырларыңды жан тарылды.

Көре алмай жаулар аяқ шалғанына,
Күрсіндің бе, достарың аз қалғанына?
Білемін, көңіліңді қаяу шалды,
Біреулер асуларды алғанына.

Зарланады деп сені ел сөкпесін,
Болашаққа батылдықты серт еткесін.
Құрметтейік рухын да, өлеңін де,
«Ақын өлсе, өлең өлмес» деп кеткесін.

МАХАМБЕТ

Махамбет, нар тұлғасың айбатты,
Қыран құстай қанаттысың, қайратты.
Сенім берік, сенбесіңе болар ма?
Басшыны да өз тілімен шайнатты.

Махамбет халқы үшін қан кешкен,
Қаралы күнде аруақпен жан кешкен.
Қазаққа қазақ жау болған қилы кезде,
Азаттықтан биік тұғыр жоқ дескен.

Сұңқар едің, өз жұртына жем болған,
Тұлпар едің, көзін байлап кем қылған.
Екі тарлан бөрінің жолын байлап,
Жала жауып шаяндарға тең қылған.

Қанатыңды қайырса да көнерсің,
Адал достан айырса да өтерсің.
Тарихта атың қалса «батыр» деп,
Халқың сені көкке қарай көтерсін.

Жауыз емес тек қаламын ұштаған,
Өмірінен бар ма біреу жан құшпаған?
Ол бірақ ақсұңқар болып қалды,
Екі бірдей қанатымен тең ұшпаған.

Жақының көп жөн-жосықсыз даттаған,
Дұшпаның көп керек кезде мақтаған.
Халқы қуып аттандырса алысқа,
Бас сауғалап баратын жер таппаған.

Көргенде шұбар жылан қазақтарды,
Бәлкім, оған іштей қатты азаптанды.
Бұйырмаған дауылпаз ақынға да,
Аңсап өтті көруді азат таңды.

ӘПКЕМЕ

Жаратқан-ау сірә сенен сұлулықты,
Сыйлар едім әлемді, жылулықты.
Әпке, сенің көзіңнен айналамын,
Мөлдіреген ботадай, жүзі мықты.

Сен кеткенде белгісіз таң адасты,
Көруге жан құмар боп, жанталасты.
Түсінемін, бұл да бір уайым шығар,
Ойларым да сан-сақты жағаласты.

Ардақтаған аяулым, жан асылым,
Ақтарамын өзіңе бар ашығын.
Жанашырым, өзіңдей бауыр барда,
Қуанамын өмірге, көп тасыдым.

Тағдырдың сынағы көп болғанымен,
Жазғы гүлдің жүзі күзде солғанымен.
Жанымда жақын тартар әпкем барда,
Шүкір етем дүниенің қолдағымен.

Жүгіңнің көтерейін ауыр жағын,
Қиын шақта жаныңнан табылармын.
Еркелікті көтерейін өмір бойы,
Жан әпкем, сен бірақ та ауырмағын.

Жыламағын, еңсеңді биік етем,
Демегін әпкеңнің жолы бөтен.
Көшенің екі түрлі жағынан да,
Сол жолды өзің үшін қиып өтем.

Анел ЖАМБЫЛ,
Шайқорық орта мектебінің 11-сынып оқушысы.
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.