Халық үшін маңызды құжат

710

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің барлығы білім, білік, оқу мен зерделеу арқылы жасалған. Білім алу сипаты алуан түрлі екенін ескерсек, заманауи білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті, жан-жақты, көп тіл білетін маман дайындау. Осы орайда білім саласы Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Мұндай қамқорлықты Елбасының әрбір Жолдауынан айқын аңғарамыз.

Елбасы Жолдауында ұсынған 10 міндеттің жетіншісін «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп атап, білім берудің жаңа сапасына қалай жетуді нақтылап берген болатын. Президент өз Жолдауында: «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс», – деп білім беру саласындағы дара даму, ерекше оқыту сапасы, білім бәсекелестігін арттыру жолындағы өзгерістер мен жаңартылған мазмұны туралы нақты қадамдарды анық айтқан еді.
Бұған қоса, тіл меңгерудің қазақстандықтардың болашағы екендігін, терминология туралы көзқарасын, латын әліпбиіне көшу мәселесін, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерімізді бейнеқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын дамыту туралы да жан-жақты айтты. Елбасы мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыту «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы екендігін «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген сөзі арқылы білдірді.
Президент мұғалім мәртебесін арттыру мақсатын да басты назарда ұстайды. Биылғы Жолдауда осы мақсатта қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажеттігі айтылып, білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтуді тапсырған.
Сонымен қатар 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізуді тапсырып, категорияларды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беру керектігін, бұл педагогтарды өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыратынын айта келіп, нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 пайыздан 50 пайызға дейін өсетіндігін жеткізген.
Елбасының Жолдауы білім беру ісіне қолдаудың, мемлекеттік қамқорлықтың жарқын үлгісі болып отыр. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыздың бағыт-бағдарын бағамдап берген Президент Жолдауы – Қазақстан халқы үшін маңызды құжат.

Leave A Reply

Your email address will not be published.