Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев аудандарға алғашқы жұмыс сапарын Тұрар Рысқұлов ауданынан бастады. Алдымен облыс әкімі Құлан ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде өткен жүздесуде облыс әкімі тұрғындарды аймақтағы атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлармен таныстырып өтті.
—Облыстың әлеуметтік-экономикасында оң динамика қалыптасқан. Дегенмен шешуі тиіс мәселелер бар. Олардың шешім жолдарын қарастырудамыз. Өздеріңіз білетіндей, қызметке кіріскеніме он күн болды. Облыс әкімі ретіндегі алғашқы сапарым Сіздердің ауданнан басталып отыр. Бұдан кейін апта сайын аудандарды аралап, ауылдардың жағдайымен жіті танысып шығатын боламын,-деген аймақ басшысы облыстың сан-саласындағы оң көрсеткіштерді тілге тиек етті.
Мұнан соң ауылдық округ әкімі Еркін Сейітжапаров 19 мыңнан астам тұрғыны бар үш елдімекеннің тіршілігімен таныстырып өтті.
Қазіргі таңда ауылдық округте 1528 шағын және орта бизнес нысаны, 137 шаруа қожалық бар екен. Округ әкімі ауылда қазір жайылым жер мен су тапшылығы мәселесі шешіліп жатқанын да атап өтті. Тіршілік нәріне байланысты құны 634 миллион теңгені құрайтын су ғимараты келер жылы ел игілігіне айналмақ.
Басқосу барысында Шөңгер ауылының тұрғындары ағын су тапшылығы мәселесі қашан шешілетінін сұрады. Аудан әкімі Ернар Есіркепов «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында тау суына канал тарту мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Шөңгер ауылы бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленгенін, келер жылы бюджетке ұсынылатынын атап өтті.
Жиын барысында ауылдағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы ғимарат қажет екендігі, «Жауқазын» балабақшасынан берілген нысанның ескіргені де айтылды. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек «Жауқазын» балабақшасы сметалық жобасын жасап берсе, бюджетке ұсынылатынын атап өтті. Ауыл халқы қайтарымсыз грант сомасының аздығына да алаңдаушылық білдірді. Аудан әкімі Ернар Серікәліұлының айтуынша, ауданға жетпіс грант бөлінсе, өтініш берушілер екі мыңға жуықтаған. Осыны ескере келе келер жылға 50 миллион теңге қойылып отыр екен.
Ал құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың мәселесіне облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы өңірге келтірілген жалпы шығын 3,7 миллиард теңге көлемінде болғанын, қаражат мәселесі алдағы аптада шешілетінін айтты.
Құландықтар «Ауыл аманаты» жобасына ауыл қашан енгізілетінін сұрады. Аудан әкімінің айтуынша 2025 жылға жоспарланып отыр екен. Дегенмен облыс әкімі ауылшаруашылығы басқармасына үнемделген және қосымша қаражат көздерін пайдаланып, мүмкіндігінше ауылда 2024 жылы бағдарламаны бастап кетуді тапсырды.
Қарақат ауылының тұрғындары мал базарына дейін жарықтандыру мәселесінің шешілмегенін жеткізді. Аудан әкімі жарық бір ай көлемінде толығымен шешілетінін атап өтті.
«Арай» алқабының тұрғыны Дания Мырзагелдиева тұрғын үй кезегіне қатысты мәселе көтерді. Айтуынша, жаңа баспана кілтін алғандардың көбісі үйде өздері тұрмай, жалға беретін көрінеді. Ал үйге мұқтаж көпбалалы отбасылар кезегін күтіп, пәтер жалдауға мәжбүр.
Аймақ басшысы аталған мәселе орай жауаптыларға жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Жиында ауылдағы пошта мен медициналық қызмет сапасы, атаулы әлеуметтік көмек алу, жұмыссыздықпен күрес мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Басқосу соңында Ербол Шырақпайұлы тұрғындардың жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді.
Жамбыл облысы әкімдігі