Өткен жылы «AMANAT» партиясының барлық облыстық филиалында «Әйелдердің ел дамуындағы рөлі» атты форум өтті. Аталған іс-шараның мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, оларды елдің қоғамдық-саяси өміріне тарту, гендерлік теңдікке және ауыл қыз-келіншектеріне өз қабілет-қарымын танытуға жағдай жасау.
Форумға ауылдық жерде тұратын әйелдер, үй шаруасындағы аналар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар, көпбалалы аналар, бюджеттік сала қызметкерлері мен кәсіпкерлер, депутаттар мен қоғам қайраткерлері қатысып, әйелдердің қоғамдағы рөлін талқылады және өзекті мәселелерді шешудің жолын қарастырды. Енді бұл жұмыс ары қарай қалай жалғасады? Биыл әйелдерге арналған қандай жаңа жобалар қолға алынбақ? Бұл туралы Парламент Мәжілісінің VІІ шақырылым депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңес төрайымы Жұлдыз Сүлейменовадан сұраған едік.
– Әйел теңдігі, олардың қоғамдағы орны, гендерлік саясат төңірегінде түрлі пікір айтылады. Осы орайда форум әйелдер арасындағы қандай мәселелердің шешілуіне мүмкіндік береді?
– Мемлекет басшысы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыру мақсатында институционалды реформалар жасау, әлеуметтік саясатты модернизациялау, қоғамдағы әйелдердің мәртебесін көтеру жайлы баса айтты. Ол үшін партиялар Мәжіліс пен мәслихат депутаттарына кандидаттар тізімін жасақтаған кезде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота қарастыруды міндеттегені баршамызға белгілі. Әйелдердің саясатқа, басшылық қызметке, оның ішінде шешім қабылдау деңгейінде араласқанына баршамыз мүдделіміз. Себебі әлеуметтік мәселелерді шешуде әйелдің жанашырлығы мен табандылығы қажет деп ойлаймын.
2022 жылдың қыркүйегінен бастап, «AMANAT» партиясының барлық облыстық филиалында «Әйелдердің ел дамуындағы рөлі» тақырыбында форум өтті. Басты мақсат – әйелдерді елдің қоғамдық-саяси өміріне тарту, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, гендерлік теңдікке және ауыл әйелдерінің өз қабілет-қарымын танытуына жағдай жасау. Форумға қатысушылар қоғамдағы әлеуметтік-демографиялық прогресті қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлі, экономикалық өсудің жаңа үлгілеріне көшу, денсаулық сақтау мен білім беруді дамытудағы және заманауи қоғамдағы әйелдердің рөлінен туындаған мәселелерді шешудің ортақ тәсілін әзірлеу үшін пікір алмасып, ұсыныстарды талқылады. Диалогқа мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, көпбалалы аналар, бюджет саласының қызметкерлері, білім беру саласының өкілдері, денсаулық сақтау мамандары және тағы басқалар қатысты.
– Осы уақытқа дейін еліміздің біраз өңірін араладыңыздар. Әйелдер қауымын негізінен қандай мәселелер толғандырады? Сіздерге қандай проблемасын жеткізді?
– Аталған форум еліміздің барлық 20 өңірінде өтті. Мен Ақтөбе, Ұлытау облысы және Шымкент қаласындағы форумға қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Әйелдер өте белсенді. Әр облыста, мегаполисімізде көпбалалы, жалғызбасты және асыраушысынан айырылған әйелдер келіп, әлеуметтік сұрақтардың шешімін және әлеуметтік қамтылу мәселелеріне байланысты мұң-мұқтажын жеткізді. Мамандар денсаулық сақтау және қаржылық сауаттылық жайлы дәріс оқыды. Әйелдер қосымша мамандық алу арқылы жұмысқа орналасу механизмдерін қайта қарауды сұрады. Сонымен қатар мектептегі тегін тамақтандыру, қосымша білім, балалардың түрлі шығармашылық үйірмелері мен спорттық секцияларына қатысу мүмкіндіктері, колледждерге мемлекеттік тапсырыс және университеттерге әлеуметтік осал топтардағы отбасы балалары үшін тегін гранттар туралы ақпарат қажет екенін жеткізді. Бұл мәселелер мүмкіндігінше сол жерде шешілді. Ал өзге сұрақтар орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы билік органдарына жолданды.
Жалпы, қоғамда әйелдердің белсенділігін, гендерлік теңдікті жүзеге асыру мемлекеттік саясаттың өзекті бағыты болып қала береді. Бұл – мемлекеттілікті нығайтып, азаматтық қоғамды қалыптастырудың, саяси мәдениетті дамытудың негізгі факторларының бірі. 2021 жылғы деректерге сәйкес, Қазақстан гендерлік теңдік рейтингінде 80-орында, бірақ 2006 жылы дәл осы рейтингте біз 32-орында болдық. Яғни, гендерлік теңдік саясатын жүзеге асыру, әйелдер құқығы, олардың саясаттағы рөлі, оның ішінде белсенділігі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдердің құқықтық сауатын арттыру, еңбекақы төлеудегі гендерлік алшақтық мәселелері, сонымен қоса әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыру бағытында әлі де қоғам болып шешетін түйткілді де өзекті сұрақтар бар.
– Форум басталғалы басы-қасында жүрсіз. Сіздіңше, әйелдер арасындағы мәселелерді шешудің қандай жолы бар?
– Жалпы, бәсекеге қабілетті ел болу үшін мемлекеттік саясатта және қоғамдық санада әйелдердің гендерлік теңдігін нығайту, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды. Саясатпен айналысатын әйелдер санын көбейту керек.
Әйелдерге байланысты гендерлік теңдік саясатын жүзеге асыру – демократияға жетудің негізгі факторларының бірі. Қазіргі қоғамда тиімді гендерлік саясатты жүзеге асыру үшін халыққа гендерлік құқықтар мен бостандықтар туралы, әйелдердің гендерлік теңдік туралы білімі жөнінде белсенді түрде ағартушылық ақпараттар беру өзекті. Әйелдердің гендерлік теңсіздіктермен күресінде сауатты болу үшін әрбір адамның қоғам алдында өзін жауапты сезінгені қажет.
Әрине, әлеуметтік зерттеулерді көбірек өткізуіміз қажет. Жалпы, білім бағдарламаларында балабақшадан, орта мектептер, колледж және университеттердің оқыту, білім беру мазмұнында әйелдердің талап-тілегі мен құқығы тапталмайтын жан-жақты, сауатты, теңдік және әділдік принциптерін қызғыштай қорғайтын қоғам құрудың негіздері оқытылуы керек деп ойлаймын.
Әдебиеттегі, медиа, баспасөздегі әйел образының зорлық-зомбылыққа немесе әйелдердің дискриминациясына қалай әсер ететіні туралы терең зерттеулер керек. «AMANAT» партиясы әлеуметтік осал топтардағы азаматтардың мәселелерін заңнамалық тұрғыдан жүйелі түрде шешіп келеді. Мысалы, мүгедектікті анықтау тәртібін жеңілдетіп, оларға көмек көрсететін жеке көмекшілерге төлем енгіздік.
I топтағы 35 мың мүгедектігі бар азаматқа қосымша әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды. Ата-анасының қамқорлығынан немесе асыраушысынан айырылған мүгедектігі бар балаларға 2 жәрдемақы төленетін болды. Балаларды оңалтуға арналған 13 орталық және балалы әйелдерге арналған 67 дағдарыс орталығы ашылды. Бұл жұмыс болашақта да жалғасын табады.
– Партия алдағы уақытта «Әйелдердің ел дамуындағы рөлі» форумында көтерілген сұрақтардың масштабын кеңейтуге байланысты жаңа жоба ұсына ма?
– Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы билік органдарында шешім қабылдауда қыз-келіншектердің қатарын арттыру керек. Ауыл және қала мектептері арасындағы білім теңсіздігі немесе мүгедектігі бар азаматтардың, тұрмысы нашар, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген топтағы балалардың өмір сапасын көтеру – маңызды мәселе.
Егер жергілікті билікте, жалпы жоғары орталық мемлекеттік органда мектеп формасымен қамтамасыз ету мәселесін әйелдер қарастыратын болса, ол мүлде басқаша шешімін табар еді. Әлеуметтік, мәдени мәселелерде әйелдің жанашырлығы мен табандылығы, жалпы әйел сол мәселені өз отбасында қалай шешеді, дәл сондай шешімді мемлекеттік деңгейге ұсыну механизмін енгізу өзекті.
«АMANAT» партиясының трансформациясы аясында гендерлік теңдік және гендерлік әділеттілік, әйелдердің саяси, әлеуметтік және экономикалық саладағы рөлін қарастырып, мемлекеттік орталық және жергілікті атқарушы билік органдарымен өзекті мәселелердің шешімін қолға алды.
Әлеуметтік кәсіпкерлікті ынталандыратын әйелдерді жұмыспен қамту бағдарламасын бекіту және қабылдау, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және қаржылық ресурстардың қолжетімділігін арттыру, несие беру жасын ұлғайту бағдарламаларын жүзеге асыру әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтудің және әлеуметтік қолдаудың жаңа формасы деп білемін. Заңнамаға барлық дискриминацияны болдырмауға немесе жоюға арналған талдау жүргізіп, әйелдердің гендерлік теңдігін қалыптастыру және дамыту туралы заңнамалық, құқықтық тұрғыдан бекітілуі қажет деп ойлаймын. Сонымен бірге әйелдерге арналған ресурстық орталықтар желісінде әйелдерге интеллектуалды, заңнамалық көмек-қолдау жұмыстарын жүйелі жаңғырту қажет.
«AMANAT» партиясының платформасында «Басты байлық – адам» деген бөлім бар. Аталған бөлімде «Берекелі отбасы: Отан отбасынан басталады» демографиялық өсімге, барлық отбасылардың балаларын алаңсыз тәрбиелеп, келешекке сеніммен қарауына лайықты жағдай жасау партияның міндеті ретінде қарастырылған. Сондай-ақ әлеуметтік салада ана мен баланы қолдау жүйесін сапалы жүзеге асыру, әлеуметтік қызметкердің мәртебесін көтеруді, балалармен және ерекше қажеттіліктері бар адамдармен жұмыс істейтін мамандарды дайындау инфрақұрылымын құру, кішкентай балалары бар әйелдерге, жалғызбасты аналарға қолайлы еңбек жағдайын жасау тетіктерін заңнамалық негізде қарастыруды «AMANAT» партиясы жүйелі түрде жүзеге асырып жатыр. Ең бастысы, ана мен балаға лайықты қамқорлық және қолдау, қолайлы әлеуметтік инфрақұрылым, қолжетімді баспана мәселелерін шешуді партия өзінің басты қағидаты деп есептейді. Бұл жұмыс партия жобаларында одан әрі жалғасатын болады.
– Әңгімеңізге рақмет!