«Лиза сол сәтте жоқ болып кетті» – бүлдіршін күнделігінен (қорқынышты әңгіме)

89

Бұл Лиза. Менің құрбым. Әке-шешем оны көрмегендіктен қиялың арқылы жасап алғансың деп сенбейді. Ал, Лиза жақсы дос.

Бүгін Лизаны өзіммен мектепке алып бардым. Себебі, досымды бәріне көрсеткім келді. Бірақ, оны көрмегені үшін Монро ханым қатты ашу шақырды. Лиза ренжіп қалды да тақта тазартатын шүберектің ішіне жасырынып алды.

Кеше менің туған күнім еді. Анам пицца сатып алды, бірақ ешкім құттықтап келмеді. Туған күніме алған сыйлықтарым: үш барби, қызыл туфли және бес доллар. Жатарда Лиза екеуміз барбимен ойнадық.

Монро ханым бүгін мектепке келмеді, орнына Дигман ханым сабақ оқытатын болды. Ол кісі сұлу әрі мейірімді, бізге күнделік толтырып болған соң демалуға рұқсат етеді. Мен Дигман ханымның бізге сынып жетекші болғанын қаларедім.

Бүгін сыныптағы сұмырай Джонатан Паркер қаламсабымды ұрлап алды. Дигман ханым іздей-іздей ақыры таппаған соң, Паркерді өз қарындашын маған беруге мәжбүрледі. Лиза сол күні де менімен бірге еді, бірақ, Дигман ханым оны көрмеді. Әйтсе де, жылы жымиып Лизаның шынында бар екеніне сенетінін айтты.

Кеше Лиза екеуміз кешке дейін ұзақ қыдырдық. Әкем мұныма ашуланып ұрысты және Лизаның ақымақ әрі мүлде жоқ екенін айтты. Лиза сол сәтте жоқ болып кетті.

Бүгін Лизаны мектептен тосқам, ол келмеді. Қызығы Дигман ханым Монро ханымның ендігі мүлде оралмайтынын айтып күрсінді.

Әкем кеше күнұзақ жұмысында болған, кешкі асқа кешікті, түнде де келмеген. Бүгін тағы да жұмысында. Анам түскі асқа арнайы пудинг дайындап сөмкеме тоғытты. Пудинг – менің ерекше жақсы көретін тағамым.

Мен Лизаны сағынып жүрмін. Әкем демалыс күндері де үйге келуді мүлде доғарды. Бұған енді анам ашулы. Ойлай-ойлай Лизаға хат жазу қажет деп шештім.

«Қымбатты Лиза, сені сағынып жүрмін. Қайта оралуыңды өтінемін. Әкемнің сен жайлы дұрыс пікірде емес екеніне мен де қысыламын. Сен менің ең аяулы құрбымсың.»

Лиза бүгін менің жанымда! Қолымды қысып кетіп қалғаны үшін кешірім өтінді. Мен әкемнің жұмыстан оралмай жүргеніне алаңдаулы едім. Лиза мұны сезеді. Оның айтуынша, өз әкесі сынды менің әкем мен Монро ханым ұйықтап жатыр. Мен олардың ертерек оянатындарына үміттенемін…

Leave A Reply

Your email address will not be published.