Заңнамаға енгізілетін өзгерістер түсіндірілді

23

Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №67 мекемесінде тергеудегі және сотталған әйелдер арасында Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өткізілді.
Іс-шара барысында мекеменің тәрбие жұмысы бөлімінің қызметкерлері Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында әзірленген заң жобасының негізгі бағыттарын түсіндірді. Атап айтқанда, құқыққа сай мінез-құлық танытқан сотталғандарды ынталандыру мақсатында бас бостандығынан айыру мерзімін шартты түрде қысқарту (ШМҚ) институтын енгізу, оны қолдану тәртібі мен шарттары, сондай-ақ бұл жеңілдіктің қолданылмайтын жағдайлары жөнінде толық ақпарат берілді.
Сонымен қатар қатысушыларға жас балалары бар немесе оларды жалғыз тәрбиелеп отырған сотталғандардың құқықтық жағдайын жақсартуға бағытталған өзгерістер түсіндірілді. Атап айтқанда, ұстау жағдайларын ізгілендіру, кәмелетке толмаған балаларымен байланыс жасау мүмкіндіктерін кеңейту, кездесулер мен қысқа мерзімді шығулар санын ұлғайту, жүкті және бала емізетін әйелдерге берілетін әлеуметтік-тұрмыстық жеңілдіктер туралы айтылды.
Кездесу барысында заң жобасының Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында мақұлданғаны және Қазақстан Республикасы Президенті қол қойғаннан кейін 60 күн өткен соң заңды күшіне енетіні туралы ақпарат жеткізілді.
Іс-шара соңында тергеудегі және сотталған әйелдердің сұрақтарына қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты жауаптар беріліп, заңнамалық өзгерістерді дұрыс түсіндіруге бағытталған құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұндай кездесулер сотталғандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге, сондай-ақ заң талаптарын дұрыс түсінуіне ықпал етеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.