Сан салаға серпін береді

1 317

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған өзекті мақсаттардың бірі — «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасын жүзеге асыру.

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы: «Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет», – деді. Сондай-ақ, Президент: «Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек. Цифрлық және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып келеді», – деп нақты тапсырма берді. Сонымен қатар, Елбасы аталмыш мәселенің екі жағын тең саралауды міндеттеп, экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін тудыратындығын, босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтау керектігін де ескертті.

Аталған бағыт бойынша өңірде өнімді де нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, былтыр «Жамбыл облысының инвесторларға және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» базасында өңірлік цифрландыру кеңсесі құрылған болатын. Бүгінгі таңда аймақтағы цифрландыру 4 негізгі бағыт бойынша жүргізілмек. Бұл бағытта 21 бастама және 10 жоба айқындалған. Осы бастамалардың негізінде Жол карталары әзірленіп, оларды іске асыру басталды. Атап айтсақ, өнеркәсіп, көлік және логистика, туризм және сауда саласын цифрландыру қолға алынып, «Алтыналмас» акционерлік қоғамының цифрлы кеніші, «Higer Quazar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің электравтобустар паркі, Тараз қаласында жолаушылар маршруттарын GPS-навигациялау сайтын жетілдіру және туристік «GEO-PORTAL»-ын іске қосу жобалары жандануда.

Сол секілді «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ІІА технологиясын облыстың медициналық ұйымдарында енгізу, дәрігерге электронды кезекпен кіргізу, қашықтықтан емдеу қызметтерін қолдану, білім беру мекемелерінде робототехниканы дамыту мен мектептерге сымсыз интернет желісін орнату (WI-FI) жұмыстары жолға қойылуда. Одан бөлек, кәсіпкерлермен «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс жүргізу, аймақтың еркін жер учаскелерінің электрондық интерактивті картасын дайындау, «ақылды бағдаршам» мен «ақылды үй» бастамаларын көтеру күн тәртібіндегі негізгі мәселеге айналуда. Ал, адами капиталды дамыту бойынша орта, техникалық және кәсіптік білім беру, сондай-ақ жалпы халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында 2 жоба жүзеге асады. Инновациялық экожүйені құру мақсатында колледж студенттері арасында «Жас кәсіпкер» байқауы ұйымдастырылып, бірлескен жұмыс орталықтары құрылмақ.

Сонымен қатар, «Ақылды қала» шеңберінде Тараз қалалық ішкі істер бөлімі «Қауіпсіз қала» пилоттық жобасын іске асыра бастады. Бұл бастама негізінде қала ішіндегі аулаларда және орта оқу орындарында тәртіп және жол қозғалысы ережелерін бұзғандар бақылауға алынады. Сол сияқты бейнебақылау жүйесін дамыту, оқушының мектепке келуі және шығуы туралы ата-аналарға SMS-хабарлама жіберу, «Ақылды бағдаршам» интеллектуалды транспорттық жүйені енгізу мәселелері шешілетін болады.

Бұдан бөлек, өңірде қауіпсіздік, денсаулық сақтау, көлік және бизнес саласына кіретін 10 «жылдам жеңіс» жобалары бар. Алдағы уақытта аймақтағы цифрландыруды енгізу және «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыру үшін шешімдерді одан әрі жетілдіру мақсатында осы саладағы жетекші мамандардың қатысуымен мамандандырылған форум өткізу жоспарланып отыр. Және бүгінде облыс бойынша 450 мектеп кең ауқымды интернет желісіне қосылған. Барлық мектептердегі компьютер саны 20 366 бірлікті құрайды. Сондай-ақ, өңір деңгейіндегі 320 мектеп «Bilim Land» білім беру цифрлы ресурсы порталына қосылған, 31 мектеп робот конструкторларымен жабдықталған. Электрондық оқыту желілері (e-learning желісі және электрондық күнделіктер) 223 мектепте енгізілген. Сонымен қатар, облыстың 38 денсаулық сақтау мекемесінде медициналық ақпараттық жүйелері (МАЖ) іске қосылған.

Бұған қоса, облыс орталығында «Ақылды қала» жобасын іске асырудың «Қауіпсіз үй» бағдарламасы шеңберінде көпқабатты тұрғын үй кіреберістерін жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда қаланың 150-ге жуық алаңында бейнебақылау камераларын орнату үшін тиісті инфрақұрылым тартылды. Жылдың соңына дейін қосымша осындай 350 құрылғы орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ, барлық мекемелерге талшықты-оптикалық кабельдер жүргізу көзделуде.

Елбасы бастамасымен қолға алынған тиімді технологиялар сапалы істің, өнімділіктің, қауіпсіздіктің басты кепілі. Бұл бағыттағы қарқынды жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.

Ғани КУЛЕТОВ,
облыстық инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет
көрсету орталығының директоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.