Серікбол Берікқожа: «Рухани жаңғыру» қоғам дамуының идеологиялық платформасына айналды

1 276

Елбасының бастамасымен басталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, бұл шын мәнінде, ұлттық деңгейдегі ауқымды жоба. Ол қоғам тіршілігінің барлық саласын қамтитындығымен бірегей. Оны қазіргі кезеңдегі және ұзақ мерзімді перспективадағы қазақстандық қоғам дамуының өзіндік идеологиялық платформасы деп батыл айтуға болады. Бүгінде бұл бағытта ілкімді істер атқарылып, жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Осы тақырыпта «Жамбыл облысының «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» мекемесінің басшысы Серікбол Берікқожамен әңгімелескен едік.

«ҰРПАҚ САНАСЫН ЖАҢҒЫРТУДЫҢ КЕПІЛІ»

– Серікбол Қайратұлы, биыл ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына екі жыл болды. Осы екі жылда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы облысымызға не берді? Өзіміздің киелі жерлерімізді өзгелерге таныта алдық па? Өзіміз қаншалықты таныдық?

– Бүгінгі таңда біз «Руxани жаңғыру» бағдарламасы қоғам дамуының идеологиялық платформасына айналды десек қателеспейміз. Бағдарламаның «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Ауыл – ел бесігі», «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру», «100 жаңа оқулық», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» арнайы жобаларымен «Бәсекеге қабілеттілік», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» атты негізгі бағыттары өскелең ұрпақтың санасын жаңғыртудың кепілі болып отыр.

Елбасының бағдарламалық мақаласында алға қойылған мақсаттар мен міндеттер негізінде осы 2 жылдың ішінде облысымызда ірі жобалар мен бастамалар легі талай белестерді еңсеріп, қыруар тірліктердің тамырына қан жүгіртті. Өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық, туған жерге деген құрмет сынды құндылықтарды сіңіре білді.

2017-2018 жылы жалпы көлемі 2,5 миллиард теңгеге барлығы 230 жоба жүзеге асырылып, оған 620 мың адам қамтылды. Қазіргі таңда облыс аумағында тұрақты түрде мониторинг жүргізу қолға алынған. Жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын халықтың 96 пайызы білетінін және аталмыш бағдарламаға қатысы бар екенін жеткізген.

Ал, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» базалық бағыты бойынша Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне Жамбыл облысынан 53 тарихи-мәдени нысан, оның ішінде 8 жалпыұлттық нысан, 45 нысан өңірлік деңгейде енгізілді. Атап айтар болсам, Меркі-Жайсан түркі ғұрыптық кешені; Ақыртас бекінісі (VIII-IX ғ.); «Ежелгі Тараз қалашығы» (І-ХІХ ғ.); «Тектұрмас» кешені (ХІV ғ.); «Қарахан» кесенесі (ХІІ ғ.); «Айша бибі» кесенесі (ХІ-ХІІ ғ.); «Бабажы хатун» кесенесі (ХІ-ХІІ ғ.); «Байзақ батыр Мәмбетұлы» кесенесі. Барлық 35 нысанның GPS координаттары жасалып, нысандарға қолжетімділік толықтай қамтамасыз етілген. Бұл нысандар Тараз қаласының 44 туристік мекемелері маршруттарына енгізіліп, еліміз бен алыс-жақын шетелдерден келген туристерге таныстырылуда. Киелі жерлердің картасына енген 8 жалпыұлттық нысандардың тарихы туралы арнайы деректі фильмдер түсіріліп, көпшілік назарына ұсынылған болатын. Бұл деректі фильмдер әлеуметтік желілерде де қолжетімді. Сонымен қатар, аталмыш нысандарға баратын жолдар жөнделіп, ондағы инфрақұрылымдар мен қызмет көрсету сапасы жақсартылды. Қазіргі таңда облыс әкімдігінің туризм басқармасымен бірлесе отырып іс-шаралар ұйымдастыруды тұрақты түрде қолға алдық.

Тоқталып өтетін болсам, «Тараз жеріне тағзым» атты жас турист фестивалін өткіздік.  Фестиваль аясында Тараз қаласының және жақын орналасқан аудандарының тарихи-мәдени нысандары мен көрікті жерлеріне экскурсиялық турлар өткізілді. Оған Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарының орта мектептері мен колледждерінен 500-ден аса оқушылары қатысты.

Экскурсиялық турлар Тараз қаласының келесі тарихи нысандарын қамтыды: «Көне Тараз» тарихи-мәдени саябағы, «Тектұрмас», «Қарахан», «Дауытбек», «Айша Бибі» мен «Бабажы хатун» кесенелері, «Ерте ислам мешіті», «Қазақ хандығына 550 жыл» ескерткіші және «Ақыртас» сарай кешені.

«Тараз – өткен мен болашақтың түйіскен қаласы» тарихи-өлкетану конференциясы ұйымдастырылды. Жамбыл облысының Жамбыл ауданында сиқырға толы «Ақыртас» сарай кешенінде өтті. Конференцияда жасөспірімдер туризмін дамыту перспективалары мен мәселелері талқыланды. Конференцияға облыстың барлық аудандарынан, Тараз, Алматы, Түркістан қалаларынан, Алматы және Түркістан облыстарынан 100-ге жуық адам қатысты.

Жуалы ауданының Берікқара шатқалында «Қызғалдық – Жамбыл облысының табиғи мұрасы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Конференцияның негізгі мақсаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында бағытталған және қазақстандық патриотизм рухына жастардың Грейг, Кауфман, Зинаида, Борщов, Колпаковский қызғалдақтары сияқты эндемиялық өсімдіктерге ұқыпты қарауға шақыру жолымен белсенді қатысуын көздейді. Қазақстанда жабайы қызғалдақ түрлерінің 40-тан астам түрі өседі, олардың 20-сы Жамбыл облысында гүлдейді. 12 түрі 2007 жылы Қызыл кітапқа енгізілген, оның ішінде Грейг пен Кауфман қызғалдақтары да бар.

– Ағымдағы жылдың ақпан айында Жамбыл облысы әкімдігінің қаулысымен «Жамбыл облысының «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылған болатын. Осы жаңадан құрылған мекеменің басшысысыз. Жалпы, мекеменің құрылудағы мақсаты мен жоспары қандай?

– Иә, «Жамбыл облысының «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі облыс әкімдігінің 2019 жылғы 19 ақпандағы №24 қаулысына сәйкес құрылды. Мекеме қызметінің мәні қоғамдық сананы жаңғырту болып табылады. Ал мақсаты – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобасының жүзеге асырылуын бақылау, бағдарламалық мақаланың «Бәсекеге қабілеттілік», «Прагматизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы», «Сананың ашықтығы» бағыттары, «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру», «100 жаңа кітап», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет»,  «100 жаңа есім», «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобалары мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» арнайы жобалары аясында жұмыстар жүргізу.

Алдағы уақытта көптеген іс-шаралар мен жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Осы мақсатта жобалық офис басқармалардағы, аудандар мен қаладағы бағдарламаны іске асыратын жауапты қызметкерлермен, үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшыларымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, қоғам белсенділерімен кездесулер өткізілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі дамыту барысы талқыланып, ұсыныстар жиналды.

Басты маңызды жобаларға тоқталып өтейін. Алдағы уақытта «Әулиеата үміті» сыйлығын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Мақсаты – жас таланттардың еңбегін бағалау, ынталандыру. Мұның басты ерекшелігі әр номинация бойынша сол саланың шырқау шегіне жеткен облыстың беделді азаматтарының марапатталуы. Жамбыл даңқты және талантты тұлғалардың кіндік қаны тамған жері десек артық емес. Оларды тәрбиелеп ұшыратын мекен. Міне, сол азаматтар өзінен кейінгі ұрпаққа сенім білдіре отырып, «Сен осы өңірдің менен кейінгі жарық жұлдызы болуың тиіс» деген ұранмен жастарға ынта береді деген сенімдемін.

Облысымыздағы қайырымды жандар мен кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында «Жомарт жүрек» облыстық байқауын ұйымдастыруды да қолға алып отырмыз.

Сонымен қатар, «Қазақстанның сакралды географиясы» жобасы аясында «Жайнаған Жамбылым» атты фотожинақ басып шығару, «Туған жерге туыңды тік!» форумын өткізу, «Латын әліпбиі – рухани тұтастық негізі» атты республикалық конференция ұйымдастыру көзделуде.

Облысымыздағы ақындар мен жас ақындардың байланысын нығайту мақсатында ақындардың сайысын, ұлттық спортты дамыту мақсатында тегін үйірмелер мен іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. «Ұлы даланың ұлы есімдері» атауымен «Саналы TALKS» интеллектуалды кештерін, «Қоғамдық лекция» әлеуметтік жобасын, «Жамбыл жауһарлары» атауымен облысымыздың тарихи-мәдени кешендері мен табиғатын, көрнекті жерлерін дәріптеу мақсатында облыстық фото көрмесін де қолға алсақ деген жоспар бар.

«ӘР ЗАМАННЫҢ ҰРПАҚҚА ҚОЯР ӨЗ ТАЛАБЫ, ӨЗ МІНДЕТІ БАР»

– Әрине, жаңадан құрылған мекемені аяққа тұрғызуда мамандардың білікті болуы маңызды екендігі түсінікті. Яғни, қызметкерлер қабылдауда неге баса мән бердіңіздер?

– Дұрыс айтасыз. Жаңа ашылған мекемені аяқтан тұрғызу, ондағы кадр саясатын жүргізу оңай тірлік емес. Өзіңіз білесіз, мен 10 жылға жуық уақыт идеология саласында қызмет етіп келемін. Бірнеше үкіметтік емес ұйымдар мен қауымдастықтарды басқардым. Қалалық «Жас Отан» жастар қанатының тізгінін ұстадым. Алайда, мемлекеттік мекемеде бірінші рет басшылық қызметке тағайындалып отырмын. Мекеме қызметкерлерінің барлығы жаңадан қабылданған азаматтар. Офис жобаларды дамыту және қоғаммен байланыс деген екі бөлімнен тұрады. Жалпы, 10 штаттық бірлікпен құрылды. Қазіргі таңда барлық қызметкерлер толық қабылданып, материалдық-техникалық базасы жасақталды. Ендігі мақсат – облыс көлемінде жұмыс жүргізудің жүйелігін қалыптастыру.

Енді Сіздің сұрағыңызға жауап беретін болсам, мен ең алдымен адамның ынтасын, жігері мен қабілетін бірінші орынға қоямын. Себебі, ниет болмаса, істен қайыр болмайтынына көзім жеткен. Қоғамда білімді азаматтар көп, алайда қабілеті мен кейбірінің жұмысқа деген ниеті жоқ. Міне, сондай азаматтармен жұмыс жүргізу өте қиын. Қанша азаматтармен жұмыс жүргіздім, жай уақыт өткізіп, жалақысын тұрақты түрде алып, ұзақ уақыт бір орында отыра бергісі келеді. Бастысы, сол мекемені дамытуға, қоғамды өзгертуге және өзін дамытуға ұмтылатын азаматтарды бағалаймын. Сол себепті барлық қызметкерлерді қабылдағанда олардың ниеті мен ынтасын, қабілеті мен жігерін қарадым. Барлығы жас мамандар. Енді олардың біліктілігін арттыру мақсатында оқыту курстарына қатыстыруды, олардың идеяларына қолдау көрсетуді қолға аламын.

– Еліміздің әр түкпірінде «Рухани жаңғыру» айдарымен қисынды-қисынсыз шаралар көбейіп кетті деген пікірлерді көп естиміз. Сіздің ойыңызша, бағдарламаның бастапқы мақсаты қаншалықты орындалып жатыр?

– Әр заманның ұрпаққа қояр өз талабы, өз міндеті бар. Мәдениеттің, мемлекеттің жүйелі түрде дамуы ұрпақтың уақыт талабына икемделуінсіз жүзеге асқан емес. Ұлттың тарихи санасының қалыптасу негіздерінің өзінде уақыт талабына бейімделуге, мәдени ортаны қалыптастыруға деген ұмтылысы жатыр.

Иә, Сіз айтқан пікірлерді естіп жүрмін. Бұл бағдарламаны түсінбеген, бағдарламаның негізгі мақсаты мен міндеттерінен хабары жоқ адамдардың пікірі әрі әрекеті деп айтуға болады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қоғамның барлық саласын қамтиды деген ойдамын. Оның әрбір бағыты бір саланы дамыту, жетілдіру және қоғамдық сананы өзгерту мен сананың ашықтығын қалыптастыру болып табылады.

Бағдарлама қойған нақты тапсырмалар жоғары деңгейде іске асуда деп есептеймін. Оның ішінде өзіміздің өңірге тоқталып өтсем. 2019 жылдың 21 қаңтарында облыс әкімімен барлық арнайы жобалар қамтылған салааралық іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспар бойынша барлығы 83 ірі іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Жоспар аясында жүзеге асырылатын іс-шараларға облыстық бюджеттен 304,3 миллион теңге қаражат жұмсау көзделген. Сондай-ақ, жоспардан тыс іс-шаралар да тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғам тіршілігінің барлық саласын қамтиды. Ұлттық рухты көтерудің нақты жолдары мен шешімдері, басымдықтары мен руханиятымызды жаңғыртуға арналған арнайы жобасы да айқындалып берілген.

«ОТАНДЫ СҮЮДІҢ ІРГЕТАСЫ АЛДЫМЕН ТУҒАН ЖЕРГЕ ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІКТЕН ҚАЛАНАДЫ»

– Бағдарлама аясында бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асып жатқанын білеміз. Осы ретте кәсіпкерлердің белсенділігі қандай? Туған жеріне туын тігіп жатқан азаматтарымыз жайлы не айтасыз?

– «Отанды сүю отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Яғни, Отанды сүюдің іргетасы алдымен туған жерге деген сүйіспеншіліктен қаланады. Әр адамның өзінің шығу тегі мен тамыры тереңге жайылған туған өлкесі бар. Міне, осы негізде бағдарламаның «Туған жер» жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы бар.

Қазақ әр уақытта барын жақсылыққа, қуанышқа шашуды жақсы көретін, қаны тектілікте жатқан халықпыз ғой. Сол себепті бұл бағыттың жақсы дамып келе жатқанын қуанышпен айтуға болады. Зиялылықтың бірінші шарты адамның туған жерге, халыққа және ұлт болашағына деген шынайы жанашырлығынан бастау алмақ.

Аталмыш жобаны өңірімізде жүзеге асыруда екі жылдың ішінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Жалпы сомасы 2 миллиард теңге көлемінде 129 жоба, 13 іс-шара ұйымдастырылды. Олар 4 тұрғын үй, 8 пәтер, 11 спорт нысаны, 2 аллея, 1 музей, 1 медициналық пункт, 23 инфрақұрылымды дамыту, 29 әлеуметтік көмек және 50 өзге де жобалар жүзеге асырылған болатын.

Ал, ағымдағы жылдың осы уақытына дейін демеушілік және меценаттық көмектер есебінен «Туған жер» арнайы жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша 828 млн теңгеге 59 жоба (24 тұрғын үй, 2 саябақ, 3 балабақша, 4 спорттық нысан, 2 мешіт, 7 инфрақұрылымды дамыту жобасы, 13 әлеуметтік көмек пен 4 басқа да әртүрлі жоба) іске асырылды. Мысалға, Тараз қаласындағы «Атшабар» сквері жаңғыртылып, «Жастар аллеясы» деп қала игілігіне берілді, Қордай, Т.Рысқұлов, Жуалы аудандарында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына тұрғын үй берілді, Талас ауданында тас жол абаттандырылып, көшелер жарықтандырылды. Мұның барлығы біздің кәсіпкерлеріміз бен қалталы азаматтарымыздың өз туған жерлеріне туын тігуі деп есептеймін.

Жыл соңына дейін жалпы сомасы 1,4 миллиард болатын 29 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі» арнайы жобасы аясында озық өнер мен технология үлгілері негізінде музейлер, өнер және мәдениет орталықтарын қазіргі заманғы талапқа сай жүйеге келтіру болып табылады. Осы бағытта облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен «Шахристан» этно-мәдени кешенінде «Өлкетану» музейі, «Қолөнер шеберлері», «Руханият» орталықтарының құрылысы басталды.

Міне, осындай жақсы жобалармен облысымыз мақтана алады. Ал, осы меценаттарымызды ынталандыру мақсатында өткен жылы «Жомарт жүрек» республикалық байқауы өткізілді. Біздің облысымыз байқаудың 4 номинациясын жеңіп алды. Олар «Жыл меценаты» номинациясымен «Alga Diamond» ЖШС директоры Жанболат Бекмұсаев, «Жыл тұлғасы» номинациясымен «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайранбай Дөненбаев, «Туған өлке» номинациясымен ТИГУ ректоры Ерболат Саурықов, «Ерен еріктілік» номинациясымен Айгүл Разақова.

– Аталған мақала аясында келешек жастардың білім алуына алдыңғы қатарлы мемлекеттердің озық тәжірибелерін оқыту үрдісі енгізілді. Ол – «Гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Бұл жоба өңірде қалай іске асырылуда?

– Бағдарламаның «100 жаңа оқулық» жобасының негізгі мақсаты – мемлекеттік тілде гуманитарлық білім бағыттары бойынша студенттердің толыққанды білім алу үшін жағдайлар жасау, әлемнің озық оқулықтарын түп нұсқадан қазақ тіліне аудару.  Бүгінгі таңда жоба аясында аударылған 19 кітаптың 7 000-ға жуығы облысымызға келді.

Аталған кітаптар облыстық, қалалық, аудандық және жоғары оқу орындарының кітапханаларына берілді. Қазіргі таңда кітаптардың электронды үлгілері әзірленіп, интернет желілеріне орналастырылған. Жобалық офис кітаптардың QR-кодтарымен арнайы тақтайшалар әзірлеп, Тараз қаласы мен аудан орталықтарындағы адам көп шоғырланатын орындарда орналастыруды қолға алуда.

Сонымен қатар, Жобалық офис М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің қолдауымен апта сайын әр кітаптың таныстырылымын өткізіп келеді. Кітапты толық оқыған оқытушылар мен студенттердің пікірлері мен олардың ойлары ортаға салынады. Осы жылы 30 кітап аударылып, оқырманға таныстырылады деп жоспарлануда.

– Жалпы, жаңғыру – жазудан басталады деп жатамыз. Осы орайда,бағдарламалық мақалада 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшугекірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екені қадап айтылған. Аймақта бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Өткен жылы ҚР Премьер-министрі болған Бақытжан Сағынтаевтың 2018 жылғы 13 наурыздағы №27 Өкімімен Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына  2025  жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген еді. Осыған сәйкес облыстық іс-шаралар жоспары әзірленіп, жүйелі жұмыстар жолға қойылған.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жанынан Латын әліпбиін үйрету оқу-әдістемелік кабинеті, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Қазақ филологиясы және латын графикасын оқыту әдістемесі» кафедрасы, облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығында «Рухани жаңғыру: латын әліпбиі» кабинеті ашылып, латын негізді қазақ әліпбиіне көшу жөнінде облыс тұрғындарына әдістемелік көмектер көрсетілді.

Өткен жылы барлық өңірде бір мезетте ұйымдастырылған жалпыхалықтық диктант жазуға облыс бойынша 127 мыңнан астам адам қатысып, жоғары дайындықтарын көрсетті.

Латын графикасына негізделген қазақ жазуын түсіндіру, азаматтардың жаңа әліпбиді үйренулеріне мүмкіндіктер жасау мақсатында облыстық тілдерді дамыту басқармасы тарапынан 4 әлеуметтік жоба аясында 120-дан аса іс-шаралар өткізіліп, оған 150 мыңға жуық адам қамтылса, биылғы жылы 2 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда.

2019 жылдың осы уақытына дейін латын негізді әліпбиді өңір тұрғындарына түсіндіру мақсатында 73 іс-шара өткізіліп, оған 21 мыңнан астам адам қамтылды.

«ӨРКЕНИЕТТІ ЕЛДЕР ТАРИХИ КИНОЛАРЫ АРҚЫЛЫ ӨЗДЕРІН ТАНЫТА БІЛЕДІ»

 Биыл «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы өз жұмысын бастап жатыр екен. Бұл бойынша қандай іс-шаралар атқарылады? Жалпы, жобаның мақсаты қандай?

– Естеріңізде болса, Елбасы 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту және ауылдық жерлерде еңбек идеологиясын ілгерілету міндеттерін алға қойып, оған қол жеткізу үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске қосуды тапсырған болатын.

Бұл жобаның негізгі мақсаты – ауылдық аумақтар, қоғамның ауылға деген көзқарасын өзгерту және ауылдағы еңбек адамы мәртебесінің жоғары екенін танытуға бағытталған қоғамдық сананы жаңғырту мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту. Жоба аясында «Қарқынды бақтар біздің болашақ» атты елдімекендерде көктемде бақтарды отырғызу, күзде жинау акциялары ұйымдастырылып, бақтарда «Экологиялық тазалық» атты экологиялық тазалау акциялары жүзеге асырылып жатыр.

Жоба аясында алдыңғы уақытта ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген үздік шаруа қожалықтарды аудан және облыс көлемінде анықтау мақсатында «Үздік фермер» байқауы мен «100 жаңа фермер» жобасын, «Жыл фермері» республикалық конкурсы, ауыл еңбеккерлеріне мемлекеттік марапаттар мен бірқатар жеңілдіктер енгізу, ауыл тақырыптарында сериал, көркемдік және деректі фильмдер шығару жоспарланып отыр.

Облыс көлемінде арнайы жоба аясында 135 жобаны іске асыруға 3,9 млрд. теңге қаралып отыр. Қазіргі таңда жобаларды іске асыру жұмыстары басталып кетті.

– Бағдарламалық мақаланың «100 жаңа есім» дейтін керемет жобасы бар. Өкініштісі, осынау жобаға биылдыққа өңірден ешқандай азамат ілінбепті. Мұның себебі неде?

– Иә, дұрыс айтасыз. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» базалық жобасы тізіміне екі жылдың қорытындысы бойынша облысымыздың 8 азаматы енді. Олар кәсіпкерлер Сембек Сейдазимов, Әбдібек Пошкаев, спортшылар Зульфия Габидуллина, Ақжүрек Таңатаров, Бауыржан Исламхан, полиция сержанты Ғалым Арыстанбаев, дирижер Ерлан Бақтыгерей, нейрохирург Марат Саршаев. Жоба жеңімпаздарымен кездесулер, сұхбаттар өткізіліп, олардың қызметі туралы ақпараттар, билбордтар облыс көлемінде ілінді. Олардың өмір және еңбек жолдары жастарға үлгі ретінде бейнероликтер арқылы таныстырылды.

2019 жылдың қорытындысы бойынша жобаның екінші кезеңіне облыстан 66 үміткер республикалық іріктеу кезеңіне жіберіліп, онлайн дауыс беру кезеңіне 5 кандидат қатысты. Олар Ғани Құттымұратов (медицина), Қасым Аманқосов, Кенен Ақүрпеков (мәдениет), Дмитрий Трубин (спорт), Руслан Төлегенов (қоғам). Өкінішке қарай, олар биылғы 100 жаңа есім тізіміне дауыс нәтижелерінің төмен болуына байланысты енгізілмеді.

– Өткен жылдың аяғында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып табылатын «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Ендігі жерде, осынау мақала аясындағы жұмыстарды тілге тиек ете кетсеңіз.

– Жалпы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» арнайы жобалары аясында   жүзеге асырылады. Бүгінгі күнге  дейін 6 765 адамның қатысуымен 75 іс-шара өткізілді.

Жақында ғана облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен «Ерлікке тағзым – ұрпаққа парыз» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференцияға «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Берік Әбдіғали, ҚР Президенті Архивінің жанындағы Қоғамдық Кеңес төрағасы Борис Жапаров, ҚР Президенті Архивінің директоры Жәмилә Әбдіқадырова, Польша Республикасының Гданск қаласындағы Поморск генеологиялық қоғамы Президентінің орынбасары, техника ғылымының кандидаты, өлкетанушы Войцех Бещинский және өзге де өңірлердің архив басшылары мен мамандары қатысты.

– Осы мақаланың көтерген тақырып-тарының бірі – тарихты кино мен телевизия арқылы таныту жөнінде де біраз дүние айтылды. Сіздіңше, кино арқылы тарихи тұлғаларымызды қаншалықты таныта аламыз?

– Өте орынды сұрақ қойдыңыз. Себебі, кино бір ұлттың мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрі мен ұлттық идеясын көрсететін құрал. Өзіңізге белгілі түріктер, кәрістер және батыс елдері тарихи кинолары арқылы өздерін таныта білді. Менің студент кезімде кәрістің «Жумонг ханзада» деген киносы отандық телеарналарда көрсетілді. Біздің көп жастарымыз сондай ерлік пен жауынгерлікке ұмтылды. Міне, бір ғана кино адам санасын өзгертуге ықпал етеді.

Қазақ халқы батырлар мен би-шешендерге, сал-серілер мен даңқты батырларға кенде емес. Солардың өмір жолына негізделген кинолар түсіру қажет деп ойлаймын. Сонымен қатар, тек кино емес, анимациялық мультфильмдер шығару қажет. Бұл біздің өскелең ұрпаққа мақтан тұтар тұлғалардың өмірімен таныстырудың жақсы бір үлгісі.

Бағдарламаның «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» арнайы жобасының негізгі мақсаты да Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі және қысқаметражды фильмдерін өндіріске енгізу болып табылады.

Бұл арнайы жоба аясында Қазақстан жазушылары еңбектерінің негізінде тарихи фильмдерді түсіру және шығармашыл жастарды кино әлеміне тарту, үздік сценарийлерді жазуға ынталандыру бағыттарында жұмыс атқарып келеміз. Биылғы жылдың ауқымды іс-шараларының жоспарымен бөлісетін болсам, ағымдағы жылдың маусым айында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен жастар арасындағы «Үздік сценарийлер», «Жалынды жастық шақ» бейнероликтер байқауын, Меркі ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Меркі, Аспара қалашығы, Меркі 1, 2, 3, 4, 10 қорғандары мен Сандық, Қарақыстақ шатқалы, балбал тастардың тарихи-мәдени мұралары туралы деректі фильмдер түсіру жоспарлануда, Жуалы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Шерхан Мұртаза атамыздың «Қызыл жебе» романы желісінде Т.Рысқұлов туралы қысқаметражды фильм түсіру жоспарда бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.