Жуалы ауданындағы «Момыш бұлағы» киелі жерлер картасына енді

830

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Туған жерге деген сүйіспеншілік туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады. Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек» деп атап көрсетті. Еліміздің ертеңіне көз тіккен Нұрсұлтан Әбішұлы ұлттық құндылықтар арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге айрықша мән беріп, киелі мекендер мен басқа да жәдігерлер кешенін өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас ұғым орнықтыруды меңзейді.
Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойынан біраз бұрын «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол қажы Дүрәлі ауданда алғашқылардың бірі болып, Мыңбұлақтың етегінде орналасқан даңқты қолбасшы, Халық Батыры Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған қасиетті Момыш бұлағын мемлекет қамқорлығына алып, оның аумағын қоршап, көпшілік барып тамашалайтын көрікті жерлердің біріне айналдыру туралы бастама көтерген-ді. Себебі, Қайрат ауылындағы Батырдың мемориалдық музейіне келіп тұрған адамның бойында қызығушылық оянып, іргеде тұрған туған жерін көргісі келетіні де анық.
Бастама аудан басшылығынан қолдау тауып, істі ілгерілету бағытындағы дәйекті шаралар кезеңімен шешімін тауып келеді. Көлбастау-Талапты тасжолы бойында Момыш бұлағы орналасқан тұсқа көрнекті етіп жол сілтегіш қойылды. Бұлақ басына апаратын жолға шағал тас төселді. Жергілікті атқарушы орган екі гектар аумақты шаруа қожалығының иелігінен алып, құжаттарын заңдастырып берді.
Аудан бюджетінен таяуда бөлінген 4,5 миллион теңгенің 2,0 миллион теңгесіне аумақты темір тормен қоршау жұмыстары жүргізілуде. Қалған 2,5 миллион теңгесіне осы арадан бойшаң стелла орнату жоспарланып отыр. Одан бөлек, жылдағы қалыптасқан игі дәстүрмен ауыл-аймақтың белсенді тұрғындары күш біріктіріп, бастау басын өскен қамыс-құрақтардан тазартып, бұлақ көзін аршып отырады.
Туған жердің төсінде өскен жанның еткен еңбегі де, оның өнбегі де ғажап. Әсіресе, таза саф ауасын жұтып, кәусардай бал суын қанып ішіп, демалысты еңбекпен ұштастырғанға не жетсін?! Бойға қуат, тәнге күш жиналып, кәдімгідей қанаттанып қаласың. Бұл жолы да солай болды. Бұлақ басын тазалауды көптен ниет етіп жүрген бір топ азамат таңертеңнен осында жиналды.
Талаптылық Құдайберген Медербаев, аудан орталығынан Шора Ысқақов, Жалғасбай Қалиев, Оңалбай Ибраев, Қайрат ауылынан Кәрібай Құрмашев, Руслан Манашевтар кетпен-күректерін өздерімен бірге ала келіпті. Олар таза ауада, таңғы салқынмен игілікті іске жұмыла кірісіп кетті.
Бұлақ басы көптен тазаланбағандықтан құрағы адам бойына жетеғабыл болып тұр екен. Бастау суалып, опырылып түскен топырақпен көзі бітеліп, суы сыздықтап ағып жатыр. Арнаның бойы да шөп-шаламға тұнып, жолы бітеліп қалыпты. Сауап табу жолында бірлескендер өз істеріне дән риза. Кәсіпкер Руслан Манашевтың моторлы шөп шапқышы осы арада жақсы кәдеге асты. Ол сүт пісірім уақыттың ішінде-ақ әжептәуір жердің құрағын жайпап тастады.
«Бітер істің басына жақсы келер қасына» дегендей, Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғабит Үмбетәлиев үлкен жолдан арнайы қайырылып, қарияларға сәлем бере келді. Үлкендер жас басшыға көрсеткен көмек-қолдауы үшін алғыстарын жаудырды.
Аз-кем тыныстап, маңдайдан шыпшыған терді басып, жаңа аршылған бастаудың тұнған мұздай суына қанып ішіп тұрып, Аманжол қажы Дүрәліұлы Батырдың туып-өскен, балалық шағы өткен осы әулиелі бұлақтың таяуда еліміздің киелі жерлер картасына алынғанын жеткізді. Бұлақ басындағылар бұл хабарға тұс-тұстан ризашылығын білдіріп жатты. Кәрібай Құрмашев пен Руслан Манашев келешекте жол салынатын болса, ол тура емес, Батырдың өмір жолын білдіретіндей, қазіргі бұрылыс-бұралаңдары ескерілсе деген өтініштерін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.