Жандар Асан: Туысқан түркі әлемінің ғалымдары Алматыда бас қосады

200

11-13 қазан аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Халықаралық түркі әлемі зерттеулеріне арналған симпозиум өтеді. Түбі бір туыстас мемлекеттер арасындағы айтулы шара туралы аталған оқу орнының Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы, журналист Жандар Асанмен сұхбаттасқан едік.

– Жандар Тұрарұлы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тамыры бір туыс жұрт түгенделіп, үзіліп қалған алтын арқау қайта жалғанып келеді. Бұл тарапта бірнеше іргелі ұйымдар құрылып, ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда еліміздегі іргелі оқу орны Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті түркі дүниесінің ынтымақтастығын нығайту мақсатында алқалы басқосу ұйымдастырмақ. Осы жайында айтып өтсеңіз.

– Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері  симпозиумы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Нийде Өмер Халисдемир университеті, М. Акмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті және Баку Еуразия университетінің ұйымдастыруымен 2014 жылдан бері өтіп келеді. Сонымен қатар, симпозиум бағдарламасы аясында «Түбіміз бір Түрікпіз» фестивалі ұйымдастырылып келеді. Дәстүрлі шараға алқалы жиынды ұйымдастырушы университеттердің студенттерінің қатысады. Әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың басын қосып, ғылыми бағытта пікір алмасуды қамтамасыз ету, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасау Симпозиумның басты мақсаты.

Жалпы сөздің реті келгенде айта кетейін, «Өткеннің тағылымды өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы» деген ұғымды санасына берік ұстаған түркі баласы өткенін бағалап, болашағын бағамдап келеді. Қазіргі күнде кең байтақ Еуразия кеңістігіндегі түркі әлемі бейбітшілік пен тұрақтылықтың алтын бесігіне айналды. Түркі баласы бірлік пен ынтымақтастықтың дара жолын таңдады. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ұлағатты ұстанымдағы Түркі Кеңесін құрған мемлекеттер күллі әлемге кеңінен танылды. Айбары асты, әлеуеті тасты. Қазақ жері – ежелден Шығыс пен Батысты, Еуропа мен Азияны жалғайтын алтын көпір саналып келген. Құрлықтар мен құндылықтар тоғысқан Ұлы Дала елі – түркі әлемінің алтын бесігі, қастерлі қара шаңырағы. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тамыры бір туыс жұрт түгенделіп, үзіліп қалған алтын арқау қайта жалғанды. Көктүріктің атажұртындағы мемлекет бауырлас елдер арасындағы саяси-экономикалық, мәдени байланыстарды нығайтуға ұйытқы болып келеді.

– Дұрыс екен. Биылғы шараның қандай ерекшелігі бар?

– Түркістан, тұтас бол, түркі тілдес, түгел бол». Тұрар Рысқұловтай тұғырлы тұлғаның ұраны өз өміршеңдігін жойған жоқ. Түбі бір бауырлас елдердің ынтымақтастығын одан әрмен нығайту орайында 75 жылдық тарихы бар отандық жоғары білімнің қара шаңырағы – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ұйымдастырған «Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері» атты симпозиум түркітілдес елдердің мәдениеті мен өнерінің, тілі мен әдебиетінің дамуына айрықша үлес қосуды көздейді. Бұл –  түркі өркениетінің дамуына, дәуірлер жалғастығына алтын арқау болмақ. Ал, енді Қыздар университетінің ұйытқы болуымен өтетін осымен бесінші рет ұйымдастырылып отырған алқалы жиынға Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейден 200-ге жуық ғалым, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатыспақ.

Басқосуда ғалымдар педагогика, тіл, әдебиет, тарих, мәдениет, өнер, халықаралық қатынастар, экономика, философия, әлеуметтану, гендерлік т.б. мәселелер жайында және жаратылыстану ғылымдары саласында пікір алмасып, болашақта түркі әлемінде ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру турасында уағдаласпақ. Симпозиум түбі бір түркі халықтарының өзара ынтымақтастығының нығаюын, әлемде бейбітшілік пен тыныштықтың қамтамасыз етілуін көздейді. Симпозиум «Жаһандық бәсекеге қабілетті филолог маман даярлаудың қазақстандық және әлемдік тәжірибесі», «Рухани жаңғыру: әдебиет арқылы ұлттық сананы кемелдендіру», «Жаһандық білім беру жүйесі: әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді жаңаша оқыту әдістемесі», «Латын графикасы: тарихы, теориясы және оқыту әдістемесі», «Түркі қауымы: тарихы мен мәдениеті», «Қазіргі замандағы білім беру үрдісінің ұлттық және халықаралық даму тенденциясы» және «Түркі тілдес мемлекеттердегі гендерлік білім берудің өзекті мәселелері» бағыттары бойынша өткізілмек.

– Айтулы жиынға тағы кімдер қатыспақ?

– Симпозиумға ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Халықаралық Түркі академиясының басшылары, Қазақстандағы Түркия Республикасының Бас Консулы Каган Илмаз, Өмер Халисдемир университетінің ректоры Мухсин Кармен, Баку Еуразия университетінің ректоры Назым Хюсейнлиді, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, шетелдік және отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың өкілдері қатысады деп күтілуде.

– Тағылымды жиынның жоғары деңгейде өтуіне тілектеспіз. Әңгімеңізге рақмет!

Leave A Reply

Your email address will not be published.