Тараз вокзалының алды жайнап тұр

568

Соңғы уақытта облыс орталығы тотыдай таранып, саябақтар мен скверлер адам танымастай өзгеруде. Осы орайда, Тараз теміржол вокзалының алдындағы шағын саябақ та шырайланып шыға келді. Қазіргі таңда аталған орынды жаңғырту жұмыстары толықтай аяқталды. Нәтижесінде вокзалдың автотұрағы кеңейтіліп, аумағы ажарлана түскен.

Абаттандыру-жөндеу жұмыстарының арқасында теміржол вокзалының алдына киелі шаһардың тарихынан сыр шертетін биіктігі 9 метр болатын ескерткіш қойылды. Сәулеті жарасқан ескерткіштің үстінде киелі мекеннің ежелгі және қазіргі атаулары өрнектеліп жазылған. «Талас», «Әулиеата», «Жамбыл» және «Тараз» жазуларының астында өлкенің негізгі болмысын суреттейтін 4 элемент бар. Атап айтқанда, «Тәңірі» деген жазуы бар балбал тас, қазақи өрнектермен өрілген домбыра, қобыз және қауырсын бейнеленген. Ескерткіш гранит және травертин тастарымен қапталған. Ал, шағын саябақтың жан-жағы абаттандырылып, орындықтар қойылып, жарықшамдар орнатылған. Бұдан бөлек, вокзал маңындағы жол кеңейтіліп, жолаушыларға да, жүргізушілерге де қолайлы жағдай туып отыр.
Айта кетерлігі, теміржол вокзалының алдындағы шағын саябақтың түрленіп, жаңаша кейіпке енуіне «Айя-Сервис» ЖШС демеушілік танытыпты.
– Облысымызда қолға алынған баянды бастама­лар­ды қолдау мақсатында аймақ басшылығымен келісе отырып, осы жұмыстарды қолға алдық. Облыс әкімдігінің тарапынан ұсынылған қаламыздың бұрынғы атауларымен астасқан стела бізге де ұнады. Нәтижесін өздеріңіз көріп тұрсыздар. Бұдан өзге, вокзалдың алдындағы көлік тұрақтарын барынша кеңейтіп бердік, – дейді «Айя-Сервис» ЖШС басшысы Майра Молдабаева.
Міне, осылайша шаһардағы тағы бір стратегиялық нысанның сәні мен сәулеті артып, көпшіліктің қуанышын еселеуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.