Жаңа заң жазаны қатаңдатты

346

2020 жылдың 16 қаңтарында Жамбыл облысы Полиция департаментінде Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша енгізілген жаңа өзгерістер бойынша бұқаралық ақпарат құралдарымен баспасөз конференциясы өткізілді. Аталмыш шараны Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Т.Оразымбетов жүргізіп, заңдағы өзгерістерді жан-жақты түсіндіріп өтті.
Бұл заңға сәйкес бірқатар қылмыстар үшін жауапкершіліктер күшейтілді. Негізгі өзгерістер мен толықтырулар зорлау, адам ұрлау, ұрлық, мас күйінде көлік құралын басқару, есірткі тарату қылмыстары және басқа да қауіпті құқық бұзушылықтар сияқты баптарға енгізілген.
Полиция полковнигі Т.Оразымбетов өз сөзінде: «Жалпы, заң баптарына енгізілген күшейту жазалары қылмыс санын төмендетуді көздейді. Дәл қазіргі қоғамда, әсіресе, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты орын алып жатқан зорлау оқиғалары — бұл қылмыс түрі бойынша жазаны қатаңдатуды талап етті. Қылмыстық кодекстің 120-бабының санкциясы 1-бөлігі бойынша бұрын 3 жылдан 5 жылға дейін болса, енді 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді; сондай-ақ әрбір зорлау қылмысын жасаған тұлға қылмыстық жауапкершіліктен кете алмайды, себебі жасаған әрекеті ауыр қылмыстар санатына жатқызылды және татуласуға келмейді. 2-бөлігі бойынша 9-дан 12 жылға дейін ұзартылды, бұрын 5 жылдан 10 жылға дейін болатын; 3-бөлігі бойынша 12-ден 15 жылға дейін, ал бұрын10-нан 15 жылға дейін; 4-бөлігі бойынша 20 жыл немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, бұрын 17-ден 20 жылға дейін болатын.
Сонымен қатар, мас күйінде көлік жүргізушілерге қатысты да жаза қатаңдатылды. Егер бұған дейін алкогольдік мас күйінде көлік айдағандарды екі жылға дейін жүргізуші куәлігінен айыруды не 40 тәулікке дейін қамауға алуды қарастырса, енді олар бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады және он жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылады. Жол апаты салдарынан адам қаза болған жағдайда жеті жылдан он жылға дейін түрмеге қамалып, өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылады. Бұрын қандай да бір себеппен жүргізуші куәлігінен айырылса да, мас күйінде рөлге отырған азамат көлік басқару құқығынан мәңгіге айырылады. Одан бөлек, масаң күйде ұсталған жүргізушілер 30 тәулікке қамалады.
Сондай-ақ, ұрлық бойынша орташа ауырлықтағы қылмыстар ауыр санаттағы қылмыстарға ауыстырылды. Бұл өзгерістің басты мақсаты – ұрлық қылмыстарының алдын алу, олардың профилактикасы және жолын кесу болып табылады. Әрбір қылмыскер пәтер ұрлығын немесе біреудің қора-жайынан малын ұрламас бұрын, ол үшін нақты жаза көзделгенін біліп, ойланады. Себебі, қазіргі кезде қора-жайдан жасырын түрде мал ұрлағаны үшін 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленіп отыр.
Сондай-ақ, мал ұрлығы бойынша Қылмыстық кодекстің 188-1-бабына жеке бап енгізілді және ол үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген» — дей келе, өзге қылмыстарға қатысты заңнамадағы жаңа өзгерістерді де егжей-тегжейлі баяндады.
Сонымен қатар, іс-шараға қатысушы журналистер есірткі заттарын тарату, жол-көлік оқиғалары бойынша да сұрақтар қойып, тиісті жауаптар берілді.
Жоғарыда атап өткен заңнамалық өзгерістерді жан-жақты түсіндіру, қолданыстағы заңнаманың ережелерін нақты және біркелкі қолдануды қамтамасыз ету бойынша Жамбыл облысы Полиция департаментінде жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы жеке құраммен сабақ жүргізіп, полиция қызметкерлерінен сынақ қабылдау жолымен Заңның ережелерін білу бойынша тексеріп, жаңа өзгерістерді халыққа жеткізу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.