Жамбылда жүзге жуық елді мекенге медициналық пункт қажет

599

Жамбыл облысында 95 елді мекенге алғашқы санитарлық көмек көрсететін пункт керек.

Бүгінде 44 ауылда мұндай медициналық нысан мүлдем жоқ. Дәрігер мамандар өткен ғасырдың 60 жылдары салынған ғимараттарда отырып, халыққа қызмет көрсетеді. Мамандардың айтуынша, бұл мәселені шешу үшін бірнеше жыл қажет. Қазір осы бағытта аймақта бағдарлама әзірленіп, кешенді шаралар басталды.

Тоғызтарау ауылдық округіне үш елді мекен кіреді. Осында тұратын 900-ге жуық адам осы ғимаратта ем алып, дәрігерге көрінеді. 21 ғасырдағы медициналық нысанның сиқы осындай. Бір беті медпункт, екінші жағы кітапхана. Жылытатын ошақ та, дәрі-дәрмек те, құжат- қағаздар да осы екі бөлме ішінде. Ал жазатайым шұғыл жәрдем керек бола қалса, арнайы көлік бірнеше шақырым жердегі Өрнек ауылынан шақыртылады.

Ақмарал Асанова, Тоғызтарау ауылының тұрғыны:

– Жедел жәрдем көлігі кешігетін сәттер көп. Осы мәселе шешілуі тиіс. Себебі көп науқас жедел жәрдем келгенше, жағдайы ауырлап кетеді.

Бегалы Сертеков, Тоғызтарау ауылының тұрғыны:

– Қазіргі заманға сай келмейді. Әсіресе қыс айларында өте қиын. Жол болмай қалады. Қар басып қалады. Сол кезде халық қиналып қалады. Бұл ауылда басы ауырып, балтыры сыздағандарға медициналық қызмет көрсететін дәрігер емес, жалғыз фельдшер маман. Тұрғындар оны дәрігер деп атап кеткен. Оның өзі 40 жыл бойы осы жерде жұмыс істеп, жуырда зейнетке шықты. Айтуынша, орнын басатын маман табылғанша, амалдың жоқтығынан  еңбек етіп жүр.

Сұлушаш Дунбаева, фельдшер:

– Тоғызтарауда медбике жоқ. Ауылда жұмыс істеу оңай емес.

Жалпы облыстың денсаулық сақтау саласында маман тапшылығы бар. Бүгінде өңірге 45 дәрігер маман қажет.

Марат Жұманқұлов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Маман тапшылығын жоятын шарамыз бар. Яғни біздің бас дәрігерлер жәрмеңкелерге барып, сол жердегі мамандармен келісімшартқа тұрып келеді. Мысалы, бүгінде облысқа 95 жас маман келіп отыр.

Облыс ауылдарындағы алғашқы санитарлық көмекке қолжетімділікті арттыру мақсатында арнайы бағдарлама қабылданған. Қазір облыстың 9 ауданында жалпы құны 800 миллион теңгеден астам қаражатқа 12 дәрігерлік амбулатория, 7 фельдшерлік-акушерлік және 10 медициналық пункт салынып, жуырда пайдалануға берілмек.

Марат Жұманқұлов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Жекеменшік әріптестік аясында облысымызда 29 нысанның құрылысы басталып, жылдың аяғына ел игілігіне беруге жоспарлануда.

Айта кету керек, облыстағы денсаулық сақтау нысандары интернет желісіне 92 пайыз қосылып, компьютермен қамтамасыз етілген. Бірақ әлі де қосылмаған 30 елді мекен бар. Бұл ауылдарды пилоттық жоба аясында 2019 жылы қосу жоспарда.

24.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.